Наурыз  – ЮНЕСКО қорғауындағы мұра

2041

0

Наурыз мерекесі 2016 жылы 30 қарашада Эфиопия астанасы Аддис-Абебада өткен ЮНЕСКО-ның 11-сессиясы шешімімен материалдық емес мұралардың репрезентативті тізіміне еніп,   халықаралық деңгейде қорғауға алынған. ЮНЕСКО тарапынан Наурыз мерекесі «(с) Әдет-ғұрыптар, салт-жоралар, мейрамдар» санаты бойынша Қазақстан (Наурыз), Ауғанстан (Nawrouz),  Әзербайжан (Novruz), Индия (Nowrouz), Иран (Nowrouz), Ирак (Nawrouz), Қырғызстан (Nooruz), Өзбекстан (Nowruz), Пакистан (Navruz), Тәжікстан (Nevruz), Түркіменстан (Nowruz), Түркия (Navruz) мемлекеттерімен ортақ мұра болып бекітілген.

Бұл мейрам – парсы жерінде пайда болып, ежелгі Тұран халқының Иран патшалығымен этномәдени байланыстары негізінде ерте түркі тайпалары  арасында тараған рухани құндылық. Оны тойлайтын халықтардың барлығы үшін ортақ мүдде – адамдардың табиғатпен тіл табысуы, жыл басын ізгі ниетпен, жақсы көңілмен қарсы алып, тыныштық, молшылық тілеу, реніші болса бір-бірін кешіріп, этикалық-моральдық қатынастарын реттеу. Наурызда атқарылатын ғұрыптар, рәсімдер халықтардың дәстүрлі мәдениетімен, наным-сенімдер жүйесімен тығыз байланысты.

Деректер құндылығы

Мерекенің қалыптасуы, маңызы туралы жазба деректерді ортағасырлық шығыс жазба деректер, ортағасырлық миниатюралар, көне көркемсуреттер, қазақ қолжазбалары, Алаш қайраткерлері жазбалары, фольклорлық деректер, ауызша деректер, күнтізбелік білімдер,  алғашқы баспасөз жарияланымдары құрайды. «Наурыз» – кешенді, пәнаралық зерттеу нысанындағы мәселе, сондықтан біз бұл мақалада тек бірқатар ақпаратпен ғана шектелеміз.

Шығыс ғұламасы Омар ибн Ибрагим әл-Хайямның  «Nowruz naman» атты бірін-бірі толықтыратын қолжазбасының бірі Германияның Берлин мемлекеттік кітапханасында, бірі Лондондағы Британ Ұлттық музейінде сақталған. Сельджук сұлтаны Мәлік шахтың ұлы Санжардың өлімінен кейін Мәлік шахтың мұрагерлері обсерваторияға материалдық көмек беруді тоқтатқан. Зерттеушілердің пайымдауынша, Омар Хайям бұл қолжазбаны 1157 жылдары Сельджук сұлтандығының жаңа билеушілеріне обсерваторияның ғылыми маңызын түсіндіру мақсатында жазған. «Nevruz name» – Күн қозғалысына негізделген күнтізбенің тарихы мен күнтізбелік реформалардың жүзеге асуы, исламға дейінгі Иран, Парсы елдеріндегі Наурыз мерекесінің қалыптасуы, тойлануы, оған қатысты аңыздар мен әңгімелер, атрибуттары жайында жазылған бірегей туынды.

«Nevruz name»-ні алғаш Иран зерттеушісі Мужтаба Минави ағылшын және парсы тілдеріне аударып, 1933  жылы ғылыми айналымға ендірген. Қазіргі таңда осы нұсқа орыс және Орта Азия халықтарының тіліне аударылған. Махмұт Қашқаридың «Түркі тілінің сөздігі», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» жазбаларының байырғы түркілердің күнтізбелік білімін саралауда маңызы зор. «Бабырнама» жазбасының, Абай Құнанбайұлының ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде сақталған қолжазбасының Наурыздың түп-тамырының тереңдігін саралауда маңызы ерекше. Қазақ халқының ғұламалары Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы,  Мұхтар Әуезов жазбаларында мерекеде атқарылатын көне ғұрыптар жайлы маңызды ақпараттар береді. Күн мен түннің теңелуі, күн қозғалысына негізделген күнтізбе туралы маңызды жазба деректердің де қатары аз емес. «Туркестанские ведомости» газеті және ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы қазақ басылымдары беттерінде де бірін-бірі толықтыратын маңызды жарияланымдар жеткілікті. Қазақ есепшілерінен келіп жеткен дәстүрлі күнтізбелік халықтық білім жүйесіне қатысты деректердің шоқтығы бөлек.

