Ақыл-ой тереңде десек – қозғайды өлең мен есеп

506

0

Ержеңіс Әбді – болмысы ерекше жігіт. Жиын болған жердің бәріне бара беруге ынталы емес. Көбіне өзіміз шақырып келтіреміз. Мұқтар құрдасы мен Мамыр ағасы екіжақтап жүреді. Кейде Ерекеңнің есіктен кіріп-шыққанын байқамай қалуың да мүмкін. Өкпесінен шыққан ауа дыбысқа айналғанда құлағыңа кібіртектей кіріп, жүрегіңе жаңғырып жетеді. Сөзге ұсталығын айтамын.

Өзін-өзі сүйремейтіні болмаса тегінде ақындық өнер Ержеңіске ерте қоныпты. Оқушы кезінде бір-ақ рет айтысқа түсіп, онда да бас бәйге алған. Онан кейін… қанша мәрте республикалық сөз додасының салымшысы болды, өзбек пен қырғыз елдерінде өткен халықаралық аламан айтыстардан да жүлде алды. Бәлкім, құнарлы, қасиетті топырақта туғандығы шығар.

Ол Аралдың Бөгенінде дүниеге келген. Қазақтың аяулы ақыны Зейнолла Шү­кіровтің алтын бесігі, эколог-жазушы Сайлаубай Жұ­ба­тыровтың жөргегі бол­ған жер, дарынды қаламгер Қуаныш Жиенбайдың, арынды ақын Толыбай Абылайдың ауылы. Ендеше, Ержеңіс неге талантты болмасын?!

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетін математика және информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген ол бүгінде №3 ІТ мектеп-лицейінде дәріс береді. «Қы­зылорда қалалық ең үздік математика пәні мұғалімі» конкурсының жеңімпазы.

Мен де Ержеңістің өзі секілді асықпай айтатын сөзіме енді жеттім.

Жақында қолыма бір қызық кітап түсті. Шынында қызық, өлеңмен жазылған есептер екен. Оқуға кірісіп кеттім, есептердің шешуін ойша тауып, шығара бастадым. 112 беттік кітаптың тамашасы бірте-бірте тылсымына тартып әкетті. Сүйсіндім.

Анасының көп қой көмегі,

Болсын деп білім қорегі.

Екі баласын жетектеп,

Мектепке күнде келеді.

Басқанда Дәулет он қадам,

Бес қадам басып анасы.

Басқанда Дәулет бес қадам,

Үш қадам жүрді ағасы.

Жеткенше Дәулет мектепке,

Жүз елу қадам кетеді.

Ал, енді қалған екеуі,

Неше рет аттап жетеді?

Есептеп көрдім, анасы 75, ағасы 100 қадам жүреді екен. Мына есеп те қызық.

Абдолланың ең семіз,

Тауығы бар он тоғыз.

Әсіресе мыңғырған,

Қойларын шіркін, көрсеңіз.

Аяқтарын бәрінің,

Қосқанда – жүз он сегіз.

Қойлары қанша болды екен,

Есептеп соны берсеңіз.

Әрі өлең, әрі есеп, оған қоса кітап тақырыпқа сай түрлі-түсті суреттермен безендірілген.

Үшінші, төртінші, бесінші оқитын балалардың мұндай есептерге ерекше қызығу танытатыны анық. Есеп шешу әрекетіне баланы өлең де, сурет те жетелеп отырады. Қазіргі компьютер заманында жасөспірімдердің интернет тұзағына түсіп, әбден шатылып жатқанын айту таңсық сөз емес. Үлкендерден тығылып ұялы телефонын тамашалайтын балалар жасқаншақ, өзімшіл келеді. Ортадан жырақтайды, жалғыздыққа бой төсейді. Мұндай әдеттен баланы мың айтып айныту қиын, оның бір төте жолы – кітап оқуға үндеу. Қалайша?

Ержеңіс дәл осы сұрақтың жауабын тапқан! Өйткені биыл көктемде шыққан кітап тез таралып кетіпті. Қаншама ата-ана авторға хабарласыпты. «Баламыз есептердің бәрін шешіп, енді жалғасы бар ма деп сұрап жүр» – депті. Демек, кітап баланың зейін назарын аударта білген.

Білесіз бе, болашақта компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады. Бұл сөзді Назарбаев университетінде дәріс оқыған кезінде Елбасы айтқан болатын. Осы көреген сөздің ақиқаты алыс емес сияқты. Сондықтан балаларымызды кітап оқуға дағдыландыру алдыңғы буынның алтын парызы деп есептеймін мен.

Жақында әлеуметтік желіні ақтарып отырып, «Ержеңістің ерекше есептерін» ақтаулық Алдияр есімді оқушы баланың қолынан көрдім. «Ағай, сізге рахмет. Бұл кітаптың жалғасы бар ма?» – деді ол да бейнежазба арқылы.

Бала талғамына сай келіп, талай оқушыны компьютер алдынан алыстатқан бұл кітапты шынында қайта шығаруға бола ма? Баспахананың ақысын жеке қалтасынан төлеген Ержеңістің өзіне қиындау соғары хақ. Олай болса, бұған білім саласының басшылары мен жанашырлары неге араласпайды?

Баланың танымдық бел­сен­ділігін дамытудың психо­логиялық-педагогикалық  аспектілері деген тармаққа жататын бір тәсіл осындай кітаптарды әдістемелік құрал есебінде пайдалану емес пе? Білімге құмарлық пен шығармашылық ізденісті бала бойына сіңіріп жатқан ұстаздар бұл мәселені маған қарағанда жақсырақ біледі, әрине.

Мен Ержеңіспен жолық­тым, шынын айтсам, тағы да өзім шақырып алдым. Алдағы уақытта «Ержеңістің ертектері» деген кітаптың жарық көруі мүмкін екенін айтты.

Еңбегің елдің келешегінен қайтсын. Білім құштарлығын өзің оятқан бір азаматтың ертең қазаққа қызмет ететініне сенем, Ержеңіс.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<