Жанынан жарық таратқан

464

0

Жазмыштан озмыш жоқ. Өмір керуеніне қосылу да, ажырау да бар. Шәкәрімше айтар болсам: «Артымда адам атым қалсын» деп өлшеулі өмірін лайықты сүре білген Молдарай Дүйсенбайұлы 1941 жылдың 20 қазанында Шие­лі ауданы Сұлутөбе елді мекенінде дүниеге келіп, 2019 жылдың 2 қарашасында 78 жасқа толған шағында бұл жалғаннан мәңгілік дүниеге өтті. 

Уақыт, шіркін, өз дегеніне көндіріп, Молдекеңнің қырық күндік асын беру жұмысының дайындығын жасатуда. Реті келсе сәті келмей, сәті келсе реті келіңкіремей қалатын, осы бір асау құбылыстарды ырқыма көндіріп, шынайы ниетпен қолыма қалам алып ақ қағазға естелік жазуға бел будым. Кеше ғана бірге жүріп, дастархан басында сабырлы үнімен сабақтасқан ғибратты әңгімелерін естіп-тыңдап жүрген бізге ол кісімен қоштасу қиынның қиыны болғаны рас. Сондықтан да шығар, «қуаныш келсе, қуан бірақ асып-таспа, қайғы келсе, қайғыр, бірақ жүнжіме» деп бір-бірімізді жұбатып, Жаратушыға шүкірлік айтатынымыз. Шәкәрім атамыздың фәлсафасына сүйенсем шынында да адам өмірі үш кезеңнен тұрса керек-ті. Біріншісі, балалық кезең – өмірдің басы, екіншісі, сапалық кезең – өмірдің ортасы, үшінші кезең, даналық кезең – өмірдің соңы. Міне, осы үш кезеңді әрбір адам басынан өткерері рас.

Молдарай Дүйсенбайұлы сұрапыл соғыс басталғанда дүниеге келді. Балалық шағы қиын заманда өтті. Дегенмен, әлемде теңдесі жоқ қазақи әдет-ғұрып пен тәрбиенің және ана сүтімен қанына дарыған тектіліктің арқасында ол сынаққа толы кезеңдерден азып-тозбай, қайта шыңдала түсіп, ерте есе­йіп азамат болып қалыптасты. Сол заманның куәгерлерінің қатары да бүгінде сиреп барады.

Адалдықтың бәйгесіне атын қоса білген, жастайынан ащы мен тұщының дәмін тат­қан Молдекең ұстаздық жолды таңдаған. Ол 1964 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Тіл-әдебиеті және музыка» факультетін тәмамдап, өзінің еңбек жолын №1 қалалық мектеп-интернатында ұстаздықтан бастап, нәтижелі еңбегінің арқасында оқу-ісінің меңгерушісіне көтеріліп, одан соң қалалық оқу бөлімінің әдіскері қызметіне  жоғарылады. 1982-1985 жылдары облыс­тық халыққа білім беру басқармасының инспекторы, 1985 жылдан облыстық жас техниктер стансасының директоры қыз­метін абыроймен атқарып, 40 жылғы еңбектен соң 2004 жылы зейнеткерлікке шықты. Отан алдындағы борышын Кеңес армиясының қатарында және ҚР Компартиясы қалалық партия комитетінің жолдамасымен облыстық ішкі істер басқармасында өзіне міндеттелген қызметтерін абыроймен атқарған. Үкімет пен партия тарапынан Молдарай Дүйсенбайұлының атқарған еңбектері дер кезінде бағаланып, ол бірқатар Алғыс хат пен Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озаты» медалімен марапатталған.  Бұл қарапайым, адал, әділетті Молдекең құдамның өмірінің сапалы кезеңі, яғни ортаншы өмірі болса керек-ті. Осы ортаншы өмірінде ұясынан қанатына ілгенін, өсіп-өніп білім алып көңіліне тоқығанын, адами құндылықтар мен қазақи тәрбиенің мәуесін жас ұрпаққа берді.

