Ел мүддесімен ұштасқан ұстаным

1068

1

Шіркін, уақыт неткен жүйрік десеңізші? Күні кеше ғана сияқты еді. Туған жері Шағанның топырағын жалаңаяқ кешіп, қалың тоғайды аралап, жиде терген, тай жарыстырып, одан қалды, «Шіркейлі» мен «Тоқалөзек» каналына құрдастарымен суға түсіп, ойнап жүрген ауылдың қарадомалақ баласы бүгінде пайғам­бар жасы 63-ке келіп қалыпты.

Бала кезінен табиғатпен біте қайнасып, қысы мен жазын, күзі мен көктемін қуана қарсы алып, қызықтаған сәби жүрекке Жаратқан ием аңғарымпаздық пен адалдықты, сезімталдықты, турашылдық пен төзімділікті, қайсарлық пен табан­дылықты там-тұмдап болса да берген екен. Бәлкім, осы қасиеттер Мәкеңді журналистикаға жетелеген болар. Әйтеуір жүрек түкпірінде «журналист болсам» деген арман мазалап кетпей қойды.

Ауыл баласы болған соң еңбекке ерте араласты. Шаруашылықта трактор, комбайн айдап, жаздың аптабында жоңышқа дайындауға ат­салысты. Көктемде жер жыртып, күзде егін жинауға қолғабыс жасады.

Кейіннен отбасы жағдайымен Терең­өзек кентіне көшкен. Еңбек­пен ерте есейген Мәкең мектеп қабыр­ғасында 8 сынып оқып жүр­генде-ақ шағын өлеңдер мен новеллалар жазып назарға ілінді. Еңбек жолын қарапайым құрылысшыдан бастаған ол тұрғын үйлер, мектеп, аурухана секілді ғимараттар салуға үлес қосты. Адамдардың бәрі сәнді де сапалы, ауласы жасыл желек жамылған, жеміс-жидегі төгілген үйлерде тұрса ғой деп армандайтын. Сол бір сезім әлі күнге дейін жүректе сақтаулы. Құрылыста ең­бек ете жүріп, Тереңөзек аудан­дық «Еңбек туы» газетіне мақалалар, өлеңдер бере бастаған кез­де-ақ Мәкеңнің – Мейрамбек Шіл­дебайұлының халық арасында «тіл­ші бала» атанып кеткені бар. Аудандық газеттің жауапты хатшысы, бүгінде белгілі қарымды қа­ламгер Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Еркін Әбіловтің ұстаз ретінде Мәкеңе көрсеткен көмегі көп болды. Сөйтіп жыл санап Мәкең мол тәжірибе жинақтады.

Өзінің ізгі арманы, жүрек қа­лауы – журналист болуды аңсаған Мәкең 4-5 жыл қатарынан Алматы қаласындағы Қазақ Мемле­кеттік университетіне оқуға барды, түсе алмады. Ақыры 1980 жы­лы дайындық бөліміне, одан кейін бірінші курсқа қабылданып, өзінен 7-8 жас кішілермен өткізген сту­денттік кезі – өз алдына бір тұнған тарих.

Сонау 1986 жылы Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіне қарапайым тілші болып қызметке орналасқан сәттен бастап Мәкең түрлі жанрда қалам тартып, көзге түсті. Әсіресе қоғамдағы түрлі құбы­лыстар, көкейтесті мәселелер жөнінде проблемалық және сыни мақалалары, моральдық-адам­гер­шілік тақыры­бын­дағы дүние­лері жұрт­шы­лық көңі­лінен шықты. Өн­дірісті дамыту, ауыл шаруа­шы­лық салаларын әртарап­тандыру, құрылыс саласын өркендету, жолдарды жөндеу, көркейту-көгал­дан­дыру, абаттандыру, бәрі-бәрі назардан тыс қалған жоқ.

«Партия тұрмысы» бөлімінде тілші болған М.Шілдебайұлының қайта құру, тоқырау, шаруашылық есеп, өзін-өзі ақтау, қаржыландыру кезеңдерінде, Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында нарықтық экономика негіздері жайында қозғаған мәселелері қомақты болды. Сол жылдары шаруашылықтарда көк­өніс-бақша өнімдерін молайту үшін жылыжайлар салу қолға алынған-ды. Бірақ кейіннен тоқтап қалды. Мал шаруашылығын дамыту мәсе­лесі де мардымды іске аспады. Бұл маңызды мәселелерді де Мәкең жиі-жиі көтеріп отырды.

