Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек

964

0

Әдетте әлдеқандай бір досжаран, жолдасжора туралы естелік не эссе жазатынның алдында онымен ең алғаш рет қай жерде кездесіп, қандай жағдайда танысқаның ойыңа оралып жатады. Кейбір кісілермен кейде тіпті солай бірінші жолыққан кездеріңнің әрбір сәттеріне дейін жадыңда жарқырап тұрады. Ал менің бір жылы бірге туған құрдасым, көп жылдар қатар жүрген қапысыз досым, бүгінде бақилық болғанына жиырма жылға таяған аяулы азамат Ақылбек Әріпбаевпен қалай достасып кеткен кезім қазір тап сол қалпында есімде жоқ. Былайынша, мен оны бүкіл саналы өмірім бойына білетін сияқтымын. Шамасы, «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы шығар.

Енді дәлірегіне келсек, біз Ақаң­мен өткен ғасырдың 70-ші жыл­дарының ортасы ауа жақсы араласа бастасақ керек. Олай болатыны, мен 1970 жылы Қазақ ауыл шаруа­шылығы институтын инженер-меха­ник мамандығы бойынша бітіріп келіп, туған ауылым – Жамбыл атын­дағы совхозда машина-трактор ше­бер­ханасының меңгерушісі бо­лып жұмыс істеп жүрген уақытта ол Алматы халық шаруашылығы инс­титутына енді барып оқуға түсіп жатыр еді. Осының өзі Ақылбектің алдына белгілі бір мерейлі міндет пен меже қойып, соны оясыз орындаудан аянбайтын мақсаткершілігі мен та­бандылығын көрсететін фактор бо­латын. Бұлай дейтінім, 1964 жылы орта мектептен кейін бірден Қызыл­орда гидромелиоративтік техни­ку­мына оқуға түсіп, оны 1968 жылы тәмамдап шыққан ол бірер жыл болса да, шаруашылық жұмыстарына араласып үлгеріп, содан кейін ғана жоғары білім алу жорығына аттанған екен. Ақаң техникумнан соң бірден Тасбөгеттегі №29 жылжымалы ме­ханикаландырылған колоннада тех­ник-геодезист болып жұмысын бастап, үш айдан кейін-ақ мастер қызметіне жоғарылап үлгереді. Ал 1970 жылдың жазында осының бәрін жиып қойып, жоғары білім алу мақсатымен Алатау бау­райындағы қалаға тартады.

Обалы не керек, Ақылбек өзі аңсап барған оқу орнын 1974 жылы үздік бітіреді. Соның нәтижесінде институттың басқару және арнайы пәндер кафедрасына оқы­тушы болып қалдырылады. Бірақ бір жылдан кейін, 1975 жылдың қараша ай­ында ауылға оралады. Ол мұнда да шу дегеннен белсенді қызметке кірі­сіп кетеді. Атап айтқанда, желтоқсан айында сол кезде атағы жер жарып тұр­ған «Қызылордақұрылыс» деген трест­тің еңбек және жалақы бөліміне эко­номист болып орналасады. Ал ара­да жарты жыл өтпей, 1976 жыл­дың ма­мыр айында келесі іргелі мекеме – «Қызылордасуқұрылысы» тресіне инже­нер-экономист болып ауысады. Тағы бір жыл өткесін, 1977 жылдың маусым айында әйгілі «Баскүрішсовхозқұрылыс» бірлес­ті­гіне бөлім бастығы болып жо­ғарылап келеді. Осының бәрінде ізет­тілігін, іскерлігі мен тиянақтылығын көр­­сетуі арқылы сатылап өскен Ақаң тағы бір жарты жылдан сәл асқан уақытта, 1978 жылдың ақпанында «Қызылорда­кол­­хоз­құрылыс» тресіне қарасты, Тасбөгет кентінде орналасқан №49 жылжы­ма­лы мехколоннаға бас­тық болып таға­йындалады. Біз бір-бі­рімізбен осы кезден тығыз араласа бастаған іспеттіміз. Ол кезде Тас­бөгет – ежелгі Сырдария ау­данының орталығы. Ал совхозда та­ба­ны кү­рек­тей бес жыл шеберхана мең­ге­рушісі қызметін атқарғаннан кейін ау­дандық халықтық бақылау коми­те­тінде үш жыл инспектор болып қыз­мет еткен мен осы пәйітте аудандық пар­тия комитетіне нұсқаушылыққа келгенмін. Міне, екеуміздің ара­мызда осы кезден басталған шын мәніндегі шырайлы достық пен жол­дастық қарым-қатынас Ақаң өмір­ден өтіп кеткен 2002 жылдың 20 қазанына дейін үзілген жоқ.

