Ұстаз жолы

711

0

Тағдыр қалаған пендесіне өмір бойы ұстанатын жол-жобаны о бастан бұйыртады деген сөз бар. Солай болып жатса адам баласы өз болмысында күрделі де, тыңғылықты істерді барынша мол атқарып, айналасына, ұжымына, қоғамға болымды, салмақты іздер мен істер қалдырады. Осылай болғанда жас маман алғашқы қадамдарынан өзінің өмір бойы атқаратын басты ісіне жас кезінен-ақ ден қойып, соған тікелей араласып, осы бағытта тезірек айтарлықтай ізденістер жасап кейінгі маңызды істеріне мол негіз боларлықтай іргетасын қалауы әбден мүмкін. Өйткені, мұндайда ол азамат өмірдің түрлі кезеңдерінде онша маңызды емес қосалқы шараларға мойын бұрмай, негізгі мақсатты көздеп басым тірліктер жасайды.

Қолыма түскен Қадиша Ермақашқызының өмірдерегін оқып, саралай отыра осындай тұжырымғакезіккендей болдым. Ұлы Жаратушы сүйген құлына ұзақ ғұмыр, берекелі несібе мен қызмет береді деген де сөз бар. Ендеше, біздің ойымызша, осы кісі сондай адам. Абыройлы, бақытты ұзақ өмірінің соңына дейін дерлік бұл азаматша өзі бітірген Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында, кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметін мол абыроймен атқару мүмкіндігіне ие болыпты.

Есіме тарих қойнауына көшкен ғасырдың сексенінші жылдары түседі. Жетпіс алтыншы жылы Қызылордада ашылған Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты филиалына жетпіс сегізде оқытушылық қызметке келдім. Одан соң шамалы өткесін факультет деканы қызметі бұйырды. Оның алдында оншақты жыл ғылыми-зерттеу мекемесінде ізденістер жасап, кандидаттық диссертациямды қорғаған едім. Факультет деканына мол салмақты міндет пен жұмыс ауатыны белгілі. Казір тәрбие ісін ұйымдастыру жұмысынан азды-көпті хабарым болуы мүмкін, бірақ, сол кезде менің  жанымдағы оқытушылар мен студент –жастарды ұтымды тәрбиелеу жолы мен әдісін жеткіліксіз меңгергенім айдай анық еді. Не істеу керек, неден бастау қажет?.. Осы сұрақ менің және менімен бірге жүрген оқытушылардың ойында ылғи тұратын еді. Сол кезде отыздан жаңа асқан кезім болса, қарамағымдағы оқытушылардың басым көпшілігі жоғары оқу орнын кеше ғана бітірген талапты жастар болатын. Осы түйінді мәселені шешу мақсатында қаламыздағы іргелі жоғары оқу орны- Н.В. Гоголь  атындағы педагогикалық институтына бардым. Танитын әріптестеріммен ақылдастым. Көмек сұрадым. Олар «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі Қадиша Ермақашқызына бар,-деді.

Бұл Қадиша Ермақашқызын алғашқы мәрте көріп танысуым еді. Кабинетіне ендім.Жылы қабылдады. Бұйымтайымды айттым. Факультет оқытушыларына, оның ішінде алдымен маған, жастармен тәрбие ісін атқаруда әдістемелік көмек көрсетуді өтіндім. Ол кісі бірден келісімін берді. Сөйтіп, көп ұзамай Қадиша Ермақашқызы біздің ғимаратқа ат басын тіреп, факультет оқытушыларының алдында жастармен тәрбие жұмысын атқарудың қыры мен сырын түбегейлі ашып-жайып салды.Бұрын хабарымыз кем көп жағдайларға қанықтық, жастар жүрегі мен көңіліне жол салу әдістерін үйрендік. Сөз жоқ, бұл бізге сол күрделі кезеңде берілген үлкен көмек болғаны рас.Бұл тек менің ойымда қалған Қадиша Ермақашқызының игілікті ісі. Ал, менің білмейтінім қаншама?..Ендеше, аңдап қараса, Қадиша Ермақашқызынан педагогика сырын мен сияқтыүйренгендер тіпті аз емес шығар. Осыны бұл кісінің елу жылдық қажырлы ұстаздық еңбегі кезінде алдынан өткен, күнделікті жанына келіп ақыл-кеңес сұраған сансыз мамандар легі растай алса керек.

Қаланың екі жоғары оқу орны тоқсан сегізде біріккеннен бері Қадиша Ермақашқызымен тығыз әріптестік байланыста болдық. Жиі өтетін оқытушылардың жиыналысы болсын, Ғылыми Кеңестің мәжілістерін де болсын, жеке кездесулер де болсын, ол кісі әрдайым талқыланып жатқан  мәселеге қатысты жеке пікірін айтудан тіптен де жалықпаған да, шаршамаған да еді. Сөйтсек, осының барлығы бұл кісінің ортақ іске, жастардың тәрбиесіне деген мол жанашырлығы негізінде орын алғанын енді түсініп жатырмыз ғой. Мұның екінші жағын да ескере кеткен жөн шығар. Бұл осы кісінің жоғары оқу орны мәселелерінің түйінді, шешуші тұстарын жан-жақты терең білуінде де жатқан болар.

