Сырдың сырбаз азаматы

1109

0

Сыр жұртшылығына белгілі, 1998 жылы наурыз айында  өңіріміздің екі іргелі жоғары оқу орны біріктіріліп, оның басшысы болып тағайындалдым. Ол күндердің маған жүктеген жауапкершілік ауқымы, мені күндізтүні ұйқыдан айырған беймаза кездері ерекше еді. Аз ұйықтап, көп ойланатынмын. Бағыттары әртүрлі екі үлкен ұжымның педагогикалық құрамын бір іске біріктіру, бір мақсатқа жұмылдыру, ортақ мүддеге бағыттау, екі жоғары оқу орнынан бір үлкен көпсалалы университет құру опоңай шешіле салатын шаруа еместі.

Шаруашылық жұмыстарын және оқу орындары ғимарат­та­­­рының жай-күйін айтпай-ақ қояйын, оқу процесін сапалы ұй­ымдастыру, педагоги­калық және техникалық мамандықтардың құ­рылымын сақтап қалып, қайта кеңейте түсу, ұтымды жолдарын та­уып, бір арнаға тоғыстыру, ежел­гі Сыр бойындағы бірден-бір мем­лекеттік жоғары оқу ордасының бі­лім беру ісін еліміздегі алдыңғы қа­тарлы жоғары оқу орындарымен те­ңестіріп, халықаралық деңгейге дейін жеткізу, тағы басқа қат-қабат кезек күттірмейтін жұмыстар жатсам-тұрсам мені толғандырған түйткілдер ретінде санама дамыл бермеді. Осын­дай сындарлы сәт­те маған тә­жірибелі маман, се­німді серіктес, ақылман әріптес, қолдаушы қанаттас, жанашыр дос аса қажет еді. Кімді таңдаймын, кімге сенім артам, кімнен қолдау таба алам? Әрине, мұндайда іс­керлігіне, жауапкершілігіне өзім­нің көзім жеткен, алдымда үл­кен­дігімен де, ғалымдығымен де үлгі бола біл­ген ұлағатты ұс­таз Серікбай Иман­байұлына үміт артып, оқу ісі жөніндегі про­ректор қызметіне тағайындап, уни­вер­ситеттің жауапты саласын се­ніп тапсырдым. Мұным өте дұрыс, орынды шешім болды.

Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университеті бо­лып құ­рылған жоғары оқу ор­ны­на оқу ғи­мараты етіп беріл­ген бұрынғы Мем­лекеттік тергеу комитетінің үлкен ғи­ма­ратын оқу процесіне бейімдеп қайта жаб­дықтау, аудиториялар, қа­жет­ті ка­бинеттер ашу, әкімшілік-бас­қарушы персоналға, құ­ры­лым­дық бөлімшелерге қажетті ка­­би­­неттер жа­сау жұмыстарымен қатар, оқы­тушы-профессор құра­мын, қызметкерлерді лайықты таңдап, іріктеу, студенттердің бі­лім алуына толық жағдай жасау жұмыстарын жедел әрі ұтымды атқару күн тәртібінде тұрды. Осы істердің бәрінде тәжірибелі әріптес, ға­лым ұстаз С.И.Қошқаровтың өмір­лік, ең­бек тәжірибесіне арқа сү­йеп, ақыл-кеңесіне құлақ асып, ше­шім қабылдадық. Оның үстіне біз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді үлгі тұтқан ал­дымыздағы ұлағатты әке-аға­лар­дың, үлкендердің ұсынысын тың­дап өскен келелі ұрпақтың өкілі екеніміз шындық. Осылайша, қа­тар жүріп, уақытпен санаспай уни­верситетті жаңа белеске көтеруге бірге еңбек еттік. Жоғары білім ордасының халықаралық және ұлттық дең­гей­лерде жоғары рей­тингке қол жет­кізуі біздің иық тіресе жү­ріп атқарған еңбегіміздің нәти­жесі. Сол жылдарда жоғары оқу ор­нының қа­лыптасып, даму­ын­да, өсіп-өр­кен­деуінде бес жыл­­дан аса бірінші про­ректор лауа­­зымында қызмет ат­қарған Се­­­рікбай Иманбайұлының қол­таң­­­­басы, үлкен үлесі жатыр. Менің бас­шылық тұғырдағы бас­та­ма­ларыма қолдау жасап, қам­қорлығын көрсет­кен Серікбай ағаға ілтипатым ерек­ше. Кейін университет жанынан ашыл­ған Экология және су шаруа­шылығы жөніндегі ғылыми-зерт­теу инс­титутының директоры, су ша­руа­шылығы және жерге орналастыру кафедрасының меңгерушісі қыз­мет­терін абыроймен атқарды.

