Сібірде де сүргін болған

1167

0

 Бабаларымыз «Жүре бер­сең, көре бересің» демей ме? Денсаулығыма бай­ланыс­ты Нұр-Сұлтан қаласындағы емдеу орындарына жиі барып тұрамын. Батыс пен Шығыс­тың әсем өрнектерімен безендірілген бас қаланың өзінің әсемдік кел­бетімен ұлтымыздың мақтанышына айналғанына қуанып, көңілім өсіп, үлкен әсермен ораламын.

Астанамыз бен Ақмола облысының бүгінгі экономикасы мен  әлеуметтік жағдайынан хабардар болуды назарда ұстаймын. Ақпарат құралдары мен жергілікті баспасөзге де шолу жасаймын. Қолыма 2017 жылдың 13 қыркүйегінде шыққан көп бетті «Ертіс өңірі» газеті тиді. Тоғызыншы бетінде Ақмола облысының Ресеймен шекаралас аудан әкімдігінде қыз­мет істейтін Қазақстан Журналистер ода­ғының мүшесі Бисенғазы Ұлықбектің ­Троицк қаласына іссапарынан жаз­ған «Сібір орманында қырылған қазақтар» деген мақаласын оқып, бұрын-соңды естіп-білмеген оқиғаға қанықтым.

«Хатшы қызды қолқалап жүріп, қала басшысына кіруге рұқсат алдым. Дипломатымдағы хатты өзін Алексей Анатольевич Ильин деп таныстырған қала мэріне ұсындым. Оқыды да, «орман шаруашылығымен хабарласып, келісімге келейін, сонан соң жауап беремін. Сіз бір-екі күн қалада бола тұрыңыз немесе осында істейтіндердің бірінің үйінде болыңыз, қоныңыз» деді. Жылы жымиып, қоңыраудың нүктесін басып, хатшы қызды шақырды.

– Алина, сен Николай Беризинді шақырып келші, – деді жұмсақ үнмен.

Көп ұзамай есіктен орта бойлы, толық сары жігіт кірді.

– Николай, мына жігіт Қазақстаннан, Ақмола облысынан келіп отыр. Жалпы біздегі орман шаруашылығы дайындаған тақтайларды алуға ниет білдірген екен. Соған алдын ала тапсырыс беруге жіберіпті. Бірер күн сенің үйіңде бола тұрсын. Қонақ қой, қонақүйге жібермей-ақ қой, – деді.

Сонымен, ұйымдастыру бөлімінің жетекшісімен кешке үйге қайттық. Николайдың үйі Троицкінің түбіндегі Дубовка деген ауылда екен. Қаладан үш шақырым жер. Көбіне велосипедпен жүреді екен. Мен еліміздегі, ол Ресейдегі жағдайларды сөз еттік. Үй үлкен, ағаштан қиылып салынған, әдемі-ақ. Бастық емін-еркін демалсын деп әдейі осы үйге жіберді-ау деймін. Айналасының бәрі орман. Қиырына көзің жетпейді. «Тайга деп осыны айтады екен-ау» деп ойладым ішімнен. Бірақ бұл бір ғана шеті ғой.

Дарбазадан кіргенде ауладан орыстың еңгезердей шалын көріп, жақындай келіп қол алысып амандастық.

– Ты казах? – деп сұрады шал.

Мен басымды изедім.

– Его зовут – Бисенгазы, из Казахстана, – деді анандайдан Николай велосипедін қо­йып жатып. Үйге кіріп, шешесімен танысып, шай ішіп есік алдында демалуға шықтым. Біраздан соң шал келді. Өзін Иван Илларионович деп таныстырды. Ұсталықпен айналысады екен. Осы үйді кең, көркем, демалыс орны етіп жасағаны білініп тұр. Дегенмен, түрі орыс­тан гөрі азия­лықтарға көп ұқсайтынына қарағанда, бойында Сібірдегі ұсақ халықтардың бірінің қаны бар-ау деп ойладым.

– Ну, как там у вас? – деді махоркасын тартып отырып.

– Бірқалыпты, ептеп жүріп жатырмыз, – дедім орысшалап.

– Сіздердің тұрып жатқан жерлеріңіз қандай әдемі, тайганың шеті, ауасы таза.

Шал есіне бірдеңе түскендей ойлана қарап отырды.

