Сәуірдің ақ таңы

1938

0

Сәуір – жазғытұрым мезгілі. «Сәуір» сөзі араб тілінен енген, мағынасы «өгіз» деген екен. Ал, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Бізге осы «өгіз» сөзінің керегі жоқ секілді. Қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Бұлай аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің ерекше байқалуы. Біз осы айтып отырған сөздерімізге сәл түзету енгізсек, сәуір – негізінен ай аты емес, амал аты. Жақсы, мұның дәлеліне де тоқталамыз.

Әлгінде айтқанымыздай, бұл ай бұрын қазақша «көкек» деп аталған. Мына бір нәрсені еске түсіре аласыз ба? Баяғыда әжелеріміз «қашан» деген біздің балалық сұрағымызға «көкек айында» деп жауап беретін. Сонда бізге көкек айы келмейтін ай секілді көрінетін. Сөйтсек, ол сөздің тұрақты тіркес есебінде қалыптасуында қыстан қысылып, ақ бұрқасыннан әбден мезі болған қазақ шаруасының көктем айына деген сағынышы жатыр екен. Адамның сағынған бір нәрсесі тым алыста болып сезіледі, зарықтырып жетеді. Демек, көкек айын әр адам асыға күтетін болған. Әрине, қазір де солай.

Ал, енді атауға оралайық. Көкекті көпшілік жағамсыз құс деп санайды. «Көкек өз атын өзі шақырады» деп шымшымалап шығарған мақалымыз да бар. Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Бес биенің сабасындай бәйбішелер май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қоятын болған.

 Бұл жөнінде өткен жылы дәл осы айда мақала жазып, жариялаған едім. Ендеше, оған қайта оралмай-ақ қояйын.

Сәуір деген атау ай аты есебінде сөздік қорымызға өткен ғасырдың 90-шы жылдары еніпті. Бұл жайында журналист-жазушы, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің аузынан айтылған мына бір қызық деректі келтірсек, біраз сырға қанығамыз.

«Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде саяси сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол – сәуір айы. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаған.Осы көкек қалайша сәуір болды? «Егемен Қазақстан» газетінде, Шерхан Мұртазаның басшылығында қызмет істеп жүрген кезіміз. 1990 жыл. Компартия бар. Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұртаза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгілеп қойған. Редакторымыздың қабағы түйіле түсті. Телефонның дауыс күшейткішін іске қосқан Шераға бізге «тыңдаңдар» дегендей ишара білдірді: «Сонда көсеміміз Лениннің «Апрель тезистері» дегенін «Көкек тезистері» дейміз бе? – деді ар жақтағы кісі дауысын нығарлап. – Бұл ертең елдің күлкісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке солай көрсетіңіздер…».

Сонымен, «Егеменнің» реттік көрсеткішіне «сәуір» деп жазылды. Содан бері – сәуір. Ленин де кетті. Оның тезис­тері де мәнін жоғалтты. Сәуір сақталып қалды».

Осылайша, ОК-да үлкен қызмет істейтін бір ағамыз ғасырлар бойы келе жатқан ай атын өзгертіп жіберген. Сәуір атауы бұрыннан бар емес пе деп ойлайтын шығарсыз. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөзді мысалға келтірерсіз. Рас, мұндай сөз бар, бірақ, ол ай аты есебінде емес, амал аты есебінде айтылған. Аталарымыз сәуір амалы жақсы өтпей, күн райы­ның да тәуір болмайтынын айтқан. «Сәуір амалы» деген не нәрсе, сонда?

Қазақта әр жыл мезгілінде, әр айда болатын табиғат құбылыстарын «амал» деп атайды. «Отамалы», «Бесқонақ», «Қызыр қамшысы», «Сәуір амалы», «Құралайдың салқыны», «Тобылғы жарған», бұлар – көктем айындағы амалдар. Шамамен көкек айының 20-сыншы күнінде кіретін сәуір амалында шаруалар жаз бұлттарын бақылайтын болған. Бұлт төніп, ыдырамаса, онда сәуір амалы ұзаққа созылып, қырық күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. Сәуір амалы өтпей, сәурік пішуге болмайды. Сәурік – үш-төрт жасар айғыр.

Баяғыда бір бай отамалы амалы өткен соң «өлмеген құлға болды жаз» деп қырық сәурігін түгел тарттырып тастайды. Артынша қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылыпты. Ел ішінде бұл амалдың кейде «қырық сәурік» деп аталуы осы бір оқиғадан қалса керек. Қазақта: «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн», «Сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – сауып тұрған сауын» деген секілді қанатты сөздер бар. Жауын демекші, дінімізде сәуір жаңбырының адам ағзасына берер шипасының мол екендігі жөнінде де айтылған.Жыланның уы, балықтың інжуі, тіпті бал арасының балы да осы жаңбыр суынан пайда болады дейді. Ең таза судың сәуір жаңбыры екені өмір тәжірибесімен дәлелденген.

«Бұл суды ішкен кісіге жаман жағдайлар жоламайды. Бел ауруынан, қарын ауруынан еш арызы қалмайды, көкірек ауруына шалдықпайды» дейді Құранда. Тіпті, Пайғамбарымыз «Мені хақ Пайғамбар қылып жіберген Алла Тағалаға ант етейін, баласы болмаған ер осы судан әйеліне ішкізсе, Алланың рұқсатымен әйелі жүкті болады», – ­деген.

Мұнан ұғатынымыз, сәуір айы – табиғатқа, демек, адам баласына, барлық тіршілік иелеріне ерекше серпін, өзгеше өзгеріс, тың қуат әкелетін  ай.

Мейлі, сәуір болса, болсын. Технократтық дәуірге еніп кеткен қазақ енді мал бақпайды, бақса да, табиғатты таразылап жатпайды. Өйткені, барлық жұмыс механикаландырылған, амалды білмесе адасып кететін ешкім жоқ. Бұл сөзім үшін мені кінәлайтын жан болса, осыны айтып отырғандағы ішкі дүниеме еніп көрсін.

Қалай дегенде, сәуір – мезгілдің сұлу шағы. Осы мезгілде шапақты таңның қалай әсемденіп ататынын білесіз бе? Оны көргіңіз келсе, ұйқыңыздан таң біліне бастағаннан ояныңыз.

Сәуірдің ақ таңы әрбіріңіздің жан әлеміңізді жарықтандырып, өміріңізге сау­лық пен байлық сыйласын. Дерт келмеске кетсін.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<