Ескі Юлиан күнтізбесі бойынша шығыстық Жаңа жылдың бірінші күні 9 наурызға, жаңа Григориан күнтізбесінде 22 наурызға сәйкес келген. Алаш зиялылары түркі халықтары мұрат еткен шығыстық Жаңа жылдың жаңа күнінде  Наурыз мерекесінің мән-мағынасы туралы өз ойларын жазып, халықты құттықтап отырған. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар  және ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ басылымдары  байырғы қазақтардың Наурыз мерекесін атап өтудегі ерекшеліктерін айғақтайтын құнды деректер жариялаған. «Қазақ» газеті шығып тұрған уақытында әр жыл сайын 9 наурызда газеттің бас айдарын Наурыз тақырыбына арнаған. Сол күні жарияланатын редакциялық құттықтау мақалалар Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовқа тиесілі. «Мадияр» есімімен Міржақып Дулатов «Қош келдің, Наурыз!» атты жазбасын «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №75 санында жариялаған. Мағжан Жұмабаевтың «Наурыз» жазбасы да Жылдың жаңа күніне орай жазылып, сол кездегі «Жаңа мектеп» журналына шыққан. 1926 жылы Кеңес үкіметі  мерекенің діни сипаты бар деп, ресми тыйым салғанымен, Алаш қайраткерлері бұл тақырыптан ажыраған емес.  Бейімбет Майлин «Наурыз күні» өлеңін 1926 жылы тойлауға ресми тыйым салынғаннан кейін, «Наурыз тілегі» өлеңін 1927 жылы, «Жаңа тілек» өлеңін 1928 жылы жазған.

Омар Хайям «Наурызнама» қолжазбасында мерекенің Заратуштра дінінен бұрын пайда болғанын айтады. Аңыз бойынша, Тәңір күнді жаратарда оған ерекше ықылас-мейір төккен, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған. Күн өзінің жылдық айналымында әр жұлдызды бір айда басып өтеді. Күн он екі жұлдызды бірінен соң бірін толық басып өткенде күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептеледі. Парсы патшалары дәл осы күнді айырықша атап өту үшін баршаға мәлімдеп, мейрам деп жариялаған. Жылдың басы парсыша фарвардин айы деп аталды.

Парсы күнтізбесінде наурыз ай аты емес, жылдың басындағы фарвардин айының басындағы 1-күннің, яғни жаңа күннің аты, қазақтар бұл күнді «Ұлыстың (жылдың) Ұлы күні» дейді.  Махмұт Қашқари жазбасы бойынша ерте түркілер Наурыз күнінен  кейінгі айды «Оғlақ аj»/«Оғлақ айы», яғни «көктем айы», ал одан кейінгі екі айды «Uluқ aj»/ «Ұлы оғлақ ай», яғни «үлкен көктем айы» деп атаған.

Қазақтар арасында Наурыз мерекесін тойлау бірнеше күнге жалғасып, ол да Наурызнама деп аталған. Мереке жайлы деректердің кейбіріне назар аударып көрейік:

Омар Хайям: «…Үш жүз алпыс бес күннің (күндіз-түнінен) ширегінен тұратын ұлы дәуірді «Ұлы жыл» деп атады да оны төрт бөлікке бөлді. Үлкен жылдың төрт бөлігі өткенде үлкен Наурыз болады. Бұл кезде дүние жаңаланады. Патшалардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап әрі жыл есебін белгілеп алу үшін, тыныштық өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері ләзім. Кімде-кім Наурызды мейрамдап құшуақ жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді»;

Абай Құнанбайұлы «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты жазбасында: «Ол күнде Наурыз деген жазғытұрым мейрамы болып, Наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күні «Ұлыстың ұлы күні» үйде екен, дейді екен»;

Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама… Үйсін Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болған»;

Міржақып Дулатов: «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі,  Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда, Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді… ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз», – деген.

