Ұлты ұлықтаған ұлы тұлға

2022

0

Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Ұлт руханияты жəне Т.Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті.

Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, ҚР ҰҒА академиктері, зиялы қауым өкілдері, мемлекет қайраткерлері, сонымен бірге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Халықаралық «TURKSOY» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысты.

Жиында ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің тартысқа толы тағдыры, қазақ халқы үшін атқарған еңбегі туралы тың зерттеулер айтылды.

–Халықаралық «TURKSOY» ұйымы 2023 жылды түркі әлеміндегі Темірбек Жүргенов жылы деп жариялады. Мерейтой жылы ауқымды шаралар ұйымдастырылып, Анкарада, Астанада Темірбек Жүргенов туралы кітаптардың таныстырылымы өтті. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Қызғызстанда ұлт қайраткері туралы іс-шаралар өткізілмек. Биыл Түркияда қазан айында «Нарком Жүргенов» қойылымының премьерасы болады, – деді «TURKSOY» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.

Конференция барысында Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабының тұсаукесері өтті. Романда Темірбек Жүргеновтің өмір жолы, өскен ортасы, ел игілігін көздеген жанқиярлық еңбегі, қуғын-сүргінге түскен отбасының ахуалы суреттелген.

Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапханасында «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» тақырыбында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев, «Арыс» қорының президенті, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Әнес Ғарифолла, Мемлекет тарихы институты директорының міндетін атқарушы, ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, «Комиссар Жүргенов» кітабының авторы, жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Қ.А. Яcсауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Хазіретәлі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Иманғалиев, Түркия Республикасы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Кенан Коч, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсатов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жанбершиева, «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева мазмұнды баяндама жасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<