Серік болған қос Серігім-ай!

849

0

Жұмыстан қолың қалт етсе, жалғыздық жетіп келеді. Ал жал­ғыздықтың сені ойға сүй­рейтіні белгілі ғой. Ол кезде Әлия бар еді. Шүйіркелесіп отыратынбыз.

Отбасымыз жайлы әңгіме құрып, өткен кісілерді еске алып, тіпті өнердегі достармен хабарласып, арқа-жарқа болып қалушы едік. Актер Серік бар еді. Шотықов. Театрда бір-бірімізді көргеніміз аздай үйге келіп те телефонға тыныштық бермейтінбіз. Ал қазір телефон айлап үнсіз тұрады.

Суретші Серік дос та бізбен бірге еді. Үй ішіне білдірмей бильярд соғып, сыра жұтатынбыз. Әлия мен Жәмилә қайдан білмесін, жа­рым сағат, бір сағат кешіксек, сотовый деген бәлеге маза бер­мейтін. Сөндіріп тастасақ, «мына шалдарды не істейміз?» деп біз­ге сыртымыздан әңгіртаяқ ойна­татын.


Тамаша заман еді ол бір.
Әлияның бізбен бірге болмаға­нына жеті жылдан асыпты.
Серік Шотықовтың қайтыс бол­ғанына сегіз жыл болыпты.


Кеше ғана қасымызда жүрген Серіктің кеткеніне де екі жылдан асып барады.
Менің өмірімде екі Серіктің де алар орны ерекше. 1967 жылы Қарағанды театрында екі жыл істеп, Қызылордаға келгенімде Серік Пірмаханов армия қатары­нан енді оралыпты да, ал актер Серік репертуарда өз орны бар, екі бөлмелі үйі бар, отбасылы, отыздағы сақа жігіт екен.


Серіктің актерлік өнерге кел­ген жолы да есте қаларлық. «Ме­нің академиям – автошкола» деп қоятын ол. Сол айтқандай, ав­тошколды бітірісімен театрға шо­фер болып орналасады. Жазда ар­­тистермен бірге гастрольға шы­ғады. Қоятын спектакльдері Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы болса керек. Күнде сахнаның сыртында отырып артистердің ойынын қызықтайды, тіпті бірте-бірте бүкіл спектакльді жатқа біле бастайды. Пьесада Сайлаубек деген фототілшінің ро­лі бар.

Бір күні соны ойнайтын Жақып Әбілтаев ауырып, ауруха­наға түседі де артистер не істерін білмей дағдарысады. Басы бос артист жоқ.


– Ағатайлар, мен ойнап кө­ре­йінші! – дейді сонда шофер бала.


Сахнаға шығарып көрсе, сөзін айтып сайрап тұр. Қойшы, әйтеуір шофер боп жолға шыққан Серік ауылына артист болып оралады. Талдықорғанға келісімен театр басшылары Серік Шотықовты ак­терлік құрамға қабылдайды. Жас жігіт сахнаға үлкен артистермен бірлесе шығып, Халық Саурықов, Тұрысжан Айнақұлов сынды ше­бер артистердің ойынын көріп, «шіркін-ай, осы кісілердей болсам ғой» деп армандайды. Армандап қана қоймай, театр туралы кітаптар тауып оқып, артистер жайлы әң­гіме тыңдап, театр артистерінен үйрене береді, үйрене береді…


Кішігірім емес, Жапал сын­ды басты рольдерді де ойнай бас­тайды. Ертегілерде таптыр­май­тын артист орындаушы болып, ке­йіпкер жанына еніп, актер ма­мандығының қыр-сырына қаныға түседі.
Мен көрген кезде Серік әжеп­тәуір тәжірибе жинақтаған оң-сол­ды аңғаратын ортаңқолдай ак­тер дәрежесіне жетіп қалған өнер­паз болатын. Ең бастысы, актерлік техникасы табиғатынан қалыптасқан, қабілет-қарымы да бір актерден кем еместей көрін­ген.


