Взвод командирі

657

0

 Фашизм мен Кеңес Одағының соғысы біздің бейбіт өмір сүріп жатқан халқымыздың шырқын бұзды. Әрбір отбасы қайғы-қасіретке душар болды. Дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс, миллиондаған қыршын азаматтарымыздан айырды. Соғыстың зардабын, қайғы-қасіретін жазып та, айтып та тауысу мүмкін емес. Әңгімемізге арқау болған Бейсенбай Қожамбетов Қараөзек станция­сына жақын «Айнакөл» елді мекенінде дүниеге келген.

Жетіжылдық мектепті бі­тіріп Шымкент облысы Қап­ланбек елді мекеніндегі ауыл­шаруашылық техникумын ой­дағыдай тәмамдап, сол тех­никумның қосалқы шар­уа­шы­лы­ғына мал дәрігері ма­мандығы  бо­йынша жұмысқа орналасады. 1934 жылы Арыс қалалық әскери комиссариаты оны Кеңес армиясы қатарына шақырып, Отан алдындағы 3 жылдық  борышын өтеуге Түр­кі­менстан Рес­пуб­ликасының Кушка қаласына аттандырады.

Кушка қаласындағы әскери маман даярлайтын «Полк мектебінде» дәріс алып, аға сержант шенінде 1937 жылы әскери міндетін өтеп, Шымкентке қайта оралады. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ауыл шаруашылығында мамандығы бойынша қызмет етеді.

Бейсенбай ағамыз соғыс басталысымен әскерге алынып № 2 атқыштар полкінің взвод командирі лауазымында Сталинград шайқасына қатысуға жіберіледі. Данқты №62 армия құ­рамында қаланы қорғау және жауға қарсы шабуылдар жасап, жаудың ірі стратегиялық тобын талқандау жолындағы жауынгерлік жос­пар, қи­мылдарға қатысады. Кес­кілескен шай­қастардың бел ортасында болып неміс-фа­шистердің қорғаныс шеп­терін бұзып, ерлікпен көзге түседі.

Қарша бораған оқ пен от ортасында мұз жастанып, қар жамылып, күндіз-түні  ұйқысыз жүріп, жасаған ерен  ерлігін оның майдандасы талсуаттық белгілі ұстаз Сардарбек Нұр­мағанбетов інісі Мұса, ұлы Есентай және жиені Таубай Баратовқа айтып беріпті.

Майдангер ағамыздың жа­уынгер туралы айтқанын оқыр­мандарға таныстырайық.

«1943 жылы №353 атқыштар полкі­нің взводын басқара жүріп, қарсы жақтың майдан шебін барлау да Бейсенбай ағамыздың еншісінде болды. Жауға қарсы жауапты шабуыл, тойтарыс беру ұрыстары алдында барлау жұмыстарын нақты деректер әкелуді оған тапсыратын еді. Полк командирі дәйекті мағлұматтарын асыға күтетін. Бірде жау қоршауында қалған 300 жауынгерді өзінің 17 взвод жауынгерлерінің кү­шімен аман-есен қару-жарағы, құрал-жабдықтарымен алып шықты. Әрине, марапатсыз қал­ған жоқ. Бұл ерлік барлау жұмысына және сақтыққа жіті мән бергендіктен мүмкін болды. Орыс-қазақ тілдерін білуі, жер бетінің географиялық рельефін бір коргеннен жадына ұстауы, Отанын жан-тәнімен сүйген патриоттық қасиеті де көмектесті. Тағы бір қасиеті тапсырмаға мән беріп, өзіне жауапкершілік қабылдауы еді. Мұн­дай қасиет, талант жауынгерге де, соғыс барлаушысына да ауадай қажет-ақ.

Бейсенбай ағаны №47 ат­қыштар дивизия командирі, генерал-майор Черноус жо­ғары бағалап, соғыс өне­рінің тактикасын жетік білетініне ризашылығын білдіруші еді.