Ауданның әлеуметтік-экономи­ка­лық және рухани өміріндегі барлық салаларға қалам тартып, ел алғысына бөленген Мәкеңнің аудан әкімінен алған Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, басқа да марапаттары баршылық.

Аудандық газеттің жауапты хатшысы, одан кейін редактордың орынбасары болып қызмет атқарған кездері газеттің сапалы да көркем, тартымды әрі мазмұнды болып шы­ғуына үлесін қосты.

«Уақыт өз дегенін істейді» деген рас-ау. Сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан, 1990-1995 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетімен етене араласып, өзекті мақалалар жазған Мәкеңе аймақтың бас басылымында еңбек етудің сәті 2000 жылы бұйырыпты. «Сыр бойы» газетіне меншікті тілші болып орналасқан Мәкең осы басылымда еңбек еткен майталман журналистерден тәлім-тәрбие алып өсті. А.Ержан, Қ.Данабаев, Қ.Мыр­захметов, Ж.Ақсақалов ағаларының да жазу стилін, шеберлігін үйренуге тырысты. Басылымның сол кездегі басшылары бүгінде марқұм болып кеткен Ә.Рақымбекұлы, Ж.Рах­ма­тулла, О.Мақсұтұлы ағаларының ақыл-кеңестері игі ықпалын, зор әсерін тигізді.

Журналистиканың темірқазығы іспетті әділдік, оперативтілік, ха­лық­шылдық, ұлтжандылық, ізгілік секілді ұстаным-принциптерін же­те түсінген Мейрамбек Шілде­бай­­ұлы облыстық газеттің Қар­мақ­шы, Жалағаш, Сырдария аудан­­да­рындағы аймақтық тілшісі қыз­метін абы­роймен атқарды. Үш аудан өмірін жан-жақты қамтып, халықпен етене араласып, дос-жа­ран таба білді. Еңбегі ерекше баға­ланып, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының арнайы дипломымен, үш аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, тағы да басқа толып жатқан марапаттарға ие болды.

2008 жылғы ақпан айының соңы… Су тасқынының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған ар­найы топпен Қармақшыдан Жала­ғашқа тікұшақпен ұшу кезін­де апатқа ұшырап, Құдайдың құдіре­тімен аман қалғанын ел жақсы біледі. Сол кездері тұла бойы түгел сынып, аяқ-қолы, бұғана-қабыр­ғасы, омыртқасы опырылып жатса да, ауру­ханаға келген әйелі Роза Нұра­динқызына «Мына қағазды «Сыр бойына» салып жібер, ертең осы мақала шығуы керек» деген сөзі ел арасында аңыз болып тарап кетті. Өлім ауызында жатса да, жұмысты ойлаған Мәкеңе сол кезде дәрігерлер де қайран қалыпты.

Журналистікті мамандық ретін­де ғана емес, жүрек қалауы деп қабылдаған Мейрамбек Шілдебай­ұлы – ұстанымын ел мақсатымен ұштастырған қалам иесі ретінде құрметті де сыйлы жандардың бірі. Құдай қосқан қосағы, асыл жары Роза Нұрадинқызы тікұшақ апатына ұшыраған жұбайын төрт жыл емдетіп, бағып-қағып, аяғынан тік тұрғызды. Бірақ өзі науқастанып дүниеден ерте кетті. Қаншалықты ауыр болса да, Мәкең осы қиын­дыққа мойымай, қыздары мен ұл­дарын құтты орнына қондырды. Үлкен қызы Перизат – екі баланың анасы, ауданда эпидемолог-дәрі­гер. Екінші қызы Жазира – Тараз қаласындағы «Ежелгі Тараз ескерт­кіштері» мемлекеттік тарихи-мә­дени қорық-музейінде бөлім басшысы, 3 баланың анасы. Үлкен ұлы Мейірбек құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Шаңырақтың шаттығы, ажары мен базары, кішкентай да сүйкімді немересі Ғизаттың әкесі. Келіні Інжу – мұғалім. Ал кенже ұлы Абай – Қазақстан халқы Ассамблеясы Сырдария аудандық бөлімінде сарапшы болып қызмет етіп жатыр. Бүгінде Мәкең 6 немеренің атасы.

 Еңбегімен елге танылған, өзінің азаматтық және кәсіптік міндетін бұлжытпай орындай білетін Мәкең­нің әлі де жазары, берері мол деп есептейміз. Мамырдың мамыражай алғашқы күнінде дүниеге келіп, Пайғамбар жасына жетіп, құрметті зейнет демалысына шығуымен шын жүректен құттықтай отырып, бала-шаға, немере-шөберелердің қызығын көре беріңіз демекпіз.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<