Мәшһүр Жүсіптің жазбасын сараласақ, жиырма тоғыз жасында Ғабдоллахан бай өткізген Наурызнама тойына сегіз күн бойына қатысқанын айтады. Сондай-ақ, арғынның айдабол руынан шыққан Едіге би Баянауылдан қасына жүз кісі ертіп, Наурызнама жасатамыз деп Қызылтауда Сәті қыстауында отырған Сәті байдың ауылына барған оқиғасын баяндайды. Сәті қансонарға кеткен екен, Баяу атты бәйбішесі жүз кісіге бір күннен бір күнді асырып, Наурызнама береді. Қансонардан келген Сәті бай Едіге би тамырына «бұл Наурызнама Баяу бәйбішенікі болды, мен оған ортақтаспаймын, менің Наурызнамам сыймен болсын» деп, Едігеге түйе бастаған тоғыз, қалған жүз кісісінің біріне түйе, біріне ат мінгізіп қайтарған екен. Наурызнама жасаудан қазақ халқының дархан көңілі көрінеді әрі бұл қазақтың ауқатты, бай адамдарына сын болған. Бұл күні Наурызнама тойының мемлекеттік, әкімшілік сипат алуы – оның заманға сай өзгеріске ұшырауының әсері.

Жойылған көне ғұрыптар

Жазба және ауызша жеткен деректерге сүйенсек, қазіргі жаңғыртылған Наурыз мерекесі жаңаша тойлау форматына трансформацияланған.

Мереке аясында орындалып қазіргі таңда жойылып кеткен ғұрыптар жеткілікті. Көне ғұрыптардың бірқатары көшпеліліктен отырықшылыққа ауысу кезеңімен байланысты қолданыстан шығып қалған. Жойылған, бірақ жазба деректерде қалған  ғұрыптар қатарын Сыр бойы қазақтарының тарихи дәуірлердегі дәстүрлі мәдениетінен іздеуге болады.

«Наурызда Самарқанның көктасы да жібиді» деп ренжіскен адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, мейірімін көрісумен бекіткен. Қазақтар арасындағы «Самарқанның көктасы да жібиді» сөзінің астарында адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасы жатыр. Мифтік аңыздың бірінде Ұлыстың Ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде Самарқанда көктас қас-қағым сәтке ғана еріп, пышақты сұғып алуға болатындай балқиды екен-мыс. Осы балқыған сәтін бақылап отырып, сұққан пышақты тез суырып алмаса, пышақ  та тас болып қатып қалады-мыс. Наурыз мерекесімен байланысты аймақтық ерекшеліктер қатарында Сырдың төменгі ағысы және Қызылқұм қазақтарының Наурызда Самарқанның көктасы жібиді деп, ата-бабаларының мазарының басына көктас (құлпытас) қоюға тас әкелуге Самарқанға аттанғанын немесе кіре тартушыларға тапсырыспен алдыртқанын айтуға болады. Самарқаннан әкелінген тасты жергілікті жерде қайрақтас, самарқантас деп те атаған. Самарқантасты Сыр қазақтарының наурызда алдыртуы жайында әңгімелер көнекөз қариялар арасында әлі де кездеседі. Самарқандта құлпытас өңдейтін шеберханалар болған. Ақтөбедегі «Хан моласында» Кіші жүз ханы Әбілқайырдың басындағы құлпытас та «самарқантас» аталуы тастың Самарқанда дайындалуымен байланысты (негізінен Ақтөбе қорымдарындағы басқа құлпытастар жергілікті тастан жасалған). Қызылқұмның үстінен Орта Азияға апаратын керуен жолының бірнеше  бағыты түскен. Самарқантасты жергілікті кірешілер де тасыған. 