…Өткен күндерден белгі көп. Бірге жүрген күндер біліндір­мей бі­раз асулардан өткізіпті. Бұл күнде ғұмырының жетпіс бе­сін­ші белесіне жетіп отырған ғалым-ұстазбен таны­сып, бірге келе жат­қанымызға қырық жыл­дан аса уақыт болды. Алма­тыдан В.И.Ленин атындағы Қаз­­ПТИ-ді (қа­зіргі Қ.Сәтпаев атын­­дағы Ұлттық техникалық уни­вер­ситет) үздік бітіріп, 1980 жылы атбасын туған жерімдегі Жамбыл гидромелиоративтік құ­рылыс институтының Қызыл­орда филиалына тіреген алғаш­қы күннен бастап Серікбай Иман­байұлы Қошқаровпен бірге келе­міз. Сол кездер әлі есімде. Инс­титутты үздік бітіріп, жоғары бі­лімді маман атанып, елге келген менің алдымда үлкен мақсаттар, із­гі армандар тұр еді. Алға қойған жос­парларымды іске асырсам де­ген үмітпен елге келгенмін.

Филиал директоры У.Қ.Бишім­баев­пен жақынырақ танысып шық­қан соң, аспирантураға кеткелі тұрған Н.С.Бажиров (филиал ди­­рек­торының ас­систенті) мені ізіне ертіп, жұмыс орным­мен та­ныстырды. Себебі, У.Қ.Бишім­баевтың ендігі ассистенті мен болып тағайындалдым. Филиалды аралатып, бәрін көрсетіп шықты. Нұрлыбек Сайфуддинұлы фи­лиалда ассистент бола жүріп, қа­былдау ко­миссиясының хатшысы қызметін де атқарған, филиал ұжы­мында нәтижелі жұмысымен өзінің орны бар маман екен. Сол күні фи­лиалда қалыптасқан дәстүрге сәй­кес Нұрлыбек Сайфуддинұлын аспи­рантураға шығарып салуға жиналдық.  Осылайша, жұмысқа кі­ріскен алғашқы күні-ақ өзімнің болашақ бірге жұмыс істейтін оқу орнымның белгілі ұс­таздарымен бірінші рет жүздесіп, жақын та­ныстым.

Арнаулы пәндер кафедрасы­ның меңгерушісі, филиалдың кә­сіподақ ко­митетінің төрағасы Серікбай Иман­байұлы Қошқа­ров, физика-мате­ма­тика ғылымда­ры­ның кандидаты, фи­зика-мате­ма­тика кафедрасының мең­ге­­ру­шісі Бақытбек Сисенов, жал­­пы ин­женерлік факультет деканы Тұр­­лыбек Өтешұлы Ысқа­қов, теориялық механика кафед­ра­сының меңгерушісі Керімжан Сейт­жанұлы және Ысқақ Қар­қынбаев ағаларыммен танысып, алғашқы жұмыс күнімнің осындай сәтті басталғанына көңілім толып, толқып та, мерейленіп қалдым. Ме­нің ұстаздық тәжірибем жоқ, институтты кеше ғана бітірген жаспын, дастархан басындағы­лар­дың бәрі дерлік жас­тары менен біраз үлкен, ғылыми дә­режелері бар, оқыған-тоқыған аза­маттар. Фи­лиалдың табалдырығын ат­та­ғаннан-ақ алдымнан осындай ғы­лым кандидаттары шығып, со­лар­дың ортасына түсіп, келелі әңгіме­лерін тыңдау маған үлкен әсер етті.Сондықтан болар, өне­гелі өріс ашқан жандар мен үшін әрқашан құрметті.