Ең алғаш екеуміз, жоқ үшеуміз Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» кездестік. Актер Серік – Жантық болса, суретші Серік спектакльдің декорациясын жасайтын болды. Бұл режиссер ре­тінде қойған алғашқы спек­так­лім болатын.


Серіктің бір қызығы партнер­ларының өзінен де асып тұрғанын қалайды екен. Көпке дейін Қара­бай роліне тағайындалған Тұр­ғанбек Әшімов пен Ораз Нәсім­хановтың еңбектеріне риза бол­­май жүрді.


– Хұсеке, сіз оларды қыс­са­ңызшы, жұмыс істесін де, бұлай болмайды ғой.


– Қысамыз деп сындырып алар­мыз, Секе, бірден болмайды ғой, – десем, реніш білдіріп:


– Мен, міне, дайын болдым, ал олар сөзін де білмейді.


– Байқаймын, Серік, сен бұрын үлкен артистерге қарап, солардың ыңғайына есіп жүрген сияқтысың, ендігі жерде сен мына жастардың көшбасшысы болуың керек-ау, демек, сен өзіңді ғана ойламай, өне­ріңмен енді осыларды ілесті­ріп алып кетуің керек. Олар саған қарап бой түзесін.


Ол ойланып қалды.
Не керек осылай бірде рен­жісіп, бірде тіл табысып алғашқы дүниемізді де жарыққа шығардық-ау, соның үстінде өмірдегі һәм өнердегі байланысымыз басталып, нығая түсті. Біржола режиссура мамандығына көшкенімде, көпте­ген спектакльдерімде басты ке­йіп­керлерді ойнап, өнерін ак­тер ретінде шыңдай түсті. Мен режис­сер ретінде өз өнерімнің тереңіне бойлауға ұмтылдым.

Ең бастысы, біздің репетицияларымыз шығар­машылық бірлікте өтетін.
Екі Серікпен бас қосқан үл­кен туындымыздың бірі Сәкен Жүнісовтің «Қызым, саған айтам» драмасы еді. Секең – Құмар­ды, Әлия Разияны ойнады. Ал Серік бол­са бізге негізінен тұрмыс­тық деңгейдегі сахна кеңістігін ұсын­ды. Екі Серік те бұл туындыдан мелодраманы көрді де, мен олар­ды нағыз драмаға сүйреледім. Рас, басты тұлға – Разияның өмірі, тіршілігі, қарекеті – бәрі ме­ло­драманың кейіпкерін еске тү­сіреді. Оған ғашық болған Құмар да – сайран салып, думандатып жүргенді жақсы көретін тұлға. Осының бәрін көрсете отырып, Разияның өмірді ойын-сауықпен босқа өткізген драмалық, тіпті тра­гедиялық тағдырын бірінші план­ға шығаруға ұмтылдым. Спек­такль барысында әбден айтыстық та, әсіресе Құмардың арақтан аз­ғындап, жынданып кететін жерінде Серік кейіпкерінің мүсәпірлік ах­уа­лын тереңірек көрсетіп, кө­рер­мен көңілінде аяушылық сезі­мін оятуға ұмтылса, мен оның қарекетін айыптауға ден қойдым. Бір қызығы, Серіктің көзі жетпесе алған бетінен қайтпайтын қасиеті бар. Бірақ репетиция барысында актер өз кейіпкерін ақтаудың еш дәлелі жоқ екеніне көзі жетіп, мен айтқан жолға, Құмарды айыптау жолына түсті.
Тағы бір үлкен туынды – ол В.Шекспирдің «Король Лирі» бо­латын. Оған Сайқымазақ ролін бергем. Сайқымазақты дайындап жүріп үнемі Лирге көз тігеді екен ғой. Бір репетицияға Серік келіп қа­тысып, соңынан пікірлескен едік:


– Сізде екі Лир жүр ғой, – деді ол.


– Қалайша?


