ШЫРАҒДАННЫҢ СӘУЛЕСІНДЕЙ БІР ӨМІР

644

0

ШЫРАҒДАННЫҢ СӘУЛЕСІНДЕЙ БІР ӨМІР Кешегі қызыл өкіметтің қырғынында өрісін тарылтып, қонысын алдырған халқымыз тарыдай шашырап кетпеді ме? Сол алмағайып заманда ауа көшіп Ферғана жерінен пана тапқан көп қазақтың бірі Смайыл ақсақал «кеудемнен жанымды алсаң да, жүрегімнен иманымды алма» деп жайнамазын жинамаған тақуа кісі болатын. Бала-шағасы үшін туған жерінен баз кешсе де, қара басы үшін құдайсыздар қоғамына қосыла алмады. Діндарлығына қоса сауатты, араб, парсы, ортаазиялық түркі әдебиетін жақсы білген. Жібек анамыз да дәретсіз жер баспаған, бісмілләсыз сөз бастамаған жан екен.

Осы Смайыл мен Жібектен Нұртаза, Мұстафа, Әбубәкір, Жақсыгүл, Мәрия атты бес перзент өмірге келген.

Мұстафа Смайылұлы 1946 жылы туған. Соғыстан соңғы жылдары туған балалар бүтін киініп, тоя тамақ жемеді. Ересектің жүгін көтеріп, еңбекпен белі қатайған Смайылдың осы ұлы зейінді, зерек болып өсті. Әкесінің үйретуімен алты жасқа дейін-ақ арабша хат таныған ол 1952 жылы Горский ауданының Янгиабад қышлағындағы  жетіжылдық мектепке барады. Осы мектепті тәмамдап, Фрунзе ауданына қарасты Даңғара қыстағындағы 8 жылдықта бір жыл оқып, үйден шалғайда орналасқанына қарамай,  Наманған облысындағы орта мектепті интернатта жатып оқып бітіреді.

1962 жылы көрші республикаларға көшіп кеткен қазақтар атамекеннен шақыру алып, Смайыл отбасы да туған елдегі ағайындармен қайта қауышады. Олар Қызылорда облысы Шиелі ауданы «Ленин»  колхозына қоныс аударады. Ал, мектепте қазақ, өзбек, орыс тілдерінде жетік білім алған Мұстафа 1963 жылы Ташкент  политехникалық институтына оқуға ниет қылады. Түсу емтихандарын да үздік тапсырады, бірақ, оқуға түскендер тізімінде жоқ болып шығады. Сол кезде алатақиялы ағайынның «Өзбекстанды тастап көшкендер үшін бізде орын жоқ» деген  астыртын саясаты болды. Алайда, діннің асыл құндылықтарынан сусындап өскен Мұстафа бұл әділетсіздікке төзбеді. Болған жайды баяндап Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысына арнайы хат жолдады. Арада бір ай өткенде «Ташкент политехникалық институтына жетіңіз, оқуға қабылдандыңыз» деген хат келеді.

Мұстафаны институт ректоры мен факультет деканы күтіп алады. Олар ішкі тәртіпке байланысты қателіктер кеткенін айтып, 1-курстың химия-технология факультетінің «инженер-технолог» мамандығының орыс бөліміне студент болып қабылданумен құттықтайды. Әлі студент атанбай жатып-ақ, институт басшыларын алдына келуге мәжбүрлеген Мұстафаның осы бір өжет те қайсар мінезі оның әділдік үшін алыса білетін ақиқатшыл азамат екенін аңғартады.

Мұстафа студент кезінде-ақ оқу мен еңбекті ұштастырудың жолдарын қарастырады. Ташкенттегі «Темір-бетон өнімдері» зауытында өткізілген 2-курстағы өндірістік практика кезінде өзінің жан-жақты білімділігімен танылып, заводқа маман жетіспеуіне байланысты «бетон құюшы» ретінде жұмысшы болып орналасады. Осы зауытта еңбек тәжірибесін шыңдайды.

Теория мен өндірістік тәжірибені  қатар алып жүрген Мұстафа 1968 жылдың тамыз айында диплом алған кезде дайын маман еді. Сондықтан оны құрылыс материалдары комбинаты цех шебері етіп қызметке қабылдайды. Алайда, жиырма екі жастағы жігіт осы жылдың қарашасында әскери борышын өтеуге аттанады.

Міндетті әскери қызметінен соң Ташкенттегі жұмыс орны қайта шақыртады, бірақ,  көпті көрген  Смайыл ақсақал: «Балам, елге аман-есен оралдық, енді Қазақстанға еңбегіңді сіңір, осы Шиелі ауданында өсіп-өн» деп әкелік тілегін айтады.

Әке сөзін жерге тастамаған Мұстафа 1970 жылдың қаңтар айынан бастап, «Қызылордаауылқұрылыс» ТБӨ зауытына орналасып, өз мамандығына сай қызметтерге құлшына кіріседі. Көп ұзамай отбасын құрып, жаңа өмір бастайды.     

1975 жылы «Телікөл» қаракөл совхозының ашылуына байланысты совхозға прораб болып тағайындалады. Жасынан еңбек десе, екі иығын тосып тұратын Мұстафа өзінің тікелей міндеттерін атқару барысындағы аз уақытта ұжымның абыройлы мүшесіне айналып үлгереді. Оның осындай қызметке адалдығын көрген басшылар 1978 жылы сәуір айында «Бәйгеқұм» көкөніс-бақша совхозының құрылуына байланысты оны совхозға аға прораб етіп тағайындап, біраз тапсырмалар жүктейді.

Жаңа ашылған совхозға барған жас маман шаруашылықтың қалыптасып өсуі үшін шаршамай-талмай еңбек етті. Совхоздағы аурухана, балабақша, тұрғын үйлердің сызбалық жобасын күні-түні дайындап, зәулім ғимараттар бой көтерген қызу жұмыстың басы-қасында жүрді. Сол кезде салынған осы ғимараттар бүгінгі күнге дейін халықтың қызметіне жарап тұр.

Жолында жүк қалмайтын Мұстафаның іскерлігін аудан басшылығы қай жердің жұмысы ақсап тұрса, сол жерге тіреу қылды. 1984 жылдың қазан айында «Қарғалы» қаракөл совхозына аға прораб болып тағайындалып, арқасына тағы үлкен міндеттер артты. Мұстафа Смайылұлы ол совхозда да уақытпен санаспай қызмет етіп, ауылдың абаттануына зор үлес қосты.

1987 жылдың мамыр айында «Бәйгеқұм» қамыс зауыты ашылды. Осы кезде «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы жұмыс істей бастаған болатын.  Бұл өндіріс орнына  да аға прораб болып келген ол зауыттың елге қажет құрылыс материалдарын көптеп шығаруына күш-жігерімен кірісті. Қолға алынған нысандарда техникалық қадағалаушы болып, түрлі сызбаларды дайындап, бағдарламаны жүзеге асырды. Құрылыс сызбаларын дайындау үшін маманның өз нысанын жете білуі жеткіліксіз, бұл жерде оның суретшілік, мүсіншілік шеберлігінің де шешуші роль атқаратынын біле бермейміз. Нысандардың бой көтеруі мен онан кейінгі пайдалы қызметінің бастауы осы сызба жұмысынан шығады. Осыдан отыз жыл бұрын салынып, әлі күнге еңсесін аласартпаған Шиелі ауданындағы көптеген нысандар зейіні зерек Мұстафаның сызудағы дәлдік өлшемдері секілді.

1991 жылдың желтоқсан айында «Бәйгеқұм» көкөніс-бақша совхозының қайта құрылуына байланысты «Алмас» серіктестігінің директоры болып сайланады. Алайда, бір жылдан соң-ақ, совхоз таратылып, барлық кәсіпкерліктер де жабылады.

Жаңа қоғамдық құрылыс – нарықтық экономиканың алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға мойымай, өзгерістерге тез бейімделу үшін тек еңбексүйгіштік қасиет ғана алға жетелейтін. Дәл осы кезеңде талайлардың «үкімет асырайды» деп әкенің қолына қараған баладай абдырап қалғаны шын. Ал, әрқашанда ізденіс үстінде жүретін Мұстафа Смайылұлы «Бәйгеқұм» ауылында алғашқылардың бірі болып, 1993 жылдың басынан-ақ «Талапкер» серіктестігін ашып, кәсіпкерлікті қолға алды. Ол жылдары адамдардың жеке кәсіпкерлік жайлы түсінігі таяз болды. Сондықтан Мұстекеңнен ақыл сұрап келген ауыл, аудан тұрғындары аз болмады. Тіпті, жеке кәсіпкерлікті осы кісіден үйренгендер көп.

«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген, кейін жеке кәсіпкерліктен пайда тауып, былайғы жұртқа да қол ұшын созуға жағдайы жеткен ауылдастары Мұстекеңнің алыстан болжайтын ақыл-парасатына көз жеткізді.

«Әке көрген оқ жонады» деген осы, Мұстафа да өз әкесінен алған өнегесін балаларына сіңіре білді. «Мұсылманның жақсысы – саналы ұрпақ өсірген мұсылман» дейтін қасиетті дін сөзін ешқашан естен шығармады. Жеті перзентін жетелі, тәлімді қылып қатарға қосты. Балаларының бәрі жоғары білім алып, өмірдегі өзі жүрген азаматтық жолмен аянбай еңбек етті. Бүгінде мәуелі ағаштың жемісіндей Мұстафа мен Алмагүлден  тараған 2 ұл, 5 қыздан жиырма немере жайқалып өсіп келеді.

2004 жылы Мұстафаның отбасы Алматыға көшерде көршілері, ағайын-туысы ғана емес, осы хабарды естіген аудан тұрғындары да ел құлазып қалғандай қимастық сезімдерін білдіріп жатты.

2014 жылдың мамыр айында Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің кәсіби біліктілігімен, азаматтық болмысымен, адами қасиеттерімен хал-қадірінше үлес қосқан үлкен жүректі ағамыз Мұстафа Смайылұлы дүниеден өтті.

Абзал азаматтың туған жерінің төсіне ту қылып тіккен адалдығы мен асыл тұлғасы жерлестерінің жүрегінде өшпес бейне болып қалды. Отанының нар көтерер, отбасының жар көтерер жүгін арқам ауырды, қарым талды демей, ұрпағына аманаттаған кенен кісінің өмір жолы кейінгі толқын үшін шырағдандай жол табар шынайы өнеге. 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<