Жақсының аты өшпейді

1767

0

Сыр елінің біртуар азаматы Оразбаев Орынбасар Тасмағанбетұлының өмірден озғанына 20 жылға жуықтап қалыпты. Қазақта «жақсының аты өшпейді» деген сөз бар, сол сияқты Орекеңнің адамгершілігі, әрбір іске деген тиянақтылығы және әрбір адамға жасаған қамқорлығы туған-туыстары мен ұрпақтарына, әріптестеріне бүгінге дейін үлгі-өнеге. Біз білетін Орынбасар аға «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетімен, алғаш құрылған күннен бастап «Ақмешіт апталығы» газетімен, оның бас редакторы Әділхан Бәйменовпен жақсы қарым-қатынаста болды. Әділхан ағамыз да ол кісіні құрметтеді, өзара сыйластығының талай мәрте куәсі болдық. Қаламынан туған өз өлкесіне деген ыстық ықыласқа толы сүйіспеншілігі, елге, жерге деген махаббаты, жылы лебізі әрдайым газет бетінен жиі орын табатын.

Ол кісі 1937 жылы Сырдария ауданы Қосшыңырау деген жерде дүниеге келіпті. Әкесі Тасмағанбет қайтыс болғанда Орекең Пазика шешесінің құрсағында қалғандықтан дүние есігін ашқанда азан шақырып қойған аты Орынбасар деседі. Ананың тәрбиесінде болғанына қарамастан, жасынан өмірге деген талпынысы ерекше болды, ізденді, көп оқыды. Орта мектепті бітірісімен жедел курстық дайындықтан өтіп, Қарауылтөбе тәжірибе күріш егу стансасында тракторшы болып алғаш еңбек жолын бастады. Өсе келе өмірге деген көзқарасы айқындалып, Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін таңдады. Талабы арқасында ішкі істер органының милиция қатарына кызметке орналасты. Қалалық учаскелік инспектордың көмекшесінен бас­тап облыстық ішкі істер баскармасының аға тергеушісі лауазымына дейін көтерілді. Ұзақ жылғы қызметтің салқыны болды ма, науқастанып, капитан шенімен зей­неткерлікке шықты.

Орекеңнің қызметтегі алғырлығы ішкі істер басқармасы басшылығының атынан ескеріліп, Мәскеудегі тергеушілер да­йындайтын курсқа оқуға жіберіледі. Оны ойдағыдай тәмамдап келгеннен кейін басшылық бірауыздан сол кезде дүрілдеп тұрған ОБХС-қа қызметке ұсынады. Сонда Орекеңнің ниетінің, болмысының соншалықты тазалығы сол, әлдекімдер ақша беріп, таныспен бастарын сұға алмай жүрген ОБХС-тан бас тартып, өзінің тергеушілік қызметін жалғастыра береді. Тек қана денсаулығы сыр бергеннен кейін ішкі істер бөлімінің штаб бастығының орынбасарынан кезекші бөлім бастығы қызметіне ауысады. Қызмет барысында бірнеше мәрте Қазақстан ішкі істер министрлігінің мақтау грамоталарымен, ішкі істер органдарына сіңірген ерен ең­бегі үшін медальдарымен және «Милиция үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Орнында бар оңалар демекші, әке жолымен баласы Мақсұт Оразбаев ҚР ішкі істер министрлігі орта және жоғары арнайы оқу орындарын бітіріп, Қызылорда облыстық өртке қарсы қызметінде және облыстық басқармасында басшылық қызметтер атқарды.

2004 жылы Алматы қаласы мемлекеттік өртке қарсы қызметі бас басқармасы бөлім бастығының міндетін атқарушы лауазымынан ішкі қызмет подполковнигі шенімен отставкаға шықты. Қазір Алматы қаласындағы орта Азиядағы ең ірі сауда орталықтарының  бірінің бөлімін басқарады. Орекеңнің немересі Бипатима Сүлейман Демирель атындағы қазақ-түрік университетінің Заң факультетін жә­не магис­тратурасын бітіріп, Алматы  қа­ласындағы ірі шетелдік компаниялардың бірінде заң бөлімін басқарады.

Ия, Орекеңнің ұрпақтары бүгінде өмірден өз орындарын тапқан. Біз мұны атадан қалған жақсылықтың, ізгіліктің нышаны, ұрпақтар сабақтастығының шынайы белгісі деп ұғамыз.

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<