– Айнақұлов та Лир, Секең де сол Лирдің ол жақ бұл жағында.


Мына хабар маған жай түскендей әсер етті.
Ертеңіне толық прогон жасап, өзім сын көзімен репетицияма қа­рап отырсам, шынында да солай екен. Сахнада екі Лир жүр. Кейде Секең Лирден де асып түсетін Ко­рольдің өзі.


Тағы да айтыс.


– Мен енді екінші Лирмін ғой…


– Дәл айттыңыз – екінші Лир. Бірінші емес. Оның ойы, көлеңкесі.


– Мен көлеңке болғым кел­мейді…


– Онда Лирдің текстін сізге беріп, Тұрекеңе сіздің текстіңізді берейік те. Ауыстырайық.
Үнсіздік. Пауза.


– Секе, жарамайды. Мен сізді сыйлаймын, негізгі артистердің бірісің. Әрбір рольдің өз орны бар. Оны жақсы білесің. Мүмкін Лирді ойнағыңыз да келетін шы­ғар, мен бірақ Лирді Тұрысжан Айнақұловтан көріп тұрмын. Екін­ші Лирдің керегі жоқ. Маған сізден керегі – Сайқымазақ.


Секең сабасына түсіп, дұрыс бағытта еңбектеніп, қорытын­ды­сында республикалық классика­лық спектакльдер байқауында Сай­қымазақ ролі үшін бірінші дә­режелі дипломға ие болған еді.


Одан кейін арамызда көп ай­тыс болған емес, көптеген спек­такльдерде басты-басты рольдерді сомдады. Бірлесе отырып өмір мен өнер баспалдақтарымен көте­ріле бастадық.


Қарақалпақ драматургі Кеңес­бай Рахмановтың «Келінін» қоя­тын кезімізде, әдеттегідей спек­такльді сахналамас бұрын оны қан­дай мақсатта қоятынымызды, кө­рерменге қандай тәлім беретінін талқылаған едік. Артистердің «Қа­рақалпақ елінен шай ішіп қайту үшін» десе, екіншілері «Әй, бұл қойылым шәй ішуге де жарамас» деген әзілі бізге қамшы болып тиіп, комедияны қоюға камертон болған жайы да бар еді.


Оқиға қарақалпақ отбасында өтеді. Әлгі үйдің ұлы Ташкентте оқып жүріп, бітірер шақта өз­бектің қызын келін етіп түсіреді. Кемпір мен шалдың есіл-дерті, барша арманы ауылдың қызы бо­латын. Спектакльді күлкілі жайт­­тарға қарай бұрып, әсерлі ко­медия жасап шығардық. Ал Секең спектакль барысында көп жаңа­лықтар жасады, бірнеше ұтымды репликалар қосты, ол да комедияның әрін келтіріп, көрген жұртты күлкіге көмгені бар еді. Жаңа келген келіннен сұрайды ғой: «Үйіңде кім бар өзіңнен бас­қа?» деп. Ол: «папам, мамам, бра­тишкам» дейді. Енесі түсінбей «Не дейді?» деген сұрағына Секең сарт еткізіп жауап бергені: «Екі ешкім бар деп отыр ғой». Мынадай ұтымды реплика жерде қала ма, спектакльге енгізіп жібердік.


Осы спектакль сахнадан 15 жыл бойы түскен жоқ. Қарақал­пақ­станға гастрольдік сапарға қа­тарынан үш-төрт жыл барғанда да «Келін» спектаклі бізді асы­рап, көрерменнің алғысына бө­лен­ген едік. Қарапайым ғана пъе­­садан үлкен дүние жасай біл­дік. Оның сыры – кейіп­керді ке­ремет бейнелеуде. Спек­та­кльдегі күлкінің керемет әсе­рінің ар­қасында бір жарым сағат жүретін қо­йылым кейде үш са­ғатқа со­зылатын. Серік Шотықов шал­дың, Жібек Бағысова кем­пірдің ролін ойнап, театр сыншысы, өнертану ғылымының докторы Бағыбек Құндақбаевқа көрсеткенімізде еке­уіне «керемет дуэт» деп баға берген еді. Олардың өздерінің ше­бер ойынымен пьесаның дең­гейін биікке көтергеніне тәнті болған.


