Әбіраштың әлемі

792

0

Қазақта кіндігінің қаны тамған деген ұғым бар. Адам анасының құрсағынан Жер-анаға келгенде, осы екі ұлы ұғымды жал­ғастыратын сәбидің кіндігі кесіліп, қаны жерге тамады. Сол қан өмірге пәк болып келетін нәрестенің қос анаға арнайтын адалдығының анты сияқты. Сондықтан да кіндігінің қаны тамған жерден ыстық ештеңе жоқ-ау, сірә! Содан да болар ақын Әбіраш Жәмішевтің (1928-1995 жж.) қай шығармасын алсаңыз да, шабытының туған жеріне, топырағына соқпай кететінін табу қиын. «Айналайын, ақ топырақ» атты өлеңінде:
Елдік, ерлік, еңбек, зейнет мекені-
О, Сыр-ана, өзіңе не жетеді!
Кешіре көр, мынау менің жырларым,
Бола  алмаса ақ сүтіңнің өтеуі, – деп тебіреніпті ақын.
Ақындықты ерте бастаған Әбіраш ағаның алғашқы «Жеңісіме шаттанам» деген өлең-толғауы «Ленин жолы» газетінің   1945 жылғы 3 маусымдағы санында жарияланыпты. Ол кезде ақын Әбіраш Қызылорда педагогикалық училищесінің 2-курс студенті, 17 жаста екен. Ұлы Жеңіске арнаған бұл толғау:
– Зор майданның жеңісін,
Бүкіл дүние тойлады.
Мен де ортақ бұл тойға,
Еліммен бірге мақтанам.
Жыр бұлағын ақтарам,
Қуаныш бөлеп жүректі.
Жеңісіме шаттанам, – деген жас ақынның ақ тілегімен аяқталады.
Жастайынан әлемдік құбылыстарға жіті қарап, оған өзінің терең ой-толғаныстарын қосып жүретін, биыл туған ауданымен құрдас 90 жасқа толатын Әбіраш ақынның талантының бастауы қайда жатыр?
Қазіргі «Шіркейлі» ауылының тумасы Ә.Жәмішев – Қажы Мәдіқожа Диуанадан тарайтын Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадырұлының  (1848-1921 жж.) немересі.  Білімге құштар Тапал ахун тек діни шығар­малар ғана емес, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан, Абайлардың шығармаларын оқып, жатқа айтып, балаларына үлгі-өсиет етіп отырған. Әл Фарабиді теңдесі жоқ ғұлама деп бағаласа, Фирдоуси, Физули, Сайхалилердің шығармаларын жастайынан жаттап өсіпті. Ол діндар, ғұлама ағартушы ғана емес, қазақтың бірлігін, тұтастығын ойлаған, соған ат салысқан қоғам қайраткері.  
Ә.Жәмішевтің арғы атасы Таспақожа Көшекұлы да ақын болған. Бір жақтан шаршап келе жатқан Таспақожа құдық басында атын суарайын деп астауға су құйса, аты үркіп суды ішпепті. Ашуға мінген Таспа атын қамшымен тартып-тартып жіберген екен. Артында тұрған ақын Ұлбике Жанкелдіқызын (1825-1849 жж.) байқамаған. Сонда:
Інісі Күдерінің Таспақожа,
Атыңды неге ұрасың басқа қожа?
Ретсіз қамшыңды жұмсай берсең,
Боларсың нағыз кедей қасқа қожа, – деген екен. Осыдан Ұлбике мен Таспақожаның айтысы басталады. Бірақ бұл айтыстың толық мәтіні бізге жетпеген. Өзімен тіресуге, сайысуға лайықты сөзі  де, ойы да мағыналы Таспа ақынмен айтысу Ұлбикенің өнерінің өресін кеңейтіп, ажарын аша түссе керек.
Көптеген діни, заманауи ғалымдар, ақын-жазушылар, Кеңес Одағының батыры, Еңбек Ерлері шыққан «Шіркейлі» ауылы – менің де кіндік қаным тамған қасиетті жер. Тек аудан, облысқа ғана емес, қазір республикаға танымал әншілер: Назерке Нұрадинова, Гүлфира Алиханова, актер Мағауия Қозбағаров, т.б. көптеген танымал тұлғалар осы ауылдан шыққандар.        
Ә.Жәмішев – лирик ақын, оның жүрек те­бі­рентер, көңіл күйді қозғайтын өлеңдері баршылық.  1948 жылы 18 жасында өмірден озған інісі Әбілге арнаған өлеңін зарығып, торығудан, қайғыға құса болудан гөрі жігерін қайрай түсетін мына жолдармен аяқтапты:
Дүлей тағдыр, тізгініңе көнбеймін!
Қыңыр тартсаң, тезге салып жөндеймін!
Бұл өмірден енші алмақ болып екі есе,
