Теміржол тарихының тағылымы

1550

0

Тоғыз жолдың торабында сұлу қыздың қос бұрымындай төгіліп жатқан Қазалы ауданының теміржол саласының тарихы тым тереңде. Ел экономикасының «күре тамыры» саналатын бұл саланың стратегиялық маңызы, ел алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.

Жазиралы даланы қиып өтіп, батыс пен шығысты байланыстырып жататын «Орынбор-Ташкент» магистралының да халықтың игілігіне берілгеніне ғасырдан асты. Сол 1905 жылдан бері ел-жұртқа игілігін көрсетіп келеді. Ел тарихындағы бұл алғашқы темір жолдың аудан үстінен қиып өтетіні қазалылықтар үшін де зор мәртебе.

Аталған кезеңнен бастап мұнда түрлі вагон жөндеу зауыттары мен деполар, теміржол айналасындағы цехтар жұмыс істеуде. Онда мыңдаған қазалылықтар тер төгіп, ырзық-несібелерін осы саладан теріп жеп жүр.

«Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуына байланысты Қазалы жерінде өзге этнос өкілдерінің көптеп қоныстануы, теміржол торабының нығаюына ықпал етті. Қазалыға Еуропа мәдениеті мен Ресейдің революциялық рухтағы саясатын алып келді. Қазалы паровоз депосында бірінші болып социал-демократиялық РСДРП тобы құрылды. Аудандағы партия ұйымының тарихы да аталған үйірмеден бастау алған. Алғашқы жылдары депода 90-ға жуық адам болды. Олар жүк және жолаушылар тасымалымен қатар паровоздың «О», «У» кейін «НВ» және «С» серияларын жөндеді.

Соғыстан кейінгі онжылдықта прогрессивтік тарту күшіне өтумен қатар, жаңа техниканы игеру мен жаңа технологияны енгізуде депо ұжымы ауқымды істер атқарды. Жөндеу цехтарында үлкен қиыншылықтар кездесті. Тепловоздың жаңа түрін игеруде депоның және теміржолдың жас тепловоз мамандары біліктілік көрсетті. Ұжымға Мәскеу, Ташкент институттарынан және де басқа оқу орындарынан тепловоз мамандары көптеп келе бастады. Уақыт өте ТЭ-3 сериялы қуатты магистралды тепловоздарын пайдалануға көшкеннен кейін, депо көтерме жөндеу жұмыстарымен айналысты.

Осылайша Қазалы локомотив депосы Қазақ темір жолындағы ірі тепловоз депосының жөндеу базасына айналды. Бұл экономикамыздың ілгері басуының, бүкіл елдің даму жолына түсуінің де басы болатын. Кезінде ел болып жұмылуының арқасында тарих беттеріне тың өзгеріс әкелген теміржол құрылысының қарқыны басылмады.

 Тәуелсіздікке қол жеткелі теміржол торабында елеулі өзгерістер байқалды. Әрбір мекеменің құрылымы қайта өзгеріске түсті. Алда нарық заманына бейімделу міндеті тұрды. «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында қосымша жұмыс орнын ашып, жөндеу мен өндірісті шоғырландыру, тепловоздарды жөндеуде өндірістік қуатты дамыту мақсаты алға қойылды. Қазалы локомотив депосы, «Теміржолмашжөндеу» еншілес мемлекеттік кәсіпорынның филиалы ТЭМ-2 сериялы маневрлі тепловоз жөндеу зауыты болып қайта құрылды. Теміржол құрылымындағы өзгерістерге қарамастан ұжым мүшелерінің кәсіби шеберлігі нәтижесінде жұмыс ұтымды ұйымдастырылды. Осы кездері жаңа технологияларды өндіріске енгізіп, тиімді пайдалануының арқасында кездескен қиындықтарды ауызбіршілікпен жеңіп келеді.

Қазалы тепловоз жөндеу зауыты Қазақстан теміржолындағы өзге зауыттармен салыстырғанда өзіндік орны бар ірі өндіріс. Қазалы маневрлі тепловоз жөндеу зауытының базасында заңды тұлға «Дәулет А» акционерлік қоғамы, 2010 жылдың қаңтарынан бастап «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы Қазалы локомотив жөндеу зауыты болып қайта құрылды.

Бүгінгі таңда шойын жолдың бойында құж-құж қайнаған тіршіліктің жандануына белгілі теміржол саласының басшылары Нұрлан Әлмағанбетов, Талғат Әліпбаев, Арғын Орынбаев, Аманкелді Құсанов сынды білікті басшылар зор үлестерін қосып келеді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<