Актердің венгр драматургі Ишт­­ван Эркеннің «Тоот, Майор және басқалар» пьесасындағы Майор бейнесін сахнаға әкелген шеберлігі тіпті ерекше болатын. Серік арқа сүйейтін, таңдалған рольді сеніп тапсыруға болатын және сол үдеден шыға білген ше­бер актерлердің бірі еді. 1979 жы­лы гастрольмен Алматыға ба­рып қайттық. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» Сердәліні, Мұ­хамеджановтың «Өзіме де сол керек» комедиясында Қайдарбекті кемеліне келтіре бейнелеп, негі­зінде осы үш ролі және Сай­қы­мазақ үшін гастрольдің қоры­тын­дысымен «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағын алды.
Одан кейін де Серік Шотықов Молдова жазушысы Ион Друцэнің «Ең киелі қасиет» («Святая свя­тых») деген шығармасында басты кейіпкердің бірі Кәлин Аба­бий­­дің ролін керемет сомда­ған еді, ал, Н.В.Гогольдің «Ревизор» ко­медиясындағы Дуанбасы бей­несі – Шотықов артистің бе­лес­­ті рольдерінің бірі болды. Ш.Айт­­матов пен Қ.Мұхамед­жа­новтың «Көктөбедегі кездесу» дра­масында Мұғалім Мәмбет ро­лін сомдаған актер сахналық бей­ненің терең қатпарларын аша­тын сиқыры барын анық аңғартты.


Шеберлігі толысқан актер 1990 жылы Алматыға барған келесі гастрольде «Қазақстанның халық артисі» деген атаққа қол жеткізген еді. Кәсіби білім алмаса да, өзін-өзі жетілдіріп, тәрбиелеп осындай деңгейге жетті. Үлкендердің тәлі­мін алды, өзінен кейінгі жас актер­лерден де үйренді. Өзі «менің мектебім – театр» дейтін. Көп оқитын, көп ізденетін.


Айтқаныңды сол заматта, дәл­ме-дәл орындай да қоймайтын әдеті болатын. Ол ойланатын, өз сенімін бекіту үшін айтысқа да баратын, әйтеуір режиссердің айт­қан ойын соңғы ақиқат деп қа­былдай бермей, ой елегінен өткізіп барып мойындайтын. Бұл да бол­са актердің талғампаздығын, өз ро­ліне деген жауапкершілігін аң­ғартатын.
1967 жылдан 1990 жылға дейін қаншама спектакль үстінде бірлесе еңбек етіп, бір-бірімізді түсінісе, біріміздің ойымызды біріміз жал­­ғастыра, тереңдете жүріп бір­талай сәтті спектакльдерді, та­­бысты бейнелерді сахнаға әкел­дік. 2003 жылдан Секең дүние­ден өткенге дейінгі уақыт аралы­ғында да бір­лесе қимылдаған репети­ция­ларымыз толастамаған еді, бір­лесе іздескен қадамдарымыз жа­ңа биікке жетелеп, жаңа шы­ғар­ма­шылық еңбектерімізге бас­шы болған еді.
Секеңнің отбасымен де жиі араласатынбыз. Хафизаның фи­гур­ный картошкісі жас кезіміздегі біздің сүйікті тамағымыз болса, өскелең уақыттағы Хафиза бәй­бішенің мол дастарханы басқо­суымыздың себепшісі болатын. Менің әйелім Серікті «аға», Ха­физаны «абысын» дейтін. Ол да бір шуақты күндер екен-ау.


Иә, Секең өнер үшін, театр үшін туған жан еді. Өмірінің ақырғы күніне дейін театр деп, өнер деп жүрегі соғып кетті. Артына өнегелі өмір, өшпес өнер қалдырып кетті.