– Мамандығың кім? – деп сұрады. Әкімдікте істейтінімді біледі, шай үстінде айтқанмын.

– Мамандығым – журналист, – дедім.

– Это хорошо. Ол тайга жаққа ұзақ қарады. Ой үстінде отырып:

– Я – тоже казах, – деді. – Моя прабабушка чистокровная казашка была. Қазақша түсінемін әрі сөйлесемін де. Тек қазақтармен кездескенде ғана. Жасым сексеннің алтауына келді. Қазақшаны аздап бұзыңқырып сөйлесе де, мұндайды күтпеген мені аң-таң қалдырды.

– Менің аталарымның тұсында осы тайганың ішінде қазақ ауылдары өте көп екен, көп болғанда орыстардан көп. Тайганың іші өріп жүрген мал. Иван Илларионович ап-анық қазақша сөйлеп отыр.

– Сен білесің бе, «тайга» сөзі қыстақта шөпті тайлап жинаудан (шөп орғанда тығыз­дап, жан-жағын байлап-тайлаудан) шыққан. Екі-үш атпен немесе өгізбен көк шөптің үстімен сырғанатып жинап отырған. «Осыдан қалың орман қазақтың тайлап шөп жинау сөзімен аталып кеткен» деп отыратын бала кезімде үлкен кісілер, – деп ойын жеткізді.

Ішімнен «мүмкін шынында да солай шығар» деп ойладым. Шал қазақша сөйлеп отыр. «Орысшаны түсінемін ғой» десем де болмады.

– Осы Троицкіде жеті мыңдай қазақ тұрады. Ішіндегі таныс қазақтармен қазақ тілінде сөйлесіп амандасамын. Кейде әңгіме-дүкен құрамыз. Сен журналиспін дедің ғой, мына оқиғаны айтайын, тыңдап ал, кейін еліңе барғанда мүмкін жазарсың. Бұл, әрине, бірер ғасыр бұрын болған оқиға ғой. Бәрі ұмытылған. Бірақ қалайда жаз, елің білсін, түсіндің бе? Мұны менен басқа осы маңайда ешкім білмейді, тек ұмытпа, ерінбе.

Әкем айтушы еді «атаң әскери казак болған» деп. Атам айтатын көрінеді «осы өңірге орыстар алғаш келіп бекіністер, қорғаныстар салып орналасып жатқан кезде маңайдағы толып жатқан қазақ ауылының кісілері шап­қыншылық жасап, бекініс­терді бұзып, қоныстанып жат­қандарды қырып кетіп отырған. Көшім хандығының тұрғындары ғой және ке­йін келгендері бар. Осыдан кейін біздің аталарымызға ақ патшадан жарлық түскен көрінеді. «Бүкіл Сібірді толып жатқан қырғыз-қайсақ ауылдарынан босату керек» делінген әлгі жарлықта. Аталарымыз отряд-отрядқа бөлініп, әрі ішкі жақтан орыс отрядтары қосылып, солардың бәрі дайындықтан өткізіліп, кімдердің қай бағыттағы қазақтардан тазалайтыны белгіленіп, қағазға түсіріліп, нақтыланған көрінеді. Содан қанды қырғын басталған да кеткен. Әрбір отрядқа күніне бірнеше ауылды тұрғындарымен бірге тып-типыл ету тапсырылған. Аяушылық болмасын деп қатаң ескертілген көрінеді. Ауылдарды қоршау­ға  алу,  алакеуімде,  сон­дай-ақ кешкұрым жұрт орынға отыр­ғанда ағындаған шабуылдар басталған. Үйлер, қыстақтар бәрі өртенген. Еңкейген шал мен еңбектеген балаларды отқа лақтырған. Еркектер, әйелдер бәрі атылған, аяусыз шабылған. Тек қыздар мен жас келіншектерді әскерлер бөлісіп алып отырған. Бірнеше жүздеген ауыл отқа оранып, күлі ғана қалған.

Шабылған ауылдың бірінен атам бір қызды атына өңгеріп алып келген көрінеді. Сол қыздан менің әкем туды, мен әкемнің жалғызымын. Қазақ әйелі – әжем ғой өсірген. Алдына салып, өз тілінде өлең айтып, ара-арасында кемсеңдеп  жылап отырушы еді. Мен «жылама» деп көз жасын сүртетінмін. Ол кезде ештеңе түсінбейтінмін, – деп шал көзіне жас алып терең күрсінді.

