Сүтақы

1075

0

… Баяғыда бір жігіт азаннан кешке дейін анасы үшін бәйек болып, жүгіріп дәрет суын дайындап, тамағын аузына салып, жатса жастық, тұрса таяқ боп сүйеп, бір күні:

«Ана, айтшы, ақ сүтіңді ақтай алдым ба?» – депті.

«Шындық сұрай ма кісі анасынан,

Есалаң,

ақтамадың сүтімді – шындық керек пе, саған», – депті анасы.

Содан баласы анасын Меккеге апармақ болады.

«Желмая көп далада, дарияда көп кеме,

Қаржысы бар кісіге басқасы да жоқ деме.

Бірақ жаяу арқалап тартты анасын Меккеге…»

Қайтып келген соң, бала тағы да сол сұрағын қояды.

«Ана сатып ақ сүтін,

Мақтайды деп сені шын,

Пейіл күтіп отырсың табаныңның желі үшін…» Бұл – ана жауабы.

«Ақ сүт қарыз деседі,

Мақсұт қана жүр ұстап,

Мақсұтымды орындап, өлмек едім дұрыстап».

Жігіт анасын Меккеге екі рет апарып келіп, үшінші рет арқалап жолда келе жатқанда алдынан жабайы аңдар шығады. Жігіт шешесін бір жартасқа жасырып, өзі аңдармен алысып, ақырында қансырап өледі.

Көз жұмарында күлімдеп, тағы да сол сұрағын қояды.

«Ана, ақ сүтіңді ақтай алдым ба?»

«Бәрін емес, бір түнгі» – депті анасы.

Бұл – аңыз. Ақын Жұмекен Нәжімеденов аңыз арқылы сүтақы туралы осындай тамаша ой өрнегін төгеді.

Қасиетті кітаптарда «Ананың бір түнгі сүтін өтеген перзентке жұмақ есік ашады» дейді.

Құлының әрбір қадамына сауап жазған Алла мейрімі неткен шексіз десейші!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»