Мен үшін Серік Пірмахан – өнердегі егізімнің сыңарындай. Осыдан елу жыл бұрын екеу­міз алғашқы спектакль – Ғ.Мү­сі­реповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясын шығар­ғаны­мыз­ды айттым. Сол қойылым ме­нің режиссураға бет бұруыма се­бепші болды да, ал Серік өзінің көркемдік шешімімен көзіқарақты зиялы қауымды елең еткізді. Сах­наға қабілетті сценограф кел­гені белгілі болды.


Оның М.Байсеркеновпен бір­лесіп жасаған М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» спектаклі де өте сәтті туындылардың бірі еді. Сахнада төңкеріліп жатқан қалқан. Қалқанның жан-жағында самсаған найзалар. Осы екі детальдің өзі-ақ Қобыланды Баһадүрдің жаудың қалың қолына төтеп берген, елі­не қалқан болған батырлығын көрсеткендей.


Жыл өткен сайын суретшінің қиялы парасатты ой қалыбына түсті. Тәжірибесі шеберлікке ұлас­ты, сахналық ұтымды шешімдері спектакльге жан беріп, киім эс­киздері артистердің кейіпкер сом­дауына мұрындық болып, Серік Пірмахан қазақ театр өне­ріндегі биік тұлғаға айналды. Нартай Бекежанов атындағы об­лыс­тық қазақ музыкалық драма театрының кезең-кезеңдегі шы­­ғар­машылық табыстарын Серік­сіз елестету мүмкін емес. Әр жыл­­­дары театрдың бас режис­сері болып қызмет атқарған Төлеш Тұңғышбаевтың, Тастан Өте­баев­тың, Ерғали Оразымбе­товтың белесті спектакльдеріне өң берген, сол спектакльдердің көр­кемдік шешіміне жанды үлес қосқан осы Серік болатын. Театр – ұжымдық өнер десек, сол ұжым бір адамдай жұмыла қызметке кіріскен шақтарында театрдың жұл­дызды сәттері болады. Сол жұлдызды сәттің бір кезеңі 1977-1987 жылдары болды десем артық айтпаған болар едім. Соның ішінде С.Пірмаханмен бірлесе жасаған басты-басты спектакльдердің ті­зіміне көз тігейікші: В.Шекспир «Король Лир», Д.Исабеков «Әп­ке», Ш.Құсайынов «Біздің Ғани», И.Эркень «Сау басыма сақина», Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақ­тоқты», Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат», Д.Исабеков «Мұра­герлер», И.Друцэ «Ең киелі қасиет», А.П.Чехов «Апалы-сіңілі үш қыз», Қ.Ысқақов, Ш.Құсайынов «Ерліктің екі сағаты», Б.Майлин «Майдан», Н.В.Гоголь «Ревизор», т.б. Тіпті қарапайым атаудың өзінен-ақ белгілі болып отырғандай сахнаға қаншама күрделі туындылар кел­ген. Осы дүниелерді шығару үшін ұшы-қиыры жоқ түпсіз ойлар­дың жетегінде болып, қаншама тер төгіліп, қаншама ұйқысыз түн­дерді өткізгеніміз – бүгін есеп­теуге келмейтін, өтіп кеткен құбылыс. Сол еңбек босқа кет­пеген тәрізді. «Король Лир» – рес­публикалық классикалық спек­такльдердің байқауында театр ұжымына, Сайқымазақты ойна­ған Серік Шотықовқа, Король Лир – Тұрысжан Айнақұловқа, су­ретші Серік Пірмаханға жүлде әкелген туынды. «Сау басыма сақина» – театрға Венгр Халық Рес­пуб­ликасының қола жүл­де­сін, режиссер Хұсейн Теміров пен суретші Серік Пірма­ханға ла­у­реаттық диплом ұстат­қан қо­йылым. «Ақан сері – Ақтоқты» – Қа­зақ ССР Мәдениет министр­лігінің арнаулы сыйлығын алған спектакль. «Зұлымдық пен махаб­бат» – Герман Демокра­тиялық Республикасының фестивалінде режиссер мен суретшіге Бүкіл­одақтық диплом сыйлаған шы­ғарма. «Ең киелі қасиет» те – Одақтық фестивальдің лауреаты атанған қойылым. Жекелеген ар­тистер республикалық дәрежедегі үлкен-үлкен атақтарға ие болды. Бұл атақтардың келуіне сөз жоқ суретші Серік Пірмаханның зор үлесі болғаны анық.


