ЖАҚСЫЛАР ЖАҚСЫМЫН ДЕП АЙТА АЛМАЙДЫ…

1977

0

 Шіркін, өмір-ай, десеңізші!… Жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың теледидардан көрсетілген ресми емес кездесуінде домбыра шертіп отырып: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды», – деп қоңыр даусымен салған әнінен терең танымды, айшықты астарды, өрнекті өнегені байқап, ойланып қалғанымыз бар… 

Сексеннің сеңгіріндегі Әкімбек Баекеев баладай ақкөңіл, жүрегі жылы, періштедей пейілімен: «Елім аман болсын!» дейтін ақниетті ақсақал. Сондай елпілдеген ерекше мінезімен көпшіліктің  құрметіне бөленген қария. Бұла болмысына ата-баба қанымен сіңген кішілік пен кісілік қасиеттері қалыптасқан, жүріп өткен жолы да, ықылас-пейілі де түп-түзу ол пенде боп біреуге «бәтшағар» деп те айтып көрмепті. Ардагер машинисттің еңбек кітапшасында көрсетілгендей бар саналы ғұмыры бір ғана мекемеге Қызылорда локомотив депосына арналыпты. Сөйтіп, ауыр жүк және жолаушылар пойыздарының локомотив машинисі боп табаны күректей отыз бес жыл бойы адалдық пен адамдықты, қырағылық пен батылдықты ту етіп желбіретіп, міндетін алғаусыз атқарды.

Тәрбие талбесіктен басталады

Өмір – өзен. Бірде таудан күркірей құлай ағып, өткел бермесе, бірде кең-байтақ даланы бойлай аққан өзен өз арнасына толып, баяу сылдырлай ағады. Өмір ағысы да сол өзен іспеттес. Екінші дүниежүзілік соғыс басталардан екі жыл бұрын сол кездегі Сырдария ауданы, Абай ауылында дүниеге келген Әкімбек Баекеұлының балалық шағы ауыртпашылық кезімен тұспа-тұс өтті. Ертеректе ата-бабаларының жаз жайлаулары Қостанай өңірі де, қыс қыстауы Сыр өңірі болған. Бертін келе, бала Әкімбек ес білгелі абайлықтар «Ақ шкөлді» қыстайтын болды. Әкесі Баеке таң атқаннан қас қарайғанша колхоздың ең қиын жұмыстарының ортасында жүретін мінезі кішіпейіл, алайда әділетсіздік көрсе бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын кісі болыпты. Күнұзақ колхоз жұмысынан келіп, жүрек жалғап алып, таң атқанша етік тігетін ісмерлігі де болған екен. Анасы Ақтолқын да колхозшы, мінезі инабатты, он саусағынан өнер тамған шебер, колхоздың тірлігінен қолы қалт еткенде жүн иіріп, балаларына кеудеше, шұлық, қолғап тоқып отыратын болған.

«Жыңғылды көл» ауылдық кеңесіне қарайтын абайлықтар сол кездері жерге дән сеуіп, егіншілік жасауды біле бермей бірыңғай мал шаруашылығын күйттеген. 1947 жылдан бастап үш колхоз біріктіріліп, қазіргі «Абай» ауылына шоғыр­ланып, егін, бақшалық өнімдер егіле бастады. Міне, сол жылдары балалар  масақ теріп, пішен орып, жыңғыл шауып, қиыншылықтарды бас­тан өткерді.

Иә, балаға жақсы қасиеттер әкенің қасиетті қанымен, ананың ақ сүтімен дариды ғой.  Әкімбектің арғы бабалары би болмаса да, би түсетін үй, аузында иманы бар текті адамдар болған. Марқұм әкесі балаларына осыны жиі есіне салып, талай нәрсені саналарына сіңіріп жетілдірді. «Әке балаға сыншы» дегендей, жасынан еңбек десе елеңдеп тұратын ұл-қыздарына үміті зор болды. Бүгінде сексенге толып отырған көкеміз сөз арасында:

– Расында, әкенің қатаң талабы, ұлағатты тәрбиесі осы уақытқа дейін таусылмас азық болып келеді.Әкемнің тізесінде жатып талай қисса-дастанды тыңдап өстік. Қатардағы қолхозшы болса да ойы орамды, парасаты пайымды, қара қылды қақ жарып әділ айтатын еді, – деп асқар тау әкесін толғана еске алады.

