ҰЖЫМ МАҚТАНЫШЫ

623

0

Сонау отызыншы жылдардың басында ашаршылық апатынан аман қалған ауылдарда жаппай сауаттандыру ісі қолға алынды. Мәселен, 1934 жылы Қызылорданың солтүстік бетіндегі екі ауылда сауаттандыру мектебі ашылды. Олар сол кездегі жағдайға байланысты оқушыға бастауыш білім беруге негізделіп еді. Бұл қимылға жергілікті халық та ынталана жұмылып, білім шырағын жағу жорығына белсене атсалыс­ты. Уақыт өте келе, білімге құмар жастар қатарының өсуіне байланысты мектепті кеңейту, оқушыларды білім ордасына көптеп тарту талабы туындады. Сөйтіп, 1938 жылы ауыл азаматтарының күшімен кесек құйылып, мектепке арналып 8 бөлмелі үй тұрғызылды. Ақыры 1938 жылдың күзінде қоңсылас екі ауылдың мектебі қосылып «Кооператор» атындағы жетіжылдық мектеп ашылды. Міне, бүгінгі батыр атындағы №43 орта мектептің негізі осылай қаланып еді. 

Кезінде, Ұлы Отан соғысы ал­дындағы жылдары «Кооператор» кол­хозы Сырдария ауданындағы жақ­сы көрсеткіштерімен аты шыға бас­таған шаруашылық болатын. Қала ір­гесіндегі ауыл шиеліліктердің үлгі­сімен ауданда бірінші болып күріш егуді бастап, одан мол өнім өндірді. І.Ерімбетов, А.Дәуітбаева сияқты диқандар жоғары марапаттарға ие болып, колхоз даңқы дүркірей бас­тады. Шаруашылық төрағасы Қуат Ерімбетов елдің ақылды ұйымдас­ты­рушысы, кәнігі дихан ретінде танылып, беделі өсе түсті. Ауыл мәдениеті жақсарып, жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтерді. Міне, ау­ылдың өз күшімен салынған жаңа же­тіжылдық мектеп те сол жылдар­дың жемісі болатын.

Мектептің өткен жолын, атқарған тірлігін сөз еткенде мақтан тұтып, жария етуге татырлық жетістіктерін айта отырғанның артықтығы болмас. Биыл осы оқу орны бой көтерген ауылдың тумасы, мектептің алғашқы іргетасын қалауға қатысқан жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов атындағы орта мектептің ашылып, ұрпақ тәр­биелей бастағанына 80 жыл!

Тарих беттерін парақтасақ, мек­теп­ті әр жылдары басқарған талай ұстаз марқұмдардың есімдерін атауға бола­ды. Аруақтары риза болсын, біразы­ның есімін атап кетейін.

Оны алғаш рет Асқар Меңліханов (1938-1943 жж.) деген азамат бас­қа­рып, бастауыш оқу ұясының қа­лып­тасуына көп еңбек сіңірді. Ал, сұрапыл соғыстың нағыз алапат ке­зінде мектепке Кәдірма Кәрібаева (1943-1948 жж.) апай жетекшілік етті. Одан кейін соғыс даласынан жеңіспен оралған Дүйсет Тайманов (1948-1953 жж.) директор болып 5 жылдай абыройлы қызмет етті. Мұнан кейінгі басшылар да жас ұрпаққа білім, тәрбие беру саласынан абырой тауып, талай жемісті де жеңісті соқпақтардан өтті. Мәселен, Молдаш Достанов (1953-1956 жж.) осы мектепті үш жылдай басқарып, сосын орта мектепке басшы болды. Реті келгенде айта кетейін, ол осы ұжымның нағыз мақтан тұтар азаматы. Жақында оның туғанына 90 жыл толды. Ол осы жылдардың 35 жы­лында ауыл мектептерінде басшы қызметін атқарды. Сонда жүріп ғылыммен ай­налысып, кандидаттық диссертация қорғады. Өмірінің соңғы 7-8 жылын­да университетте ұстаздық етіп, дүние­ден озды.

Мектеп ұжымының ендігі бір мақтан тұтар мүшесі – дүниеге ұстаз бо­лып келіп, ұстаз болып өткен, Сыр бойы ұстаздарының ұстазы, со­ғыс ардагері Қасымбек Ыбыраев. Ол ұжымды басқарған жылдары мектеп абыройы аса биік болды. Сол кісінің биік беделінің арқасында 7 жылдық мектебіміз он жылдыққа айналды. Оқушылардың пайдалы ең­бекпен шұғылдануы өріс алып, мектеп жанындағы өндірістік тәжірибе участогінің жүгері өсірушілері (же­текші Тотай Тұрлығұлов) облыс­та бірінші болып Мәскеудегі бүкіл­одақ­тық халық шаруашылығы көрмесіне қатысты.

Осы арада қатардағы ұстаздардың ерен еңбегін атамай кету әбестік бо­лар еді. Бұл ретте, ойға алдымен Ш.Сейтжанова, М.Оспанов, Ә.Шал­қыбаева, Б.Әубәкірова, Т.Сүтенов, П.А.Ли, Т.Тұрлығұлов, А.Түменбаев, т.б. есімдері оралады. Олар осы ауылда туып, осы топырақта туған жастар санасына терең білім, тәлімді тәрбие берді.

Жоғарыда айтқанымыздай, мекте­бімізге 80 жыл, оны екі рет басқарған белгілі түрколог-ғалым, ұстаз Молдаш Достановтың туғанына жә­не осы мектептің іргесін қалауға қа­тысқан, осы мектептің шәкірті әрі өмірінің соңына дейін осында ұстаз­дық еткен Әйтіш Шалқыбаевтың да туғанына 90 жыл толды.