Қазақ мұндай арқалы азаматтарды көр­генде, сүйсінгеннен «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» де­ген керемет өнегелі өлең сөздің өре­сін алға тартады. Бұл жолдар да тура Ақыл­бекке арналып айтылып тұр­ғандай ой қалдырады. Ол адамды бі­рінші көргеннен-ақ жақын тұтып, жа­нына тартып, үйіріп әкететін көпшіл де бауырмашыл, адал да ақжүрек жі­гіт­тердің сұрпынан еді. Таулардың алыс­таған сайын анық көрінетіні сияқты, жарықтық Абай айтатын «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейтін өсиеттің де Ақылбекке өте-мөте үйлесе кететінін осы күні анық байқалады. Мол пішілген денесіне кең көсілген дархан мінезі бар досымыз нардың да, бардың да жүгін тік көтеріп кете беретін айтулы азаматтардың сойынан болатын. Ол жақ­сы сыйласқан алдыңғы толқын арасында сол жылдары аудан басқарған Еламан Жүнісбаев бастаған Базарбай Атабаев, Иса Жетербаев, Қорғанбек Қайруллаев, Аманхан Сәдуақасов сынды ағалары болса, қатар жүрген замандастары тобы­нан Оңалбек Сәпиев, Қуаныш Әлжіков, Әбдіғаппар Әмірғалиев, Пернебай Бал­кеев, Мақсұт Бимұрзаев, Абдулла Әбенов, Кеңес Махамбетов, Мырзатай Есмаханов, Рысбек Мәмбетов, Тай­шық Есқараев, Александр Когай, Төлен Серәлиев, Болат Оразов, Болат Үбеев есімдерін ерекше атай аламыз. Ал жабдықтау жүйесіндегі әріптестері ортасында ол үшін шым­кент­тік досы Серікжан Сейітжанов пен жамбылдық жараны Григорий Семен­ченконың орындары бөлек еді. Сол берік дос­тықтың алтын арқауы Ақаң қайтыс болғаннан кейін де үзілген жоқ. Бұл екі азамат әлі күнге дейін оның отбасымен тығыз араласып тұрады. Мысалы, Серік­жан күні бүгінге дейін Ақаңның есімі мен отбасына байланысты көптеген шара­лардың дәйімі ұйытқысы болып келеді.

Тегінде, мұндай жақсы сыйластық пен жарасымды әрекет екі жақтан деп жатады. Осының бәрі, меніңше, Ақыл­бектің көзі тірісінде өзі сыйлаған, өзін сыйлаған азаматтармен өте жақсы қа­рым-қатынаста болғанын көрсе­теді. Біз екеуміздің арамызда да осындай байыпты байланыс болды ғой деп ойлаймын. Бұған көп жағдайда екеу­міздің мінезіміздегі кейбір ұқсастық қасиеттер де әсер етсе керек. Себебі, екеуміз де әңгіменің ашықтығын, істің әділдігін, тірліктің та­залығын қалап тұрушы едік. Екеуміз де көпе-көрінеу болған әділетсіздікке төзе бермейтінбіз. Сондығынан болар, біз бір-бірімізге адал болдық. Соның ар­қасында бір-біріміздің бұдан кейінгі өсуіміз бен жетістіктерімізге риясыз қуана білдік, тілектес болып жүрдік. Мен бірер жылдан кейін Сырдария ау­дандық партия комитетінде бөлім мең­герушісі, шамалыдан соң совхоз директоры болып кетіп жатсам, Ақыл­бек әлгіндегі №49 ЖМК-ны 4 жыл басқарғасын аудандық кол­хоз­аралық құрылыс ұйымының төр­ағасы болып бекітілді. Тағы бір жылдан соң облыстық «Қы­зылорда­агроқұрылыс» бірлестігі төр­ағасының орынбасарлығына көтерілді. Бұл кез­де мен аудандық РАПО-ның төр­­ағасы болып бір жыл қызмет атқар­ғаннан кейін аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып жатқанмын. Сол 1987 жылдың соңына қарай Ақаң «Қызылордаглавснаб» басқармасына бас­­шы болып ауысты. Бұл оның өмірінің соңына дейін та­бандатып қызмет еткен, бар білі­гі мен білімін сарп еткен негізгі мем­лекеттік жоғары лауазымы бол­ды. Кейін мекеменің статусы екі рет өз­гергенде де, Ақылбек оның бастығы, президенті болып, басшы­лық қыз­­метінде қала берді. Оның сол жылдары республикалық басшылық алдында да, облыстардағы өзі секілді әріптестері арасында да зор беделге ие болғанына біздің талай мәрте көзіміз жетті. Қайда да істің көзін білетін Ақаң 1997 жылы арасында кәсіпкерлікке де бет бұрып, «Галаз и К» деген мұнай компаниясы» атты толық серіктестік құрды. Оны құрылтайшы ретінде өзі басқарды.