…Ол 1955 жылы Қызылордадағы А.Құнанбаев атындағы мектепті үздік бітірді. Абай мектебі демекші… Әдетте бала кезден көңіл түкпірінде сақталып, содан ғұмыр бойы ­жадыда жатталып қалатын жайлар болады. Құлын-тайдай тебіскен достары күн ұзақ асыр салып, ойын қуса, бала Әкімбек пен жанындағы досы Олжабай екеуі таңсәріден оянып, теміржол вокзалына жүгіре жөнелетін. Сөйтіп, темір жолдың арғы бетіндегі мектепке жақын орналасқан вокзал маңындағы арлы-берлі жөңкіп жататын ұзыннан-ұзақ шұбатылған пойыздардың ыс­қы­рығы мен вагондардың дүрсілі бұ­ларды қызықтырып, бала жүректері дүрсілдей соғып: «шіркін, біз де мына «гук-гук» деп бара жататын пойызды айдасақ» деп армандайтын.

Сөйтіп, орта мектептен соң Қызыл­орда қалалық партия комитетінің жолдамасымен Челябинск қаласындағы техникалық училищеге түсіп, шлифовщик мамандығын алады.  1959 жылы туған жерге оралып, алғаш рет еңбек жолын локомотив депосының тепловоз слесарі болып аттады. Жүрегінде жалын оты бар жас бозбаланың ең­бек­тегі жауапкершілігін, еңбексүй­гіштігін бір­ден аңғарған локомотив депосының басшылары оны көп ұзамай арнаулы жолдамамен Алма­тыдағы локомотив машинисінің көмек­­шісі курсына жіберді. Енді жас жігіт бар ынта-шынтысын, күш-жіге­рін, локомотивтің қыры-сырын ұғынуға арнап, мейлінше ден қоя оқыды. Оны ойдағыдай  бітіріп келіп, машинистің көмекшісі болып жүрді де, бір жылдан соң темір тұлпарды өзі тізгіндеді. Осыдан алпыс жыл бұрын еңбек кітапшасына түскен локомотив депосында отыз бес жыл бойы үзбей абыройлы еңбек етіп, 1994 жылы зейнет демалысына шықты. Сөйтіп, баяғы балалық шақтағы арманы оны адас­тырмай ақыры теміржол саласына алып келіп, темір тұлпарды тізгіндеп, еліміздің экономикасын өркендету мен халыққа қызмет етуде ұзақ жыл бойы аянбай, абыройлы тер төкті. Өз мамандығының  білгірі, іскері атанған кейіпкеріміз еңбектегі үлгілі қызметі үшін бірнеше мәрте «Социалистік жарыстың жеңім­пазы» «Коммунистік еңбектің екпін­дісі», «Бесжылдықтың озаты» төсбел­гі­ле­рімен және зейнет демалысына шығарда «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Бұл күндері ардагер темір­жолшы – әулетінің абыройын асқақтатқан бақытты әке, аяулы ата. Құдай қосқан қосағы Жұмакүл апа екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, өрке­нін жайған өнегелі әулет. Көкеміз осыдан алпыс жылдай бұрын қармақшылық бойжеткен Жұмакүл апамызбен қалай танысып, содан соң осы «Абай» ауылынан бес-алты адам боп құда түсіп барғанын, сөйтіп апамызды жүк пойызының ашық вагонымен Қызылордаға алып келгенін әсерлі әңгімелейді. Сөйтіп өмірге алғаш рет Ақмолда атасының азан шақырып қойған атымен төлінің алды, суының тұнығы боп Шырынкүлі, содан соң Сәулесі, Қайраты, Салтанаты, Маясы дүниеге келіп қуанышқа бөледі. Бұл күндері олардың бәрі де бір-бір мамандық иелері атанып, үйлі-баранды болды.

