Берері беймәлім тренинг

75

0

Білгенге маржан, білмеске арзан дүниенің осал тұсын емес, ғажайыпқа толы кереметін ұғынам деп жүргенде, ақылын ақшаға саудалаған тренинг сымақтардың бос сөзіне еріп кетпесек болғаны.

«Нағыз шешен-күлдіріп тұрып құлататын, жылатып тұрып күлдіретін жан»,- деп айтып еді ұстазым. Сол секілді, бұл жандарды «шешен» дейін десең, бес беттік әдеби сөзді жаттап алып, лық толы залда бұлбұлша сайрағаны ерсі көрінді.

Осыдан бірер күн бұрын,желіні жаулаған тренерлердің парақшаларына бас сұқтым. Сабақ күнін белгілеп,тіптен бағасын жұлдызша жарқыратып қойған. Бағасы бас айналдырар тренингтің ерекшелігі неде екені кімді болмасын қызықтыратыны рас. Әдемі сөзбен өрнектеп, аталы сөзді тақырып етіп оқушы жинаған бұл жандарға бас шайқамай қоймайсың. Ықылым заманда көпті көрген аталарымыз, құз басында үлкен-кішіні жиып,тағылымға толы әңгіме-дүкен құрып, ауыл балаларына жол нұсқаушы еді. Ал,қазір азды-көпті білгенін жарияға жар салып, жарнамасын келтіріп, ақы алуда. Кешегі ұлы ойшыл,жазушыларымыз оқтын сөздерімен талайды аузына қаратқан еді. Айтқан әрбір төреліктері мен өнегелі сөзінен тиын талап етуді тіпті ойламаған-ды.

Өзгенің ақшасына, өзіннің жағдайын жасап жатқан мотиваторлардың кей сөздері езуге еріксіз күлкі ұялатады. Мүмкін еместі мүмкін етуші — Алла. Кейде қаракөз қыздарымыз бен ақ жаулаулықты аналарымыз қол жайып, Алладан раһым сұраудың орнына мотиваторлардан көмек сұрайтындықтарына таңырқаймын. Қазақ әйелдері қашан болмасын, отбасындағы әңгімені сыртқа ешуақытта айтпаған. Қос жанардан қан ақсада міз бақпаған қайсар мінезді әйелдеріміздің азайғаны ма? Әлде заманның талабы солай қылдилап жатыр ма?! Беймәлім. Құнын айтқан мотиваторға кеңінен көсіліп, нұсқау сұраған шарасыз жанның көңіліне медеу болар бірер сөз айтып, қалтасын қалыңдатып алатын мотиваторлар қаптап жатыр бүгінде. Саны көп, сапасы жоқ мотиваторлар мен тренерлердің сайран салған уақыты секілді.

Намысын жерге таптатпаған халқымыз өздерін,көк бөрінің ұрпағымыз деп ұран салды. Қай заматта да көмек қолын созуға асық болды. Біз,азуынды қазақ елі ақылды ақшамен өлшетпейміз. Пайда үшін өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық етпей, жаңа дүниелерге бейімделеміз. Біреудің ақыл-кеңісіне байланбай, берері беймәлім әлденемен емес, танымдық-тағылымдық дүниемен айналысайық.

               

                                                                                                Айкерім   ӘЛІШЕР,

                                                                                                  Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 1-курс студенті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз