Жазу реформасы және ағартушы тағылымы

1622

0

Ахмет Байтұрсынұлы – Әлихан Бөкейханов, Елдес Омаров, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхаметжан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов сынды замандастарының және кейінгі зерттеушілердің танымы бойынша қазақ жазуының реформаторы ғана емес, «…қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылған … халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен»  ұлт көсемі, ұлт ұстазы.

ХІХ ғасырдың аяғында Ахмет атамыздың зерттеуі, сонымен қатар 1998 жылы патшалық Ресей жүргізген санақ бойынша қазақтар арасында орысша сауаттылық 8 пайыз болды, ал мұсылманша сауаттылық, оның ішінде қазақша сауаттылық деңгейі айтарлықтай жоғары болды. Оған сол кездегі мешіттер мен медреселердің санының молдығы куә болса керек.

Қазақтың шұрайлы жерлеріне «қара шекпенділерді» орналастырып, қазақтарды шөлейт, сусыз жерлерге көшіру, қазақ шаруасының күйзелуін, ел басына түскен нәубетті көріп өскен бала Ахмет қазақты жарыққа шығарудың жолы білім алу деп түйген. Алғаш Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқып, тоғыз жасында Орынбордағы төртжылдық мұғалімдер мектебіне оқуға түседі. 1895 жылы «бастауыш училищенің оқытушысы» атағын алып шығады. Сол кезден бастап 1909 жылға дейін  Ақтөбе, Қостанай және Қарқаралы уездерінде орыс-қазақ мектептерінде оқытушылық, арасында Қарқаралы қалалық училищесінің меңгерушісі де болып қызмет атқарған.

Мұғалімдік қызметте жүріп қазақ баласын сауаттандыру барысындағы қиыншылықтарды шешудің жолдарын қарастыра бастайды. Патшалық үкімет ұсынған бағдарламадан ауытқып, балаларға заманауи ілімдерді оқыта бастайды. Араб қарпінің басы артық, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтіндерін қысқартып, қазақ әліпбиін жасап шығарды, ел арасында «төте жазу» деген ат алуының мәнісі де сонда болса керек.

Ахмет атамыздың қазақ жазуына жасаған реформасы сауаттандыру ісіне серпін берді. Замандасы, Алаш ардақтысы Телжан Шонанұлы «Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен қабілеті орташа балаға хат танып, жүгіртіп оқып кетуі үшін төрт-ақ апта қажет», профессор Е.Поливанов «Жаңа қазақ-қырғыз (Байтұрсыновтық) орфографиясы» атты мақаласында «… енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан кемелденген, жеке дара ұлттық графика», ал профессор Н.Яковлев «… математикалық дәлдікпен жасалған әліпби» деп баға берген.

«Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен. Әсіресе, сөз сайысына келгенде, олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып сөйлейтін тапқырлығы таңғалдырады. Олар мақалдап сөйлейді, жай сөзінің өзі өлең болып құйылып жатады», – деп айтқан В.Радлов. Тіл әуезін қалпында сақтап, тілдің дыбыс жүйесіне сай әліпби жасаған Ахмет Байтұрсынұлының көрегендігі қандай керемет десеңізші.

Әлемдік графикалық кеңістікте латын қарпінің алар үлесі жетпіс пайыздан асып кеткен. Ал кириллицаның шеңбері бір пайызға да жетпейді, яки қазақ жазуын латын қарпіне көшіру қолдауды қажет етеді, аталған мәселеге қатысты дау тудырудың еш қажеті жоқ деп ойлаймыз.

Латын графикасының тартымдылығының өзі, әлемдік деңгейдегі танымалдығы тілімізге деген қызығушылықты арттыра түсері анық. Бұл, біріншіден. Екіншіден, ол біздің графика тарихында 30-жылдары болған, яғни тәжірибе бар. Сол жылдары латын қарпімен жазудағы емле мәселесі де күн тәртібінде болған.

Әліпбидің жаңа стандарты қабылданғаннан кейін кәдемізге жарары анық. Сөз тұрқы ұзын боп келетін тіліміз үшін «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты да сол тәжірибеде орын алған, яғни ел ішінде айтарлықтай қарсылыққа душар болған диграф (бір дыбыстың екі таңбамен берілуі) мәселесі де ұсынылған жобада оң шешімін тапты.

Сырттан жат сөздермен бірге жат дыбыстардың енгені тарихтан баршамызға аян. Ислам мәдениетімен ә дыбысы енсе, қалған жат дыбыстардың бәрі – кеңес дәуірінің үлесінде. Әріп саны кирилл әліпбиінде нормадан асып кеткен, заңдылығында дыбыстық (әріптік) жазу 20-40 таңба деңгейінде болу керек болса, қолданыстағы әліпбиімізде – 42.