1987 жылы Серікбай Иманбай­ұлы филиалдағы гидромелиорация фа­культетінің деканы болды. Ме­ханика  факультетінің деканы – Серік Тойым­ұлы Әбдрахманов. Ал құрылыс фа­культетінің деканы Қазыбай Құдай­бергенов, оның орынбасары мен бол­дым. Осы үш факультет ара­сын­да барлық жағынан нағыз қызу бәсе­келестік жүріп жататын. Жарыса жүріп жұ­мыс атқардық. Серікбай аға факультет деканы ретінде спорт дейсің бе, көркемөнерпаздар бай­қауы дейсің бе – бәрінің жанында өзі жүретін. Міне, сонау шақтардан қойын-қолтық жүріп, қызметтес әрі алдымыздағы ақылшы аға болып келе жатқан Серікбай Иманбайұлының жо­ғары білім беру ісіндегі барлық жетістіктері, өсу-өрлеу жолы көз ал­дымызда.

Филиалдың дербес институтқа ай­на­луында қаншама қажырлы ең­бек жатыр?! 1990 жылы 15 қара­шада Қы­зылорда агроөнеркәсіп ин­же­нер­лері институты Жамбыл гидро­мелио­ративтік-құрылыс инс­­ти­­тутының фи­­лиалы негізін­де ашылсын деген ше­шім қа­был­­­­данды. Ұс­тазымыз, ака­де­мик Уәлихан Қозыкеұлы Би­шім­­баевтың қажырлы, зор ең­бегі­нің нә­­ти­жесінде Сыр өңірін­­де өз алдына дербес аграр­лы-тех­никалық жоғары оқу орны ашылды. Оның игілігін сырбойы­лық мыңдаған жастар көрді, әлі де көріп келеді. Заманауи үлгіде жаңа оқу-зертханалық ғимараттар кешені салынды, оны қазір №5 оқу ғимараты деп атайды. Осы қызу тір­ліктің ортасында әрқашан Серікбай аға жүрді. Оның әріп­тестермен де, шәкірттермен де, үлкенмен де, жас­пен де тіл табыса білетін көпшіл қасиеті өзін үлкен құрметке бөледі. Маңайына адам­дарды топтастыра бі­летін, сөзін тыңдата білетін ғалым-ұстаздың абыройлы болуы заңды.

Серікбай Қошқаров – Қазақ­стан­­ға, облысымызға белгілі су ша­руа­шы­лығының жоғары білікті ма­маны. Сыр бойының су мәселесі қашаннан күрмеулі. Жауын-ша­шыны аз, жазы ыстық әрі құр­ғақ өлкеміздің іргесінен ағып жатқан бір кездегі асау өзен – Сырдарияның кейінгі тапшы суын егістік шаруашылығына тиімді пай­далану, ұқыппен тұтыну, үнемдей білу, топырақтың құнарлылығын арт­тыру жергілікті ғалымдарды, су ма­мандарын толғандырған мә­селеге айналды. Сондай ғылыми бағытта ұзақ уақыт ізденіс жүр­гізіп, зерттеу жұмыстарымен ай­на­лысу нәтижесінде Серікбай Иман­байұлы 1997 жылы «Сыр­да­рия өзенінің төменгі ағысын­да орналасқан суармалы ал­­қап­­­тардың экологиялық-мелио­ра­тивтік режимде­рін реттеу» та­қы­­рыбына Мәскеу мем­лекеттік гид­­ро­мелиорация инс­ти­ту­тының ректоры, академик Алек­сандр Иванович Головановтың кеңес­ші­лі­­гімен докторлық диссертация қор­ғады. 

Серікбай Иманбайұлы туралы бұ­ған дейін де көп жақсы сөздер ай­тылып, ғылыми-педагогикалық еңбек жолына арналған мақала­лар жазылды. 2017 жылы «Фо­лиант» баспасынан  «Ғиб­ратты ғұмыр» сериясымен «Серікбай Иманбайұлы Қошқаров» атты кітап жарыққа шықты, оның ре­дакциялық алқасына өзім төр­ағалық еттім. «Жақ­сының жақсы­лығын айт, мерейі тасысын» дегендей, ғалым-ұстаз ту­ралы әріптестерінің, шәкірттерінің, дос­тарының жүрекжарды жылы ле­біздері Серікбай ағаның азамат, ға­лым, ұстаз, ардақты аға, се­німді әріп­тес ретінде бейнесін жарқырата көрсетті.