Ол басқаратын атқыштар взво­ды Витебск, Шяуляй, Невель қалалары үшін болған шайқастарда да жау шебін ойрандап, талай рет күйрете соққы берді. Тағы бір айта кететін жайт – атқыштар рота командирі ретінде Бейсенбай аға 1943 жылы Псков облысы Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста ерлікпен қаза тапқан қазақ қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованы ақтық сапарға шығарып салу қазалы рәсіміне қа­тысқан. Сол сәтті өкінішпен еске алушы еді. Б.Қожамбетовтің Отанын қорғауда көрсеткен ерліктері үшін Совет Одағының батыры атағын беру туралы 1944 жылы жоғарғы басшылыққа ұсыныс жасалған».

Сардарбек полк комсомол ұйымының жетекшісі ретінде ұсынысқа қол қойған. Оның қолдау таппағанына қынжылып, балаларына соңына түсіңдер деп те тапсырыпты.

Айта кету керек, шовинистік көзқарас майданда да болғанын ешкім жоққа шығармайды. Мұ­ның салқыны Халық қаhар­маны Бауыржан ағамызға  да тиді ғой.

Кеңес жауынгерлері Отан үшін, елі үшін, халқының бола­шағы үшін ешқандай ұлтқа бөлінбей, бір­кі­сідей соғысқа кірісіп, Жеңіс күнін жақын­дат­ты. Бірақ сол жауын­гер­лері­міздің ерен ерлігі әлі де болса ескерілмей, боздақтар атаусыз қалып отыр. Оның басты себебі – артында іздеушісі не ұрпағы жоқ. Екіншіден, ұрпағы бар­лардың енжарлығы басым. Үшіншіден, соғыс ардагерлері азайып, көзден де, көңілден де кетіп жатыр. 

«Қызыл жұлдыз» ордені, «Отан соғысы» ІІ дәрежелі ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы да басқа орден-медальдар иесі Бейсен­бай Қожам­бетов ағамыздың жауын­гер­лік жолы мен ғибратты ғұ­мыры ұрпаққа үлгі. 

Ұлы Отан соғысының жеңісі  Кеңес армиясы жағына ауған 1944 жылы ол Чехословакия жерінде шегініп бара жатқан неміс басқыншыларының қар­­ша бораған оғынан ауыр жа­ра­қат алады. Әуелі майдан госпиталінде, содан кейін Мәскеу қаласының емханасында ұзақ мерзім ем алып, әрі қарай соғысқа жарамай туған жерге оралады. Майданда көр­ген қиындықтарымен пара-пар елдегі еңбек майданына да білек сыбана кірісті.

«1 Май» балық колхозында бригадир болып, соғыстан әбден тұралап қалған халықтың тұрмысының жақсаруына, же­тім-жесірлердің тойынуына бас­шылық жасады. Соғыстан қайтқан, күйзелген жауынгерлермен елдің қарапайым еңбек адамдарының тұрмысына қамқорлық жасап, еңбекте ұйтқы бола білді, қиындықта  өзінің ақыл-парасаттылығын көрсетті.

Сұрапыл соғысты бас­тан кешіп елге жеңіспен оралу – жауынгердің арманы, ал омырауы толы орден медалімен, ағайынмен қауышу – құрмет. Осы құрмет пен марапат Бейсенбайдың еншісіне бұйырған. Ер-азаматтың тағы бір мақсаты – шаңырақ иесі болып, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға тәлім-тәрбие беру. Аға­мыз Мұханбетқадірқызы Той­ған жеңгемізбен 1946 жылы бас қосып, дүниеге 10  ұл-қыз әкелді. Барлығы да түрлі сала мамандары. Бүгінде  ұрпақтары бір қауым ел болды. Балалары мен немерелері Бейсенбай Қожамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы белгісіз себептермен табыс етілмесе де, ол кісінің атына Қызылорда қаласынан бір көше берілсе дейді.  

Жеңістің 75 жылдығына орай мұндай шараға бару, қолдау ұрпағы­мыздың рухын көтеріп, Отанына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін арттыруда тәрбиелік мәні бар екенін де естен шығармауымыз керек. 

Қапан НАҒАШЫБАЕВ,

еңбек ардагері.

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<