– Өстіп ауылдарды өртеп және адамдарды қыруға бола ма екен? Ең құрығанда қазіргі қазақ жеріне қарай айдап, көшіріп жіберсе бірсәрі ғой. Бала, мен айтқан оқиғаны ұмытпа! – деді шал иығымнан қысып.

– Осы оқиғаны тыңдаған, естіген сен жалғыз ғана адамсың. Құдайым сені сақтасын. Еліңнің біразы  қалай қырылғанын халқың білсін. Бұл – тарихқа кіргізілмеген, кезінде айтуға қатаң ты­йым салынған оқиғалар. Ұлы Отан соғысы кезінде бір қазақ жігітіне айтпақ болғанмын, өлең-тақпақтар жазып жүретін. Кейіннен бөлімшесімен басқа полкке ауысып кетті де, көз жазып қалдым. Тіршілігі басқа қазақтарды көріп жүрмін ғой. Бірақ олар ештеңе ұқпайтын қазақтар. Әрі көрінгенге айтуға жүрексіндім. Жасым ұлғайған адаммын, қанша жүрерімді кім білсін? Әжемнің көз жасын ақтап кетейін ең болмағанда. Сен мұны Николайға да айтпа, ол білмейді. Қазір сендер тәуелсіз елсіңдер ғой. Қалайда жаз! – деді.

Ертеңіне шайымды ішіп, кемпір-шалмен қоштасып жол­ға шықтым. Троицкіге жаяу жол тарттым. Келе жатып шексіз тайгаға қарадым. Бірнеше жүздеген шақырымды алып жатқан ну орман үнсіз теңселіп тұрғандай. Қырғын тауып, отқа оранып жатқан ауылдар, ышқынған адамдар, шыңғырған балалардың даусы құлағыма келгендей болды. Көзіме жас тығылып, өксіп жылағаным есімде. Жалғыз келе жатып: «Мен қалайда жазамын» деп айқайлағаным әлі ойымда. Түстен кейін жұмысымды бітіріп пойызға отырып, Қазақстанға қайтып кеттім. Иван Илларионовичтің тапсырмасын орындай алмай жүріппін. Талай жылдар өтіп кетіпті-ау» деп аяқтаған.

Ықылым заманнан Еділден Алтайға дейінгі аралықты алып жатқан жер түрік дүние­сінің мұрагері – қазақ ұлтының атақонысы болғандығын тарих жақсы біледі. Кең-байтақ жерімізге Петр патшадан бастап Грозный патша, Ермак көз тікті. Ресей думасының депутаттары В.Никонов, Е.Федоров Ресей мұрағаттарын көтерсе, 1919-1920 жылдардағы Қазақ автономиясын құрудағы және оның шекарасын бекітудегі Совнарком төрағасы Лениннің өткізген мәжілісінің хаттамаларымен танысса, көп нәрсеге көздері жетер еді.  Ленин өткізген жиындағы Әлімхан Ермековтің естелігін баяндауды жөн көрдім: Қазақ-Ресей шекарасы туралы мәселе 1919 жылдан бастап түрлі жиындарда бірнеше мәрте қаралды. Баяндама жасауды Әлихан маған тапсырды. Мәскеудегі төрт ай жұмыс мерзімімде Кирвоенревком мүшелерімен үнемі байланыс жасадым. Автономиялық рес­публиканың құрылымы мен оның шекарасын белгілеу туралы  нұсқаулар алдым. Солтүстік Қазақстан аймақтарын, тайгамен шектес аудандарды аралап шықтым. Қызыл комиссарлармен айтысқа түсіп, қазақ жерінің әр сүйемі үшін жанымды салдым. Жиында төрт рет сөйледім.  Ленин біздің жауабымызды бекітті. Үзіліске шықтық, бәрі мені құттықтап, қолымды алып жатты. Әлихан Ленинмен жарты сағаттай сөйлесіп, сырт­қа шығып, қолымды алып құттықтады. Кейіннен шекара бөлісудегі комиссияны басқарып, Алтай өлкесінің 18 елді мекенін Семей облысына, Семей, Ақмола облысын Қазақстан құрамына кіргіздік деп жазады.

Мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан өткізген қуғын-сүргіннің талайын танып-білгеніммен, адамның бойын тітіркендірген осы оқиғаның мәтінін сол қалпында оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<