Ақылбек жоғарыда айтылған қызмет­тердің қайсысында жүргенде де, өзін іскер басшы, шебер ұйым­дастырушы есебінде көрсетіп отыр­ды. Мысалы, ол №49 ЖМК мен кол­хозаралық құрылыс ұйымын бас­қарған жылдары іс жүзінде ауданда олармен жұмыс істемейтін бір­де-бір елді мекен болған жоқ. Аталған құрылыс ұйымдары 80-ші жылдары бар­лық дерлік ауылдарда өнеркәсіптік және азаматтық мақ­саттағы көптеген нысандарды сал­ды. Соның арқасында олардың бар­лы­­ғында Ақылбектің бі­ре­гей қолтаң­­басы өрнектелді. Айта­лық, «Амангелді» тәжірибелік қара­көл ша­руа­­шылығында жыл сайын кемі 2-3 нысанды іске қосып тұрды. Бұл ауылдың байырғы тұрғын­дары­ның есінде осы жылдары салын­ған 624 орындық орта мектеп, 300 орындық мәдениет үйі, қой өсіру­шілерге арналған коттедждер, ауыл­дық дәрігерлік амбулатория мен про­филакторий, оқу орталығы мен қонақ үй, жем-шөп цехы, мал бордақылау ала­ңы қалды, жұрт сол уақытта алғаш рет асфальтталған елді мекен көшелерін де әлі ұмыта қойған жоқ.

Ісіне мығым, өзіне сенімді Ақылбек уәденің адамы еді. Сондықтан өзі қам­қорлығына алған ауылдардың пробле­ма­ларын әрдайым ың-шың­сыз шешіп отыр­ды. Мысалы, «Аман­гелдідегі» мектеп ғимаратын 10 айдың ішінде бітіріп, ал­дағы қыркүйекте пайдалануға беруге уәде етіп еді, оны сол кезге дейін орын­дап шықты. Ауылдағы мәдениет үйін 1,5 жылдың ішінде қатарға қосатын болып сөз беріп еді, оны айтылған мерзіміне жеткізбей, сапқа тұрғызды. Осындай тын­дырымды тірліктері нәтижесінде ол салып біткен нысандар базасында об­лыс­тық семинарлар өткізіп тұру дәс­түрге айналды. Ал №49 ЖМК салған оқу орталығының базасында Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­митетінің екін­ші хатшысы Сағидол­ла Құбашев, об­лыстық партия ко­ми­тетінің бірінші хат­шысы Еркін Әуелбеков, көрнекті қара­көл өсіруші ғалымдар Көпмағамбет Елемесов, Әбдірахман Омбаев, Сей­пулла Әб­дірайымов бастаған қаракөл шаруа­шылығы басшыларының респуб­ликалық семинар-кеңесі өткізілді.

Ақаң қашанда мүмкіндік болған кез­де аудан ауыл тұрғындарына көмек­тесіп тұрды. Мал жайылымдық учаске­лерде қой өсірушілер үшін тұрғын үй­лер салды, каналдарын та­зарту, бөгет­тер тұрғызу, жаға­лауды нығайту жұмыс­та­рына белсене ара­ласты, жұртқа құ­ры­лыс материал­дарымен, жер қазу техни­касымен, автокрандармен, жүк көлі­гімен кө­мектесіп жүрді. Кейін об­лыстық жаб­­дықтаушы мекемені басқарған жыл­да­­рында Ақылбек өзін тағы да шебер ұйымдастырушы тұрғысынан танытты. Байыпты басшы ретінде қатардағы ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын ешқашан ұмытпады, олардың өтініштерін бірін­ші кезекте орындап отырды. Арал өңі­рін­дегі барлық дерлік ұйымдардың, ме­ке­мелердің, кәсіпорындардың, шаруа­­шы­лықтардың керекті заттарын тауып беріп келді.

Ақылбек Әріпбаев үшін Одақ тара­ғаннан кейінгі жылдар үлкен сынақ алаңы болып кезікті. Бұл кезде бұ­рынғы республикалар арасындағы шаруа­шы­лықаралық байланыстар үзілген, керекті затыңды баяғыдай ала алмайсың. Ақаң осы тұйықтан да шығып кетудің алуан түрлі тәсілдерін таба білді. Сөйтіп, жан-жақтан жаңа өріс іздеп, айырбас жо­лымен тауарлар әкелудің көзін ашты. Қиын-қыстау кезде облыстың өндіріс және құрылыс салаларын қажетті мате­риалдармен, құрал-жарақтармен жаб­­дықтап отырудың ыңғайын тапты. Ол, ең алдымен, Сырдарияның төменгі ағы­сын жайлаған елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қамқорлық жасады. Бұл орайда Ақаңның республикалық мемлекеттік жабдықтау мекемесін ұзақ жылдар басқарған Сыр елінің тумасы, ардақты аға Ұзақбай Қарамановпен ағалы-інілідей өте жақсы қарым-қаты­наста болуы көп істі көңілдегідей етіп шешіп отыруға едәуір септігін тигізгенін де айта кетуіміз керек.