Жат сөзді тілімізге енгізбей тұра алмаймыз. Сөздік қорымыздың айтарлықтай бөлігі араб-парсы, орыс сөздері, кейінгі кездері ағылшын сөздері көптеп еніп жатыр. Жат сөзді Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «быт-шытын шығарып, тілімізге ыңғайлап қайта құрастырып алармыз», бірақ жат дыбыстың тілімізге енуі – тілге жасалған қиянат.  

Жат дыбыстардың, тіліміздің дыбыстық заңдарына қайшы дыбыстар таңбасының әліпбиде орын алуы «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп кезінде шеттен келген саяхатшылар таңдай қаққан тіліміздің әуезіне айтарлықтай нұқсан келтіреді, келтіріп те жатыр. Жат таңбадан арылу – тіліміздің әуезділігін сақтау, «өлгенді тірілту, өшкенді жандыру», рухани жаңғыру болмақ.

Жаңа нұсқа ұсынылды. Мәселеге қанық, графика деген мәселені ғылыми негіздей алатын Әлімхан Жүнісбек сынды тіл білімпаздарының пікірлері ескерілді жаңа нұсқада. Ең бастысы, «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты сақталды.

Тілдің дыбыс жүйесі (фонетика) бойынша жоғары оқу орнында 30 жылдан аса дәріс беріп келе жатырмын. Жазу тарихын, оның ішінде латын қарпіне негізделген қазақ жазуын аз-маз зерттегенім бар. Осы салаға қатысты мәселелерді, оған қатысты Ахаңнан бастап бүгінгі күнге дейінгі білімпаздар пікірімен де таныспын.

Жаңа нұсқа Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған 26 (28) қағидатына біршама сәйкес келеді. Маман ретінде жаңа нұсқадағы кейбір таңбаларға қатысты өз ойымызды айтып кетпесек болмас.

Латынның Hh қарпімен берілген х, һ дыбыстары жазуымызда болғанымен, оны қ деп дыбыстаймыз, сонда оларға таңба берудің қажеттілігі қанша? Қазақ тілінде и, у дауыстылары жоқ, оларды өзге дауыстылар сияқты жалаң (өзін ғана) айта алмаймыз. Сондықтан шолақ й-дың (біздің дыбысқа осындай нашар ат беріп қойғанбыз) жанына и-ді қосақтаудың қажеті шамалы. Ф тіл мен тіс дауыссызын қос ерін п-мен айтамыз, сөздік қорымызда осы әріп (біз үшін дыбыс емес) қолданылатын пәлен сөз бар деген уәж негіз бола алмайды деп ойлаймыз. В дыбысы. Қазақ Москваны әуелден-ақ Мәскеу, Европаны Еуропа деп келеді, бұны да қысқартсақ, Ахаң айтқан 26 (28) қағидатына келе қоямыз, яғни, 9 дауысты, 17 дауыссыз сингармотип, қосындысында 26 дыбыс. Қ-к, ғ-г жуанды-жіңішкелі жұптарды жеке таңба етіп бергенде 9-19=28 боп өзгереді.

Әліпби жасағанда, алдымен тілімізде қанша дыбыс бар деген мәселені пысықтап алу керек сияқты. Жаратылыстанушы ғалымдар тарапынан айтылып жүрген кейбір пікірлер, мәселен математиктердің пернетақтада х қарпі жоқ деген, шешімі табылатын нәрсе, өзге тілдерде де арнайы символдарды қолданады емес пе, х-ті де,  өзге де таңбаны содан алуға болар.

Түркі тілдерінің ішінде «ең таза тіл» деп аты мәшһүр Махмұт Қашқари өзінің «Диуани лұғат ат түрік» («Түркі тілінің сөздігі») атты еңбегінде сонау ХІ ғасырда-ақ айтып кеткен. Тіл тазалығына, үн тазалығына бастайтын латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиді тілге жаны ашитын қауым қолдайды деп ойлаймыз.

Әліпбиді латын әрпіне ауыстырудағы өте өзекті мәселенің бірі – емле. Қазақ тілінің емле ережесін даярлаумен «Тіл-Қазына» мекемесінің үйлестіруімен жұмыс істейтін орфографиялық жұмыс тобы айналысып келеді. Кезінде осы жұмыс тобында біршама уақыт жұмыс та атқардым. Олардың ұсынып отырған емле ережесінің 1983 жылдың 25 тамызында қабылданған «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінен» айырмашылығы әліпбиден алынып тасталған әріптердің орнын толтырумен шектелген, Ахаң ұсынған емле ережесіне онша келіңкіремейді. Керісінше орыс таңбаларын тілімізге енгізуге талпынған 30-40 жылдардағы азаматтардың пікірімен үйлеседі.