Хадиша Ермақашқызы екі дәуірдің азаматшасы. Бұл кісі өмірінің көпшілігін Кеңес дәуірінде өткізген десе де болады. Ол бір әр ұлттың өз құндылығын зерттеп білуі барынша күрделі болған уақыт еді. Соған қарамастан Қадиша Ермақашқызы ойы мен санасына бабалар өнегесін молынан сіңіріп, ұлттың қасиетті құндылықтарын барынша бағалай білген белгілі ғалым болып қалыптасты. Осыған дәлел ол кісінің көп жылғы ғылыми ізденістерінің негізінде «Қазақ этнопедагогикасындағы  отбасы тәрбиесі» кітабын жарыққа шығаруы. Бұл көрнекті еңбек оның ұлттық этнопедагогика ғылымына қосқан мол үлесі болды. Осыған талантты ғалым бірден келе қойған жоқ. Ол 1957 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Орыс тілі және әдебиет» факультетін бітірген.

1957-1965 жылдары Қызылорда қаласындағы қазақ орта мектептерінде орыс тілі пәнінің мұғалімі, директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1966-1968 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің партиялық-ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, партия кадрларының білімін жетілдіру курсының жетекшісі қызметтерінде болыпты.

Мына мәселеге көңіл аударсақ, көп нәрсені байқауға болады. Жоғары оқу орнын бітіргесін талапты жас бірден қайнап тұрған тәрбиелік істің нақ ортасыаймақ бас шаһарының орта мектептеріндеқазақша тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге орыс тілін үйретті. Бұл, әрине жас маманға оңай болған жоқ, осы жолда оған талай қиыншылықтар мен кедергілер кез болды. Бірақ, осының бәрін алдына биік мақсат қоя білген қазақтыңқызы жеңе білді, әріптестер ықыласына бөленді. Осыған дәлел бұл кісінің көп ұзамай мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылағаны. Қадиша апамыз ауылда туып – өсіп, ұлағатты ата-ана тәрбиесін көріп, қазақ ұлты өнегелерін бойы мен санасына мол сіңіре білгенінде сеніміміз мол. Өйткені, ұлттың қасиетті, қадірлі өнеге-үрдісін жастайынан көріп, сол ортада өсіп, тікелей көрген адам ғана өсе келе сол бағалы, құнды дүниені өмірінің негізгі бағыты етіп таңдауы мүмкін.Ендеше, осы кісі солай жасады да.

Қадиша апамыз бен Аяш ағамыз екі ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелепті. Үлкен ұлдары Ғазиз ата-ана жолын жалғап, пединституттың жаратылыстану факультетін бітірісімен Армия қатарына алынады. Сол заманда қызып тұрған БАМ-ның құрылысына қатысады. Ерекше еңбегі ескеріліп, ол БАМ-ның құрылысы үшін» атты медалімен марапатталады. Одан соң Қызылорда қалалсы санитарлық-зпидемиологиялық стансасында биолог қызметін атқарған. Қазір зейнетте. Екінші ұлдары Ғабит өңірдің сол кездегі бетке ұстар саласының мамандығын таңдапты. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты гидротехникалық құрылыстар факультетін бітіріпті. Ол Қызылорда суармалы алқабының құрылысына мол еңбегін сіңірген азамат. Казір мұнай компаниясының белді маманы. Қыздары Роза ата-ана ізін жалғастырған экономист, ғалым-ұстаз. Соңғы уақытта мамандар дайындауда үштілділік басымдық алып келе жатқаны белгілі. Осыған байланысты университеттің білімді ұстаздары ағылшын тілінде дәріс беруді әдетке айналдырып жатыр. Сөйтіп, біздің іргелі оқу ордасын жоғары халықаралық деңгейге көтеруде. Міне, сондықтан, Роза Аяшқызы осындай жоғары білікті ұстаз. «Анасын көріп, қызын бағала» деген сөз осы шығар.

Қадиша Ермақашқызының ерен еңбегі әрдайым лайықты бағаланып отырған. Ол жоғары оқу орнындағы қызметтері барысында КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері,Қазақстан Республикасының оқу ағарту ісінің үздігі. Бүкілодақтық Білім қоғамының «За активную работу»төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет Грамотасымен, КСРО педагогикалық ғылым академиясының Құрмет Грамотасымен, Қызылорда облыстық мәслихатының Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, Ы.Алтынсарин  атындағы алтын медалімен марапатталған.

Тоқсан жылға жуық тарихы бар Қорқыт Ата атындағы өңірдің басты да, іргелі жоғары оқу орнында әр кезеңде көп азаматтар ұстаздық қызмет атқарды, әрине. Солардың арасынан бүгінгі жүрген ұстаз қауымының қайырымды, ұлағатты есінде өмірінің барынша көп кезеңін ең бір асыл да, бағалы да, қасиетті де іске бой ұрған, жастар тәрбиесіне барлық таланты мен талабын, бойындағы мол білімі мен білігін арнаған болымды, ардақты тұлғалы ұстаздар орын алады. Бұл азаматтар қиындығы мол тәрбие ісіне бас ұрып ұйыды, болашақты қамдайтын жастарды тәрбиелеуге күш-жігерін аямады, өн бойы өмірге ыстық үмітпен қарайтын жастардың қасынан әрдайым табылды. Сөйтіп, олар жастардың маңдай алдында тұрған үлгі-өнегесіне айналды, өндіріске солайымен қойып кетіп, кейде күрделі қиындықтар кезіккенде қайтып оралып ақылдасар серігі бола білді бұл азаматтар. Бұл азаматтар казір өздері жоқ болғанмен, олардың айтқан өнегелі сөздері мен атқарған ұлағатты істері кейінгі ұрпақ жадында қала береді. Ендеше, саналы ғұмырының елу жылдан астам уақытын осы қасиетті іске арнаған Қадиша Ермақашқызы сол ардақты азаматтардың арасынан табылары даусыз.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы  Қызылордауниверситетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<