РИЗЫҚТЫ АРТТЫРАТЫН РИЗАШЫЛЫҚ

1412

0

    Біздің күнтізбемізге соңғы жылдары ғана енген Алғыс айту күнінің әлем елдеріндегі тойлану тарихы тым тереңде әрі тойлану сипаты да әрқалай. Әрқайсысы әр мезгілде атап өткенмен, барлығының түп негізінде адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі жатыр. 

Әу баста мереке  Құдайға жеткілікті ырыздық бергені үшін, отбасы мен достарына ізгі қарым-қатынасы үшін ризашылық білдіруден басталған. Диқандар күзде мол өнім жинағаны үшін табиғатқа, Жаратушыға алғыс айту үшін жиналған. Кейін АҚШ пен Канадада бұл мереке діни негізін жоғалтып,  жалпыхалықтық сипат алды.

Америка жағалауларына 1620 жылы алғаш табан тіреген ағылшындар асау мұхиттың толқындарымен арпалысып, қарашаның аязды күні қазіргі Массачусетс штатына әзер жетіпті. Келгендердің жартысынан көбі қатал қысқа шыдамай, аштық пен аурудан қырылып қалды. Тірі қалғандары жергілікті үндістермен бірігіп колония құрып, солардың көмегімен жер игеруді бастайды. Егін бітік шығып, колония губернаторы Құдайға ризашылық күнін жариялайды. Мерекеге өздеріне көмек көрсеткен үндістерді көсемімен бірге шақырады.

Кейін АҚШ-тың тұңғыш президенті Дж.Вашингтон 26 қарашаны – Ризашылық күні, ұлттық мереке деп бекітті. Қазір бұл елдегі осы күннің қалыптасқан дәстүрлері бар. Бір отбасының мүшелері үлкен үйге жиналып, мерекелік дастархан жасалады. Дәмді етіп пісірілген түйетауықты, мүкжидек тұнбасын, асқабақ бәлішін  дастарханға қойып, бір-біріне құрметін білдіреді.

 Канадада тойланатын Ризашылық күнінің американдық мерекемен түбі бір болғанымен, кейбір өзгешеліктері бар. Алғаш 1578 жылы ағылшын теңіз саяхатшысы М.Фробишер өз сапарластарына мұзды жағалаудан аман-есен өткені үшін алғыс айтқан. ХІХ ғасырда бұл күн ұлттық мереке ретінде жарияланды. Канада парламенті 1957 жылы мерекені қазанның екінші дүйсенбісіне ауыстырды. Бұл кез егін жинайтын уақытпен сәйкес келеді. Ризашылық күнінде канадалықтар да түйеқұс пісіріп, картоп езбесін, жүгері қойып дастархан басына жиналады. Халық шерулетіп, жаппай қыдырады. 

Немістер де бұл мерекені күзде, қазанның алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Мол өнім мен несібе бергені үшін туған жердің жомарттығына алғыс білдіруді фестивальға айналдырған. Бұл күні шіркеулер мен қалаларда, әсіресе ауылдарда салтанатты шаралар өтеді.  Оған қатысушылар қолдарына жеміс-жидек, дәнді дақылдар, гүлдер ұстап шығады. Дастарханға құс еті қойылады.

Еңбекқор жапон халқы бұл күнді еңбекке ризашылық күні деп белгілеген. О баста жұмысшылардың құқын қорғау үшін атап өтілген болса, қазір саяси сипаттан ада, ұлттық мерекеге айналды.   

Қытайлықтар Ризашылық күні жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып,  астықты жинап алғаны үшін Айдаһарға алғыс айтудан бастайды. Әдемі киініп, шеруге шығады. Кешкілік айға қарап,  жақсылық, молшылық болуын тілейді.

Ризашылық мерекесі Кариб аралдарына қарасты Гренадада демократиялық билікті қалпына келтіруге көмектескен американдық солдаттарға құрмет ретінде, Батыс Африкадағы Либерияда молшылық сұрау үшін, Голландиядағы Лейден қаласы тұрғындары АҚШ-қа алғаш барған ата-бабаларын ұлықтау үшін тойланады.

Дөңгеленген дүниенің әр қиырындағы елдердің салт-дәстүрімен түрленген бұл мереке тағылымға бай. Әсілі «еңбекке, туған жерге, адамдардың бір-біріне ризашылығы ризықты арттырады» деген сенімнің астарында шындық бар.

М.МЕРЕЙ.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<