Қырағы машинист немесе еленбей қалған ерліктер

Қызмет барысында бір емес, бірнеше рет қырағылық көрсетіп, батыл шешім қабылдауының нәти­жесінде теміржол бойындағы қан­шама адамның өміріне төніп тұрған қатерден құтқарған машинист Әкімбек Баекеев қанына сіңген қал­пымен атойлап «мен сөйттім, мен бүйттім» деп ешкімге тіс жарып ештеңе демеді.

– Әлдеқашан ұмыт болған бұл жағдайлар менің жадымда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Кім біледі, уақытында айтылмаған соң жай ойдан құралған әңгімедей көрінетін болар. Әйтсе де, бәрі де сәтімен аяқталып, пойыздардағы жолаушылар зардап шеккен жоқ. Ең бастысы, халқымның аманшылығы, елімнің тыныштығы ғой, шырағым.  Өткенге ой жүгіртіп, ­басымнан өткен оқиғаларды айт­қан­дағы мақсатым – мақтаншылық үшін емес, мына жас ұрпаққа үлгі болсын деу ғой, – дейді ақсақал айналасын қоршалай, әңгімесін ұйып тыңдап отырған немерелеріне  ойлана көз тігіп.

…1971 жылдың қаңтар айының үшінші жұлдызы. Қызылорда қала­сының оңтүстігіндегі «Белкөл» жақ­тан ауыр жүк пойызын сүйреп келе жатқан тепловоз машинисі, жас жігіт Әкімбек Баекеев  сол кездегі қаланың 2-ші шағын ауданы тұсындағы ескі өткелде тұрып қалған жүк машинасы мен оның жан-жағындағы адамдарды алыстан байқап қалды. Қолы жедел тежегішке барып, дереу іске қосты. Таяқ тастам жерге келіп, екі иығынан демалып тоқтаған  «2-ТЭВ» локомотиві сүйреген ауыр жүк пойызының алдында тұрған «ГАЗ-53» қоқыс таситын  автокөлігін айнала жүгіріп жүргендерге жан-жақтан адамдар қосылып, жабылып жүріп орнынан жылжытып, рельс үстінен  әрі асырды-ау, әйтеуір.

– Сіздің қырағылығыңыз бен шұғыл шешім қабылдауыңыздың нәти­жесінде апатты жағдайдың алдын алдық. Рахмет сізге, – деп сол кездегі локо­мотив депосының басшысы Ғазиз Қалиев №187 бұйрықпен шынайы риза­шылық сезімін білдіргеніне де қырық сегіз жыл өтіпті-ау.