Емледегі кері тартып тұрған мәселе – кірме әріптер (ол әріптерді дыбыс деп дәлелдеп жүрген «ғалымдарымыз» жетерлік). Кезінде бүкіл кеңестік тілші ғалымдар қарсы сөз айта алмаған, «идеальды орфография» деп баға берілген Ахаңның емлесіне барар жолды бөгеп тұрған да – осы кірмелер. Тіл ғылымында өзге тілден дыбыс (әріп) алу – абсурд (қазақшасы – бассыздық). «Ә-нің әлегі» деген тіркес ұсынып жүрмін соңғы кезде. Сонау VIII ғасырдан бастап ислам мәдениетімен бірге тілімізге енген ә әрпі әлі күнге дейін тіліміздің дыбыс жүйесіне толыққанды енген жоқ. Ә  әрпі соңғы буында келгенде қосымша жуан бола ма, жоқ жіңішке бола ма деген дау күн тәртібінде бар. Мысалы: кінәлі ме, кінәлы ма, егер жіңішке болады десек, кінәлау, кінәрат неге жуан деген сұрақ туындайды. Бижомарт Қапалбек бұл мәселеде қосымшаның келесі формасын енгізуді ұсынады: кінәләу, кінәләрі, т.т.

Әлімқан Жүнісбек ағамыз «тілбұзар» деп атау берген ә, и (дауысты деп жүрген), х, һ, у (дауысты деп жүрген), я, ю, ь, ъ, в, ф, ц, э, ч, щ әріптерінің біршамасы соңғы ұсынылған әліпбиде алынып тасталды. Дегенмен толық емес.

Тілбұзар таңбалар қатарындағы и (дауысты), у (дауысты), х, һ, в, ф  емледегі түйткілдердің бастысы болып тұр.

Сталиндік тіл білімінің көш басында болған, яфетодология деп аталатын ғылымның негізін салған академик Н.Маррдың тілдің сатылық даму теориясының зарары біздің жазуымызға әлі күнге дейін кесірін тигізіп тұр. Егер әлі күнге дейін әліпбиде тұрған таңбалар алынып тасталса, тілімізге еш зиян тимес еді. Мысалы:

Фатима – Патыма, Гауһар – Ғауқар, Чапай – Шапай, Биыл – быйыл, Суық – сұуық

Ми – мый

Енді Орфотоп емлесіндегі даулы жайттарға тоқталайық:

Ескерту. Қосар уı (ый) әріптері тек sуı (сый), tуı (тый) түбірлерінен жасалған сөздерде жазылады: sуılyq, sуıymdylyq, sуıý; tуıym, tуıylý, tуıý.

– ıy, ıi әріп тіркестеріне аяқталған етістікке көсемшенің ı (-й) жұрнағы жалғанғанда, екі ı әрпі қатар жазылады: baıy – baııdy, keıi – keııdi.

– §8. uu (ұу), úu (үу) дыбыс тіркестері cөздің барлық буынында ý әрпімен жазылады: uyldyryq, uyz, uildeý; tuys, quyrshaq, guil, tintuir; oqu, su, jazu, kelu, baru.

§9. ю әрпі ıu әріп тіркесі түрінде жазылады: aıu, baıu, oıu, jaıu, súıu.

Ескерту.  ı әрпінен кейін тұрған ю әрпінің орнына u жазылады: qıu, jıu.

§10. я әрпі ıa әріп тіркесімен жазылады: qoıan, ıaǵnı, saıa.

 Ескерту.  и  (ı) әрпінен кейін тұрған я әрпінің орнына а жазылады: qıar, sıa,  jarıa.

«Қосар ма, дара ма?» деген сұрақ латын әрпіне көшкен 30-жылдарда да үлкен дау болған. 1957 жылы қабылданған ережеде осы даудың екі дыбысқа бір таңба беру тарапындағылар «жеңіске» жетті, былықтың бәрі осы кезеңнен бастау алды. Қазақ тіліндегі «екі дауысты сөз ішінде қатар келмейді» деген қағида ескерусіз қалды, буын жігі, морфем жігі жоғалды. И мен у бала мектепке барғаннан қиындық келтіре бастады. Қи-ын ба? Қы-йын ба! Й мен у, р мен л сияқты емес пе! Онда қосарға қарсы болып, дараны қолдаған 30-жылдардағы ғалымдарымыз «мылтықты» «млтқ» деп жазайық деп те ұсыныс айтқан!

Мектепте қазақ тілінің грамматикасын оқытуда жүйелілік жоқ. Жазу мен айтудың арасында алшақтық көбейіп келеді тілімізде. Біздің тіл орфографиялық тіл ме, яки Ахмет атамызша айтқанда, «Ит деп жазып, шошқа деп оқитын» тіл ме? Жоқ әлде орфоэпиялық тіл ме? «Көш жүре түзеледі» деген халық даналығын әліпби мәселесінде қолданудың еш керегі жоқ!

Қорыта айтқанда, әліпби түзуде 9+17(19) =26(28) басты ұстаным болуы тиіс! Латын әрпіне көшуді тіліміздің табиғатын қалпына келтіру үшін пайдаланайық!

Болат БОРАНБАЙ,

филология ғылымының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<