Жақсы адамның шарапаты – әр жүректе

326

0

   Адамдарға жарқын ойлармен, риясыз көмектесіп, ең алдымен жеке басының пайдасы емес басқалардың әл-ауқаты туралы ойлаған адам ол нағыз қамқор жан деуге болады.

   Халқына адал қызмет етіп қоймай, көпшілікке қуаныш сыйлап, жаңа игі бастамаларға талпындырады. Мұндай адамдарды «азамат» деп бағалай білген. Осындай кеңпейіл, жомарт жандардың бірі – Шиелінің «Атымтай жомарты» атанған Әбдіманап Шорабаев.

Сауда саласының тәжірибелі маманы тұтынушыларға қызмет көрсетудің қай саласында жұмыс істесе де, үлкен жетістіктен көрініп, көпшіліктің көңілінен шықты. Іскерлік қабілетінің арқасында Әбдіманап Шорабаев 1993 жылы Шиелі аудандық орталық базардың директоры болып бекітілді.

  Егемендік алған еркін еліміздің жаңа экономикалық талаптарына сай жұмысты  ұтымды ұйымдастыра білді. Ол базар құрылысын қолға алып, оны толығымен қайта жасап шықты. Нәтижесінде Әбдіманап ағамыз жеке орталық базарды республика көлемінде алдыңғы қатарлы ірі сауда орындарының біріне айналдырды. 1998 жылы бұл базарды тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев аралап көріп, жоғары бағасын берген болатын.

Ауданының «Озат кәсіпкері» атағына ие болған озат жетекші және көптеген игі істердің демеушісі бола білді.  Бауыржан Момышұлының «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деген сөз іскер жанға арнап айтылғандай. Әбдіманап ағамыз тек өзінің жеке басының  пайдасын күйттеген жоқ, көптің қамын ойлады. Оның бір бойынан ізгілік, парасаттылық, адалдық, табандылық сияқты қасиеттер табылады. Қоғамдық жұмыста да белсенді болды. Мәселен, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыруға, ақын Д.Байдрахманұлының кітабын шығаруға, «Оқшы Ата» мешіт медіресесінің құрылуына және спортшыларды қолдау мақсатында қаржылай демеушілік еткен. Одан кейін де Ы.Жақаев, Ш.Қодаманов ауылдарында мешіт салдыртты. Ауданындағы өзі білім алған №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің  бір сыныбын жабдықтап беруге, әлеуеті төмен отбасыларына, қариялардың Меккеге қажылыққа баруына қолдау көрсетті. Кең жүректі азаматтың жасаған қайырымды істерін халқы әлі де ұмытпай айтып жүреді. Әттең, «Атымтай Жомартынан» ерте айырылды. Десе де, оның жақсылығының шапағатын көргендер жүректерінде мәңгі сақтайды деп сенемін.

 

                                                                                                 Құндыз ӘБУТӘЛІПОВА, 

                                                                                                        ҚМУ-дың студенті. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<