… 1989 жылдың маусым айы. Диспетчерден түскен нұсқауға сәйкес Шиеліге жақындап қалған №84 жолаушылар пойызының машинисі Әкімбек Баекеев әдеттегі әдетімен тепловоз терезесінен алдындағы қос айрықты жіті шолып келеді. Өйткені, көбінесе елді мекендер маңайында оқыс жағдайлардың орын алатыны аян. Кенет алыстан шойынжол үстінде қарайып тұрған бірнәрсені көзі шалып қалды. Өзіне-өзі сенбей көзін уқалап тағы да сонау көз ұшына қадалды. Жан­ұшыра жанындағы көмекшісі Еркінге: «Қарашы, анау не, қарайған?» – деді. Серігі шұқшиып қарап тұрып: «Білмеймін, теміржол үстінде төрт бұрышты бірдеңе тұр. Жұмысшылар тіркемесі  сияқты ма? Үстінде бір­нәрсе жатыр. Адам сияқты», – деді сасқалақтап. Мұндайда  жай­бара­қат­тық қайда! Машинист көп ойланып тұрмай ақырындап  жедел тежегішті іске қосты. Иә, ақырындап қоспаса, жолаушы пойызында бейқам келе жатқан мың екі жүз елудей жолаушы вагон ішінде пойыздың оқыс тоқтауынан майып болуы әбден мүмкін! Сондықтан пойызда қамсыз келе жатқан жолаушылар зардап шекпеуі тиіс! Арындап келе жатқан жолаушылар пойызы бірте-бірте жылдамдығын  азайтып келіп, манадан шойынжол үстінде қарайып тұрған жұмысшылар тіркемесіне тұмсығын тақай тоқтады. Көмекшінің «Адам сияқты» дегені үйілген құрал-саймандардың үстіне тастай салынған теміржолшылардың бешпеттері болып шықты. Апыл-ғұпыл тепловоздағы «Машка» бай­ланыс аппаратымен диспетчер­мен хабарласып, мына жайды баяндап, көмекшісі екеуі сүйрелеп жүріп жұмыс­шылар арбасын тепловозға кө­теріп салды да, ілгері жылжыды. Шиеліге келсе, стансада саланың бар басшысы қаптап жүр. Сөйтсе, диспетчер болған оқиғаны стансаға хабарлап, басшысы-қосшысы бәрі босып кеткен ғой. Тепловоздан түсірілген жұмысшылар тіркемесін көріп, ал енді бәрі жабылып машиниске жалынсын:

«Бұл оқиғаны жоғарыға білдірмей-ақ қой». Қалай білдірмейсің, теп­ло­воздағы тіркеп-жазу аппараты, жолаушылар пойызының қандай жылдамдықпен, қай жерге, қанша уақыт тоқтағанын көрсетіп тұрса?  Әбден дегбірі кеткен әлгілер енді:  «Локомотив депосының басшылығына ұсыныс жасап, «Құрметті темір­жолшы» атағын алып береміз» – деп мұның іші-бауырына кіріп барады. Жұмысшылардың құрал-сайман салатын тіркемесін  рельс үстіне тастап, өздері түстік ішуге кеткен бригадир болса жыламсырап,  бұған өмір бойы қарыздар екенін айтады. Дегенмен, бұл оқиғаны осы саланың айналасындағы жергілікті мамандар ғана білді.

…1989 жыл. 4 қыркүйек. Таңғы сағат 03.30. Жолаушылар пойызының локомотивімен Жосалы стансасына кіріп келе жатқан. Ережеге сәйкес ірі стансаларда жолаушылар пойызы 1-ші немесе 2-ші жолға қабылдануы тиіс. Кенет стансаға еніп келе жатқан пойыз бірінші, екінші емес, басқа шеткі рельске түсіп, тіпті де стансаға тоқтамай өтетін жолға түсті. Әкімбек осының бәрін реттеп отырған станса кезекшісімен жедел, жанұшыра хабарласты. Даусы қатқыл, ащы шықты. 

– Мынауың не? Неге ілгері өтіп кететін жолға салдың?   

Сөйтсе, кезекші ұйқылы-ояу, мұның алып келе жатқан жолаушылар пойызын басқа жолға салып жіберген ғой. Машинистің дауысының оқыстан қатты шығу себебі де осы екен. Өйткені, қарсы беттен жүк пойызы шықса, үлкен қақтығыстың болатыны сөзсіз. Апыл-ғұпыл кешірім сұраған кезекшінің ұйқылы-ояу дауысынан соң Әкімбек пойызды кері қарай жылжытып, қайтадан келіп стансаның бірінші жолына келіп тоқтады.

…1991 жылдың шілдесі. №7 «Алматы-Мәскеу» фирмалық пойы­зының тепловоз машинисі Әкімбек Бае­кеев те, көмекшісі Еркін Байдәулетов. Жүйрік пойыз «Талап» стансасынан өтіп «Аққұмға» келіп қалған. Кенет байланыстағы жаңа ғана өздері өтіп кеткен станса кезекшісінің: «Сіздің тепловозыңыздың дөңгелегі түтіндеп келе жатыр», – деген хабары түсті. Көмекшісі екеуі тепловоз терезелерінен қайта-қайта үңіліп, ақы­ры сол жақ артқы дөңгелектен болар-болмас түтін барын байқады. Жедел тоқтату тетігін іске қосып, екеуі де көз ілеспейтін шапшаңдықпен секіріп жерге түсіп, әлгі түтін шығып жатқан дөңгелекке ұмтылды. Кәнігі машинист әрі қарап, бері қарап, аса қауіптің жоқтығын байқады. Уақыт қымбат. Кестеден кешікпей мына тиіп тұрған «Жаңақорған» стансасына жету керек. Өйткені стансада болмаса, айдалада теп­ловозды ауыстыру тіпті де мүмкін емес. Ол үшін көп уақыт кетеді. Бұл дегеніңіз – пойыз вагондарындағы мыңнан астап жолаушыны  жіпсіз байлап қою деген сөз. Сөйтті де, Әкімбек байланысқа шығып, «Жаңақорған» стан­сасына басқа тепловоз дайындауды  хабарлап,  орта жылдамдықпен жүріп отырып, аман-есен кесте уақытымен стансаға жетті.

Ары таза, періште пейілді арда­гердің жүріп өткен өмір жолында қал-палсыз қалып, шыныдай шынайылық, мінсіз мәрттік мен мұндалайды. Иә, ишарасына имандылық ұялаған ардагер теміржолшының кешегісі әділдік таразысына тең тартылмаса да, бүгіні  – ол халқының аманшылығына себеп болғаны.

Әкімбек көкеміз әңгіме барысында өзімен бірге теміржолдың «ыстығына күйіп, суығына тоңып» йық түйістіріп еңбек еткен әріптес достары  Жақсылық Әбдіреев, Олжабай Қошанов, Еркін Байдәулетов, Ертай Әуезов, Сәруар Ал­мат­шаев, Әбілқасым Садықов, Әб­саттар Ізтілеуов, Наурызбай Қиятов­тарға көбірек тоқталып, олардың өз істерінің майталман мамандары, бұл күндері бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагерлер екенін мақтанышпен айтты. Олардың болат жолдың бойындағы ерен еңбектерін, талай алдарынан кес-кестеп шыққан шо­йын жолдың шым-шытырық, шыр­ғалаңды оқыстан туындайтын қиын-қыстау кедергілерді өздерінің тә­жі­рибелілігі мен біліктілігінің, қыра­ғылығы мен батылдығының  нәти­жесінде жеңіп отырғанын тілге тиек етті.

Темір тәртіптегі теміржол бойын­дағы үлкенді-кішілі оқыс оқиғалар, кезекші, диспетчерлерде сол бойы хатталып, тиісті орындар лезде хабардар болатыны айдан анық. Әйтсе де, қаншама рет қыра­ғылықты, батыл­дықты құрыш қолымен атқарған машинист Әкімбек Баекеев те, ол еңбек ететін ұжым да елеусіз қала берді. Ал, қызметін міндетсінбейтін машинист үшін бір-ақ нәрсе қажет болды, ол –  пойыздағы жүздеген  жолаушының  өмірін сақтап қалу. Тіпті, сол кездері машинист Әкімбек Баекеевтің қиыннан жол тауып, қырағылық көрсетіп, қан­шама жолаушының өміріне ара­шашы болғанын білгендер білді, білме­гендер сол жабулы қазан жабыл­ған күйінде қала берді.       

Міне, әңгімеміздің беташарындағы «Жақсылар жақсымын деп айта алмай­дының» мәні де, мағынасы да осында еді.

Амангелді СУХАНБЕРЛИЕВ, 

Қазақстанның Құрметті журналисі. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<