Інім үшін өзім үшін терлеймін.
1949 жылы жазған «Бала болып кетемін» атты өлеңінде туған ауылына деген сағы­нышын, балалық базарында өткен қызық кездерін:
Қандай рахат, шіркін-ай, далам бүгін,
Күлім қағып жабықтан қарады күн.
Туған үйде тұр екен мені күтіп,
Қалып қойған қоштаспай балалығым, – деп өрнектепті. Осы бір сезімге толы шу­мақтар кез келген оқырманды балалық шақ­тарына жетелейтіндей әсер беретіні шындық.
Туысы, құрдасы, жерлесі, әріптесі – Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановпен ақын Әбіраш Жәмішев кезінде тылда талмай еңбек еткендер. Ол жайлы:
– Анамның еріп соңына,
Ұстадым орақ қолыма.
Қиыны арық қазу ғой,
Атқара бердім оны да, – деп толғайды ақын.  
Ұлдарын соғысқа аттандырған, олардың аман оралуын зарыға күткен қарттармен, аналармен, қызықтары басылмай жатып же­сір қалған жеңгелерімен жеңіс үшін жас­тай еңбекке араласқан ақын Әбіраштың шығар­ма­шылығында  соғыс тақырыбы ерекше орын алады. Туған ағалары Ахметжан мен Сабыр­дан айырылған ақын:  
Айта алам: «Қазір ауыл байыпты деп,
Тұрмысы қалаға да лайықты, – деп,
Ал бірақ айта алам ба, – соғыс салған
Жандағы жарақаттан айықты» – деп жырлайды.
Еңбекпен есейген Әбіраш аға шығар­машылығында еңбек адамдарының есім­дері ерекше аталады. Санаулы күнде 90 жыл­дығын тойлағалы отырған Сырдария ауданын ондаған жылдар басқарып, халықты толағай табыстарға жетелеген еңбек және соғыс ардагері Еламан Жүнісбаев (1922-2006  жж) жайлы:    
Кешегі жойқын жорық жылдарында,
Жасқанып жаудан жүзін бұрмадың да.
Күні-түн оқ пен отты кешіп жүріп,
Бетпе-бет сұм ажалмен тұрмадың ба?! – дей келе, оның облыс, аудан экономикасы мен әлеуметтік дамуына қосқан мол үлесін өлең жолдарымен өрнектеп, нарық жағдайында көп ретте жетіспей жататын ұрпақтар сабақ­тастығына меңзейтін төмендегідей оралымды оймен:  
– Көп-ақ қой толғантқан ой мүлде тегі,
Дей алман: бәріне оның тіл жетеді.
Қашанда өзіңіздей жақсы ағалар.
Жақсы іні болуды да үйретеді, – деп тәмам­дайды.
Әбіраш ағаның туған ауылы «Шіркейліні» бірнеше жыл басқарған еңбек және соғыс ардагері Жаңабай Азаматовтың (1913-1996 жж.), Бесөзек ауылдық кеңесін ұзақ жыл­дар басқарған Жақып Ыдырысовтың (1908-1980 жж.)  ерен еңбектері де  ақын шығар­машылығынан тыс қалмапты.
Ақын Әбіраш Әл Фараби атындағы Ұлт­тық университеттің (бұрынғы С.М.Киров атындағы) журналистика факультетін (1956 ж.) бітірген. Шығармашылық ортаға студент кезінен бас­тап-ақ араласқан ол «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан), «Қазақ әде­биеті», «Жұлдыз» журналы, «Заман Қазақс­тан», «Түркістан» газеттерінде  жемісті еңбек еткен. Бірнеше өлең жинақтары, репортаждары жарық көріп, көптеген әндерге мәтін жазған лирик ақын әрі аудармашы. Кезінде республикалық деңгейдегі  марапаттардың иегері атанды. Бүгінде ауылы «Шіркейлідегі» іргелі мектеп Әбіраш Жәмішевтің есімімен (1996 ж.) аталады. Мектеп ұжымы (директоры Жанболат Назаров) аудан бойынша көптеген көрсеткіштерден алдыңғы санатта келеді. Өткен жылдан бастап мектеп оқушылары ҰБТ көрсеткішінен аудандағы 17 мектептің алдында тұр. Аудан әкімдігі жариялаған 32 ұсынымнан тұратын «Үздік білім Ордасы» атты байқауды жеңіп алды. Бұл жетістіктер мектеп ұстаздары мен оқушыларының өздері есімін паш ететін ақын Әбіраш Жәмішевтің 90 жылдығына арнаған тартуы болса керек.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,
ҚМУ-дің профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<