Адами қарым-қатынасты өмірінің соңына дейін ту еткен, үлкенге деген құрметі мен кішіге деген ізеті өшпеген, білгенін балаға үйретуден жалықпаған ұстаз Молдарай Дүйсенбайұлы қазақи мінезінің арқасында талайдың тура жолға түсуіне септігін тигізген жан. Білгенін балаға үйретуден жалықпаған нағыз ұстаз. Осындай жақсы қасиеттерін бағалай білген шәкірттері мен замандастарының, ұрпақтарының жадында мәңгі сақталары хақ. Молдекең кітаптың адам баласының  өміріндегі ролі мен маңызы туралы көп айтатын және кітап оқуды үнемі насихаттайтын.

Былтыр «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» атты айдармен Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен ІІІ Халықаралық оқу конгресі өткен болатын. Ақыл-ой жемісін, яғни кітапты ең басты құндылыққа балап, кітап оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибелері талқыланып, интеллектуалдық әлеуетті арттыруды мақсат еткен іс-шараға  алыс-жақын шет елдерден қонақтар келіп, пікір алмасты. Конгресс «Дүниедегі барлық білімді біріктіретін, жалпы моральды ұстап тұратын күш әдебиетте ғана бар» деген тұжырым жасады. Керемет. Мен ойдың тұңғиығына баттым. Сонда Молдекең өзінің өмірінің соңын даналық арнаға бұрып шынайы даналық форматта өмір сүрген екен ғой деп ой түйдім. Қуандым.

Расында ол өмірінің соңына дейін өмірлік досы – кітабы мен қаламын серік етіп, балаларының, немерелерінің және шөберелерінің тәрбиесімен қатар  ағарту жұмыстарын үзбей жалғастырды. Зейнеткерлікке шыққан соң өз қаражатына үйінен жеке кітапханасын ­ұйымдастырып, көрші-көлем, ағайын-туыстарына және студенттерге тегін қызмет жасады. Ол кісі әр оқырманға арнайы журнал жүргізіп, барлық кітаптарын алфавиттік реттілікке келтіріп сөрелерін ұқыпты және таза ұстайтын. Ізденістің  арқасында компьютерден бас алмай, уақытпен санаспай шежіре жазып баспадан шығартқан. Жаназасына жиналған жер қайысқан қауым  Молдекеңнің жақсылықтарын айтты, қимастықпен қоштасты. Әлі де талай жыл жақсы жан жайлы жіліктің майындай жылы лебіздердің айтылатынына сенімдімін. Бүгінгі күннің кітапты насихаттаудағы озық үлгісін көрсете білген қара­пайым ұстаз Молдарай Дүйсенбайұлының осындай игі жұмыс­тарының куәсіміз.

Молдекең құдай берген мінезіне мәдениеті сай азамат ретінде өмірлік жары Орынкүлді таңдауда да жаңылмаған жан.  Олар дүниеге бір ұл және төрт қыз әкеліп, перзент алдындағы ата-аналық парызын толығымен орындаған. Бүгіндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасының біріне айналған. Молдекең мен Орекең – бір шаңырақтың астында бала мен келіннің қызметін көріп, немере мен немере келін жұмсап, шөберенің қолынан су ішкен бақытты жандар.

Біз осындай отбасынан қыз алып құда болғанымызға шүкір­шілік етеміз. Бірде күз айында  Молдекең бүкіл құдаларын шайға шақырып, дастархан үстінде «Мен басқосудың бір жаңа үрдісін енгузуді жөн көріп тұрмын, қабыл алсаңыз­дар, осы күнді «Құдалар күні» деп атайық» деген ұсыныс енгізген болатын. Бүкіл құдалар ұсынысын қабыл алып, ал Молдекең «Құдалар күнін» енгізген алғашқы адам болып жадымыз­да қалды.

Міне, үш-ақ кезеңнен тұратын, қамшының сабындай қысқа өмір осындай екен. Жетінші желтоқсанда жары мен ұл-қыздары Мөлдекеңнің қырық күндік асын бергелі жатыр. Ақиретте амал дәптерлері оң жағынан беріліп, жаны жаннаттық болсын.

 

Мэлс НАЗАРҰЛЫ, 

зейнеткер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<