Көп жылдар Талдықорған жақ­та жүрдім де, 2003 жылы өзім­нің алғашқы шаңырағыма қайта оралдым. Серік – директор, ак­тер Серік театрдың көркемдік же­текшісі болып қиын кезеңде театрдың қалыпты еңбек етуіне үлестерін қосып жатыр екен. Мен суретші досыма «директорлық се­нің қолың емес, тікелей өз жұ­мысыңмен айналыссаңшы» десем, «мені креслоға жабысып қалды дейсің бе, өзім де осы орыннан құтыла алмай жүрмін» деді. Ал үлкен Секең қайта келгеніме тү­сіністікпен қарап, орнын маған босатып, өзі басты артистің бірі болып шығармашылық еңбек жо­лына ауысты.


Директорлыққа Бақытбек Ал­пысбаевты тағайындадық. Жат­пай-тұрмай театрды қайтіп қай­та жандандырамыз деп іске кі­рістік. Алғашқы ізденіс екпіні та­бысқа жетеледі. 2003 жылы Орал­да өткен республикалық XI театр фестивалінде 2 орын, 2004 жылы Қостанайдағы фести­вальде тағы да 2 орын, 2005 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласының 1000 жылдығына ар­налған Халықаралық «Наурыз» фестиваліне қатысып, бас жүл­делердің бірін иемдендік. 2005 жылы Қызылорда қаласында өт­кен республикалық XIII театр фес­тивалінде бас жүлде алдық.


Міне, осылайша қайта өрлеу жолына түскен театр респуб­ли­калық театр қауымының алдын­да бұрынғы көшбасшылық орны­на қайта оралғандай болды. Тәжі­рибенің молдығы кейде жүк бо­латын кездері де бар. Уақыт сұ­ранысы, жойқын ақпараттық ағым, қиял жетпес жылдамдықпен алға жүйткіген өркениет суреткерден жаңа серпінді ізденіс, шығарма­шылық жаңа леп, тың бейнелеу тәсілдерін ойлап тауып, соны сахнада жүзеге асыруды талап ететін уақыт еді бұл. Сол уақыттың үдесінен шығуды ниет еткен біз еңбегімізді еселей түстік. Әсіресе Серіктің ізденістері табыстың басты себепшілерінің бірі болды десем артық айтқандық емес. Оған жоғарыда айтып өткен ха­лықаралық, республикалық фес­ти­вальдарда топ жарған Т.Әліп­байдың «Исатайдың барында», Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің «Аласапыран», В.Шекспирдің «Мак­бет» спектакльдерінің сцено­гра­фиялық шешімдері дәлел.