Қазақ жерінің оңтүстігіндегі қазақтар наурыздың басында көктеуде отырған. Алғашқы ауыл шаруашылығы санағы кезінде 1907 жылы статистер Сыр қазақтарының көктеуге 1 наурыздан бастап-ақ қоныстанғанын, Сырдарияның сол жақ бетінде қыстаған қазақтардың көктеулік қонысқа Сырдарияның мұзы сөгілмей тұрып, ақпан айының соңында мұз үстінен өтіп алғанын тіркеген.

Сыр қазақтарының көктеуге көшердегі отпен аластау, қауақ сындыру көне ғұрпы туралы Н.Гродеков, Ә.Диваев  жазбаларында қызықты деректер кездеседі. Қыстаудан көктеуге көшке шығар алдында жолдың екі жағынан үлкен екі от жағады, әйелдердің жасы үлкені қауақтан жасалған ыдысты алып «қауақ сынды қайғы кетті» деп қауақты сындырады. Одан кейін жағылған екі арасынан жүк артылған түйелерді өткізеді, одан кейін адамдар «алас, алас, бәледен қалас» деп оттан секіріп, тазару ғұрпын жасап, қыстан аман-есен шыққандарына тәубешілік етеді. Міржақып Дулатов:

– Қуаныш мал мен жанда,

Қыс шыққан өлмей тірі,  – деген.

Қазақтардағы «Бай бір жұттық, батыр бір оқтық» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр.  Тіршілік қамын қамтамасыз ету жүйесі төрт түлік малмен тығыз байланысты, амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп сұрауы – осының дәлелі. 

Байырғы қазақтар Наурызда кетік аяқ (ыдыс) болса сындырып, ескі заттарды «бәле-жала осымен кетсін» деп жерошақ қазып, отқа жағып, күлін көміп тастаған. Бұл ғұрып ескі зат үйдегі ошаққа тасталмағандықтан «моғал ошақ қазу» деп аталған. Қазақтар арасында ертеде Қайрақанды көшіру, төрткөз сарыаяқ итті өлтіру, жұп шырақ жағу ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптарды кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қариялардан жазып алған. Аластау, шырақ жағу рәсімдерінің архисемасы (түпкі мәні) – От Әулиеге (От Құдайға), отқа табынумен (зороастризммен, шаманизммен) байланысты сенім. Қазақтардың сенімінде Қайрақан – жамандықтың иесі саналған мифтік бейне. Ыдысқа сүт құйып, «Қайрақан көш, көш» деп, ыдыстағы сүтті дүниенің төрт бұрышына шашады. Күнделікті сенімде қазақтар ағарғанды төкпейді, қасиетті ас санайды. Мұхтар Әуезов «Қарақыпшақ Қобыланды» пьесасын жазғанда «Қайрақан» сөзін Тоқтарбай мен Қараманның аузына салады. Пьеса желісінде Қобыланды мен Құртқа бас қосқанда «отқа май салып» От Анаға сыйыну ғұрпы үстінде Тоқтарбай: «Қарғысы қатты Қайрақан, қарғысынан сен сақта» деп бата жасайды. Қайрақан қазақтар арасында «Қайраған» деген атаумен де кездеседі.  Қайраған (Қайрақан) образы С.Сейфуллин жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінде де кездеседі:

«Көш, Қайраған, көш», –  десіп,

«Көз көрместей, өш!», – десіп».

Қазақтардың байырғы сенімінде Қайрақан жамандықтың иесі саналған мифтік бейне болса, керісінше тыва, телеуіт, алтайлықтар сияқты түркі халықтарының сенімінде ол қастерлі, қасиетті күш иесі, «тау-су» иесі. Қазақстандық этнограф, этнолингвист ғалымдардың пайымдауынша «Қайрақан» образының қазақ халқындағы сипаты көне түркілік, исламға дейінгі реликтермен байланысты, ал Алтай түркілеріндегі сипаты олардың моңғолдармен энто-мәдени тілдік қатынастың әсерінен қалыптасқан болуы керек.