Қызметтен тыс уақыттағы аға-іні­лік сыйластығымыздың да орны бөлек. Ұлы Отан соғысының арда­гері, Социалистік Еңбек Ері, ауылшаруашылық саласының көр­некті ұйымдастырушысы, ар­дақты әке­міз­дің 90 жылдығын атап өту аясын­да 2016 жылы күзде Сырдария, Жа­лағаш аудандарында іс-шаралар ұй­ымдастырылып өт­­кізілді. Атақо­ныс Аққұм ауыл­ында әкеміз бен ана­мыздың рух­тарына бағыштап ұр­пақтары бір­шама мерейтойлық ша­ралар өткіздік. Еңселі тұғырға ар­дақты әкеміздің мүсіні орнатылды. Өз кәде-жоралғысымен ата-ана рух­тарына бағыштап ас бердік. Соны­мен қатар ауыл халқы үшін арнайы әлеуметтік нысандар (монша, ип­по­дром, дәріхана, тойхана) құры­лысы аяқталып, пайдалануға бе­рілді. Мұн­дай үлкен шараға жан-жақтан ша­қырылған меймандар саны аз болған жоқ.

Осы шараларды абыроймен аяқ­тап, дүйсенбі күні жұмыс ба­рысында жоспарланған уни­вер­ситет мәжілі­сінен кейін Серікбай Иманбайұлы жа­ныма келіп, қо­лымды қаттырақ қысып тұрып, екінші қолымен арқамнан қайта-қайта қағып: «Ата-анаңа жаса­ған қызметіңе ризамын!» деді. Аға­ның осындай өзіме деген ыстық ықы­ласынан көңілімде ерекше рухани күш беретін серпіліс пайда болды.

Анда-санда, өте сирек, өзінің ри­зашылығын білдіргенде әкем мар­құм арқамнан осылай ала­қанымен қағатыны есіме түсті. Толқып та кет­тім. Және мұнымды сездірмеуге тырыстым. Өзімнен бір мүшелдей жас үлкен Серікбай ағаның осы іс-қимылымен көр­сеткен ықыласын әке­лік ықы­ластан кем қабылдаған жоқ­пын. Бұл сәт адам көңілінің кілті аспанда емес екенін тағы бір дә­лел­дегендей болса керек. 

Серікбай Иманбайұлы – бәй­те­ректей жайқалған шаңырақтың иесі. Қызмет барысында өз орнын тауып, еселі еңбегімен құрметке бөленген ардақты азамат, белгілі ғалым отбасының да шуағына, берекелі бірлігіне кенелген ота­ғасы. Өмірлік серігі Рабиға апай екеуі – білімді, тәрбиелі ұрпақ өсір­ген аяулы ата-ана. Ел алдында жүрген азаматтың жанында сенімді жансерігі бола білген Рабиға апай – жаны жайсаң, өн бойынан ізгілік, кішіпейілдік нұр шашып тұратын ибалы, сабырлы жан. Ата-аналарының сенімін ақтаған ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапқан елге белгілі азаматтар, бір-бір отбасының басшылары. Бұл тұрғыдан алғанда да Сәкең – бағы жанған, жолы болған ардақты азамат.

Оның жоғары білім саласына қосқан үлесі лайықты бағаланып, «Құр­мет» орденімен, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» ме­рекелік медалімен, Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Рес­публикасының бі­лім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы бі­лім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғы­лы­мын да­мытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Қызылорда об­лысының Құрмет грамотасымен марапатталып, мерейі үстем бол­ды. Серікбай Иманбайұлының жаңа ғұ­мыр белесіне жеткен тұ­сында іні­лік, әріптестік ізгі ле­бі­зімді тағы бір жеткізу маған да үлкен рухани мәртебе, мерейлі парыз.

«Ақыл – ағадан, ілтипат  – іні­ден» деген ұстаныммен арадағы сый­лас­тығымыз әрқашан жара­сымды жалғасын тауып, шуақты күндерді бірге қарсы ала берейік.

Мерейлі абыз жасыңыз құтты бол­сын, ғалым-ұстаз, ардақты аға!

Қылышбай БИСЕНОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<