Ауыл ортасында 4 бөлмелі мектеп іргесі қаланған жылы Әйтіш ағай 9-10 жасар шамасындағы ауыл баласы екен. Осыған дейін қолайсыз үйлерді, жазда көлеңкелі жерлерді паналап, сауат ашыпты. Отыз сегіздің көктемінде аталған құрылыс қолға алынған. Ауыл адамдары, болашақ ата-аналар өздері кесек құяды. Қолының икемі бар Қалыбай деген ақсақал қасына көмекшілер алып, бөлмелердің іргесін қалай бас­тайды. Мұны көрген Әйтіш ағай «осы күзде өз ауылымызда жаңа мектеп болады, сонда оқимыз, құрылысына көмектесіңдер» деп жар салып, ауыл балаларын ұйым­дастырады. Айтқандай, Әйтіш бастаған ересек балалар үш ай жазын осы құрылыс басында кесек, құм, лай тасумен өткізеді. Ауыл адамдарының еңбегі қайтып, сол жылғы күзде «Кооператор» атындағы жетіжылдық мектептің есігі ашылып, шәкірттер қабылдайды. Міне, құтты білім орда­сы­ның іргесі осылай қаланған екен.

Жалпы бұл ағай ұстаздықты алғаш 1946 жылдан бастаған. Балалық шағы сұрапыл соғыс жыл­дарына тұспа-тұс келген. Әуелгі­де қырманда есепші, көкөніс өсіру­шілерге көмекші болған. Сосын білі­мін көтеруге құмартып, сол қиын кез­дердің өзінде педагогикалық училищеге оқуға түсіп, әуелі бастау­ыш сынып мұғалімі мамандығын алып, ұстаздық жолын бастады. Сырдария ауданындағы «Жаңатұрмыс», Абай атындағы жетіжылдық мектеп­терінде, жоғары білім алғаннан кейін қаладағы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Арасында мектеп директорының орынбасары міндетін де абыроймен атқарды. Со­дан 1959 оқу жылында өзі бала кезінде құрылысына қатысқан, өзі оқы­ған, кейін ұстаздық еткен №43 мектепте еңбек етіп, өмірден озды.

Айта берсе Әйтіш ағайдың өмір­дегі, еңбектегі, адами пендешілік қа­сиеттеріндегі үлгі алатын жақтары көп еді. Ол, ең алдымен, жалтағы жоқ турашыл, әділ жан еді. Соған қоса ой-өрісі кең, ақыл-парасаты орнықты ақсақалдығы басым, өзгені иландыра білетін кісілігі бар, ізеті мол кішілігі де бар аға болатын. Ол, ең алдымен, өз мамандығын терең меңгерген білікті ұстаз еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұрын осы мектепте ұстаздық еткен СССР, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, Қазақстан Педагогика ғылымдары ака­демиясының академигі, ұлы тарихшы Е.Бекмахановтың сүйікті шә­кірті болған, ғалым-педагог Тотай Тұр­лығұловтың сөзіне жүгіне оты­райық:

– Әйтекең өте еңбекқор болатын. Шәкірттерін де осыған тәрбиеледі. Жаз болса, оқушылар лагерінде, мек­тептің тәжірибе участогінде еңбек ететін. Ол балаларға қауын-қарбызды, картопты, жүгеріні, жеміс ағаштарын егуді, суаруды, отауды, т.б. күтіп-баптауды да үйрететін. Әсіресе күріш дақылын күтіп-баптауды жақ­­сы білетін. Қысқасы, Әйтекең оқушы­ларды еңбекке баулудың шебері болатын. Ол өз пәні – қазақ тілін де, әсіресе грамматиканы шебер талдайтын. Шәкірттері бұл пәннен сауатты болып шығушы еді.

Иә, осылай тойымыз тойға ұласып, жаңа жылды қомақты қуанышпен қарсы алғалы отырмыз. Қазақстан оқу ісінің үздігі, алпысыншы жылдардың басында мектепке басшылық еткен ардагер ұстаздардың бірі Сұлтан қажы Үсенұлы:

– Бұл мектеп – мақтауға да, аты айтылғанда мақтануға да тұрарлық оқу орны. Алдымен мақтанарымыз бұл алғаш іргесін қаласқан батыр атымен аталады. Сондай-ақ, мұнда талай еңбек пен өнер, білім және қоғам қайраткерлері оқып, ұлы өмірге жолдама алған. Мәселен, атақты академик Ә.Нысанбаев, ғалым, қоғам қайраткері, екі рет министр болған М.Базарбаев, қоғам қайраткері белгілі инженер-механик М.Қалыбаев, рес­пуб­ликамыздағы қаракөл өңдеу өн­ді­рісін ұйымдастырушы, ғалым С.Әлім­­бекұлы, жазушы Саид Баязитов, Рес­публикамыздың ардагер журна­лисі Ө.Жаппарханов сынды белгілі тұлғалар осы мектептің түлектері. Ал, 90 жылдығы аталып отырған Әйтіш Шалқыбаев ағамыздың өмір жолы мақтануға да, мақтауға да тұрарлық. Осы мектеп іргесін қалауға да қа­тысты, осында шәкірт те  болды, кейін өмірінің соңына дейін осында ұстаздық етті, – дейді.

Қазір тоғысқан тойлар иесі атанып отырған мектепте 135 ұстаз қызмет етеді. Оның 32-сі жоғары санатты, 57-сі бірінші санатты мұғалім. Ұжым  осы ұстаздардың арқасында жыл сайын абырой биігінен көрініп жүр.

Б.ИМАНБЕРДИЕВА,

№43 Кеңес Одағының Батыры Ж.Махамбетов атындағы орта мектеп директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<