Серік суретші қиялға бай, ойы ұшқыр еді ғой. Қайсыбір қо­йылымында болмасын, драматург шығармасының ішкі фило­со­фия­лық қасиетін суреткерлік бе­дер­мен ашуға ұмтылатын. Ма­хам­бет туралы қойылымында ақын­ның жан дүниесіндегі поэти­калық құ­былысты суретші алтын жебе­лермен берсе, «Аласапыранда» дү­ниені төңкерген бәлшебек­тер­­дің шаш ал десе бас алатын ала­құйын қасиетін қызыл гим­настеркалармен, қызыл галифе­лермен және сахна бетіндегі бес­жұлдызды бейнелейтін стано­гымен көрсеткені сол шығарма­ларға әр бергені анық. Бұл де­тальдар спектакльдің сыртқы бейнесін әсерлі жеткізумен қатар, шығарманың тереңіне қарай ой жүгіртетін философиялық тұр­ғысын да аша түскені ақиқат. Ал «Макбеттегі» ауыр дарбазалар мен қорғандарды бұзатын зіл­мауыр балғалар – жарық дүние үйле­сімділігінің быт-шытын шығарып, Макбет патша зұлымдығының түп-тамырын айқын көрсеткен суретші қиялының жемісі. Д.Исабековтың «Мұңлық-Зарлық» эпикалық дра­масында суретші құндақтаулы сә­билер мен бала бесігіне ырымға тағылатын заттар алқасын бей­нелік деңгейге жеткізіп, алтын киік­тің тас мүсіндей түр-тұлғасы­мен кертартпа, кереғар пиғылдар мен талас-тартысты айшықтап көрсеткені сондай, мейірім шуағы мен зұлымдық арасындағы еш мәм­леге келмейтін қақтығыстың бар болмысын көрсетуге мүмкін­дік алдық. Бұл детальдар өз ке­зегінде бас кейіпкер Шаншар хан­ның жүрегін қан жылатқан аң­сауды, ересек кісінің ұрпақ үшін күрескен қасіретті жолын аша түсті.


Бір таңғаларлығы Серік су­рет­ші жасы ұлғайса да, ұшқыр қиялы балалықтай мөлдір, жаңа серпінмен еңбек еткені сондай, бәрімізге шабыт сыйлап, әрбір ту­ындысымен біздің де жаңа бе­леске биіктеуімізге мұрындық бол­ғаны бар еді.
Пьесаны қолға алған кезде ол асықпайтын. Бір аптадай қай­та-қайта оқып, ұшталған қаран­дашымен шығарманың мазмұнын, кейіпкерлерінің ұтымды ойларын қағазға түсіреді. Қайталап оқыған кезде жазбалары дұрыс болмаса, оны резинкамен ұқыпты өшіріп, жаңа туған ойларды сол өшірілген жерге қайта жазатын. Мұны тәп­тіштеп жазып отырғаным, оның қойылымға алған пьесамен алғаш­қы таныстық сәтінде аса жауапты қарайтындығын, шығарманың ма­ғынасын, мәнін, айтар ойын, ав­тордың өзіндік стилін жете зер­делеп, барынша толық түсінуге ұм­тылатындығын жеткізгім келген еді.


Менің ұстазым КСРО Халық артисі Андрей Александрович Гон­чаров айтушы еді: «Пьесамен ал­ғашқы танысу шақ – ең бір қа­сиетті әрекет, бұл дегеніңіз ма­хаб­батыңызбен алғашқы рет кез­дескендей сәт» деп. Секең де пьесамен алғашқы кездес­кен сәтін махаббатымен кездес­кен­дей қастерлеп, оны зейін қоя зер­делейтін. Сосын мені шақыратын.


– Ал, сайра, бұлбұлым! – дейтін ол.


– Не жайында?


– Пьеса жайында.


– Өзің оқыған жоқсың ба?


– Оқыдым.


– Енді оны менен несін сұрап отырсың?


– Сенің ойыңды да білейік те…
Міне, осы жерде қанша уақыт­қа созылатынын қайдам, ұзақ әңгіме басталатын, одан диалог кететін, не керек болашақ спек­такльдің шешіміне бағдар жасап тынатынбыз.
Ол содан кейін барып спек­такльдің көркемдік шешімін жа­сақтауға кірісетін.
Ол көркемдеген Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай», «Нарком Жүр­генов», Т.Әл-Хакімнің «Сұлтан­ның сасқаны-ай», Тургай Нардың «Төбекөз», Ахундзаденің «Кет­пейсің! Болды, кетпейсің», Т.Ахта­новтың «Ант» спектакльдері – ша­­мырқанған шабыт пен шығар­ма­шылық ізденістен туын­дап, өмір­ге сәтті бейнелік қасиетте­рімен келген сүбелі де, айшықты туындылар.
Оның Жәмиләсі де – бір спек­­такль. Менің әзіл әңгімем бар. «Ойбай тісім» деген. Басты кейіп­керлері – Жәмилә мен Се­ріктің ұлы Жасұлан. Әңгіме өз атымнан баяндалады, сол енді газетке шықпай ма?
Серікке қоқиланам ғой.
– Жумайсың ба? Мен сенің әйелің мен ұлыңды газетке шы­ғардым, оқыдың ба? – деп.