Ақаң құрылыс мекемелерін бас­қарған жылдарында көптеген кадр­ларды тәр­биелеп шығарды. Олар кейін облыс өн­дірісінің түрлі сала­ла­рында жемісті қызметтер атқарды. Бұ­лардың арасында Ақылбек Арыстанов, Әбдуәли Есенғараев, Марат Қожа­беков, Асылбек Сейілханов, Әбдіқабыл Жанзақов, Ғанибек Қазантаев және басқалар болды. Сонымен бірге, ол өте оптимист адам еді. Сол сенімін қарауындағы қызметкерлерге сіңіріп отырды.

Даттың ұлы жазушы-драматургы Генрик Ибсен «Адамның жаны ісінен көрінеді» деген екен. Бұл анықтама біз сөз етіп отырған Ақылбек Әріп­баевтың болмыс-бітімі мен тұрық-тұлғасына өте-мөте дәл келеді. Ол ісі мен сөзі әрдайым қабысып жататын, өзінің өмірін ешқашан күнделікті жұмысынан бөліп алып қарас­тыр­майтын, қашанда тынымсыз іс үс­тінде жүретін Ақаңның жан дүниесі шынында өзінің тірнекті тірлігі мен ізгілікті істері арқылы көрініп, олар­мен бірге өріліп жатушы еді. Біздің досымыз үшін бұл ұғым жай ғана сөз емес-тін, шын мәнінде оның барлық абырой-беделі, ар-ожданы мен кә­сіби шеберлігі осы қа­дір-қасиеттері арқасында жиналып, елдің есінде сол кескін-келбетімен қалды. Ол осы тұрқынан айнымаған қал­пы өмірден өтті. Хакім Абай жырға қоса­тын «Асыл адам айнымас» деген терең мағыналы толымды тіркес тап осы Ақаң секілді атпал азаматтарға арналып айтылса керек. Ол үлкенмен де, кішімен де бірдей сыйласа білді, әрбір азаматты жеке тұлға ретінде бағалады, осы қағидатты өмір бойына ұстанып өтті. Сондықтан да онымен сыйласатын, сыр бөлісетін жарандар өте көп болды.

Осы ретте менің ойыма орыстың ұлы ақындарының бірі Михаил Лер­мон­товтың «Жағдайға, уақыт пен жаңа бір табан тіреген орнына қара­мастан, өзінің бұрынғы қалпында қала беретін адамдар жұрттың ара­сында қашанда зор құрметке бөленеді» деген сөзі оралар еді. Шыны керек, тап осы тұжырым да біздің досымызға арналып айтылып жатқандай. Ол қай кезде де осы қағидат тұрқынан ажыраған емес. Мұның бәрі оның жоғары мәдениеті мен зор адамгершілігін білдіретін бірден-бір нышандар еді. Расында, дәл Ақылбектей адамгершіліктің ақ туын өмір бойы жоғары көтеріп өткен ерен тұлға, арқалы азаматтар сирек болса керек. 

Біздіңше, Ақаңның осылай қоғам­дық қызметпен белсене шұғыл­да­нуына оның үй деп аталатын қор­ға­нының, сол қор­ғанға еге болып отырған жұбайы Несібелі Стам­бекованың мықты болуы да бір себепкерлік етті. Міне, дәл қазір де ол Ақаңды еске алуға арналған барлық шараның негізгі ұйымдастырушысы бо­лып өзі жүр. Иә, ең өкініштісі, қатар жүрген замандастарының бәрі дерлік үлкен құрмет тұтқан Ақыл­бек Әріпбаев нағыз кемеліне келген шағында, 55 жасқа енді толған тұсында өмірден озып кете барды. Содан бері де 18 жылдан астам уақыт өтіпті. Енді артында қалған ұрпақтары мен жолдас-жораларының қолынан келетіні осындай абзал азаматтың атын ел жадында қалатындай етіп шара жасау болса керек. Сондықтан біз оның атына өзі өмір бойы тұрып, елге қалтқысыз қызмет еткен Қызылорда қаласынан бір көше берілсе дейміз.

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<