Қазақтар төрткөз итті асырамаған, көрсе қуып жіберген, ал Наурыз кезінде көрсе қан шығармай күшәлә беріп өлтірген екен. Ал күнделікті өмірдегі наным-сенімінде ит тотемінің маңызы жоғары саналады. Бұл күні осы айтылған ритуалдар да  жойылып кеткен.  Ғұрыптардың жойылуы қазақ даласына ислам дінінің дендеп енуімен байланысты екені анық. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: «Төрткөз итті өлтіру, моғал ошақ қазу, жұп шырақ жағу ескі заман дін мейрамынан туған. Жұп шырақ жағу – байырғы қазақтардың аспан, Көк тәңіріден кейінгі сенімі от иесіне арнаған тілегі» деген. Осындай аластау ғұрыптары көшпеліліктен отырықшылыққа ауысу кезеңінен бастап жойылған.

Мәшһүр Жүсіп «Наурыз» атты қолжазбасында Наурызманың тойының соңғы «Тойтарқар» күні әулиенің басына барып, сол жердегі көлшікке қант төгіп, қант татыған тәтті суды жұрт жабыла ішіп, ырым қылғанын айтады. «Тойтарқар»  күні әулиеге тәу ету, әулие басынан су ішу астарында қазақ халқының бірлік пен татулықты берік ұстанғаны көрінеді. Бұл күні Наурызнамада бұлақ басына барып тәтті су ішу ғұрпы да өткеннің еншісінде қалды.

Қазақтар наурыз айындағы күннің ұзаруын «Ұзынсары» деп атайды. Ұзынсарыға деп қысқы соғымнан шеке, ет, кептірілген ірімшік және қарынға салып май, жент сақтаған. Жент дастарханымыздан үзілмегенімен, ұзынсарыға деп арнайы қарынға салып қатырып сақтау ғұрпы жойылды. Наурызға деп соғымға сойылған жылқының шекесін сақтау, шекеге шақыру  ғұрыптық ас рәсімін Наурызда жасау – қазіргі кезде Шығыс қазақтары арасында сақталып қалған отбасылық дәстүр. Шығыс қазақтары «мал басы бұзылмасын, келесі «қызылға» (соғымға) аман-есен жеткізсін» деген ырыммен осы күні де бас, шекені етпен бірге асып, көжені сол сорпаға жасауды сақтап отыр.

Наурыз көженің Шығыс қазақтарының арасында «көп көже», «қос көже», Жетісу қазақтары арасында «тілеу көже», «жылы көже» атауы аймақтық ерекшеліктермен қатар, ғұрыптық ас ретіндегі мәнімен байланысты. Қазақтың наурыз көжесінде соғым сыбағасы мен ағарғанның болуы дәстүрлі мал шаруашылығы төрт түлікпен байланысты болса, ал отырықшы мәдениет басым халықтар осы мерекедегі ғұрыптық ас мәзірін өз дәстүріне қарай бейімдеген. 

Наурыз мерекесі ерте заманнан түркі дүниесіне ортақ  мұраға айналғанымен, әр халық бұл мерекені өзінің дәстүрлі әдет-ғұрыптарына, дәстүрлі тұрмыстарына, дәстүрлі шаруашылықтарына сай бейімдеген. Наурыз мерекесінің ғұрыптары тарихи дәуірлердің ауысуы, мәдени үдерістердің дамуына байланысты өзгерістерге ұшырап отырған. Он екі ай атын қазақшалағанда, біз «Наурыз» деген Жаңа жылдың бірінші күнінің атын ай атына меншіктедік. «Көрісу» – екі адамның бірін-бірі көргенде немесе арнайы амандық біле барып құшақ айқастырып, қауышып, атқаратын ғұрпы.  Осы күнгі инновациялық қоғам әсерінен онлайн көрісу-құттықтау орын алып, ғұрыптық, архайкалық мәнін адамдар қолдан өзгертуде. Наурыз – мәдени мұра ескерткіші ретінде зерттеу  нысанында. Қазіргі таңда Наурыз ғұрыптарының жаңаша сипат алуы басым болуы себепті тарихи дәуірлердегі болмысын ашу, жазба деректер мен ауызша деректерді салыстырмалы сараптау, Наурызға қатысты дереккөз базасын классификациялау ісін өзім қызмет атқарып отырған ортаның этнограф ғалымдары жалғастырып келеді.

Тәттігүл Картаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология,

этнология және музеология кафедрасының профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<