Ол, әрине, әдетіне басып асық­пай оқиды, сосын жанжал шы­ғарады ғой.


– Е-е, Жәмиләні менің әйелім бе деп жүрсем, бұл қалай болды өзі? Ұлым да менікі емес сияқты мына дүниеге қарағанда.


– Ә-ә-әй, бұл көркем шығарма ғой, әзіл әңгіме…


– Қайдам, қайдам, қайдам…
Мынадай ұтымды әңгімені Жәмилә босқа жібере ме?


– Әй, Үсәйінжән, – дейді ол маған, Қарағыз атты Рахима деген апам менің атымды осы­лай атайтын, содан алған ғой, –жасырулы нәрсе еді, өзің жариялап жіберіпсің, енді біз ғана емес, бұл әңгімені облыстық газет арқылы бүкіл ел білетін болды. Енді бұл әңгімеден құтылатын сенде бір-ақ амал бар, алимент төле, балаңды Серік асырап отыр екен, енді сөйт.


Сонымен алиментчик болып шыға келдім. Өзі ғана айтса, бір сәрі ғой, тіпті немерелері де мен олардың үйіне кірсем, атымды атамай, «алимент ата келді» деп сүйіншілеп жүргені.


Иә, Серік менің өмірім мен өнер жолымдағы ең жақын, ақ­көңіл де адал сырлас досым болатын. Талай сахналық жаңа дү­ниелердің туындауы барысында бірлесіп, ой-пікірлерімізді бір ар­наға тоғыстырып жұмыс жасадық.


Қарап отырсам, Секеңнің қыз­меттік-шығармашылық ғұмы­ры Қы­зылорда театрының сахна­сы­нан бастау алып, өмірінің со­ңына дейін осы театрдың жемісі мен жетістіктеріне атсалысып, куә болып өтіпті. Ол тек қана біз­­дің театр емес, көптеген рес­пуб­ликалық, облыстық театр­лар­­­да спектакльдер қойып, рес­­­­­публикамызға, тіпті кезінде Одақ кө­­­­леміне танымал суретші болып қа­­лыптасқан еді. 2010 жылы Қа­зақстан театр қай­рат­керлері одағы тағайындаған шы­­ғармашылық еңбектің ерек­ше же­тістігі үшін берілетін «Ең­лік­гүл» сый­­лығының алғашқы иегері атанды. Қазақстан Респуб­лика­сының еңбек сіңір­ген қызметкері. Сондай-ақ Бүкіл­одақтық, респуб­ликалық талай фести­вальдарда «Ең үздік суретші» номинациясына қол жеткізіп, қазақ театрының тарихында өзінің орнын ойып тұрып қалдырған суреткер.


Абзал досымнан мәңгілік ай­рылғанымды естігенімде оның ақжарқын бейнесі мен мейірімге толы жүзі көз алдыма келіп, ен­ді оны көре алмайтыным, оны­мен әзілдесе отырып сөйлесе алмай­тыным, ендігі жерде екеуміз таласа жүріп, келесі бір спектакльдің шешімін жасай алмайтыным есіме түскенде жүрегім қан жылады. Мы­на жарық дүниені тастап кет­кеніне әлі күнге дейін сенгім келмейді.


Жаны жылы, шырағы бар адам бар дейтін болсақ, менің өмі­рімдегі сондай адам Серік Пірмаханов еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<