Сиқырлы сандар сыры

1446

0

 Бүгінгі өмірімізді сандарсыз елестете алмайтынымыз рас. Әр аттаған қадамымызда біз олармен кездесеміз.Сондықтан да болар, өміріміздің бір бөлшегіндей болып кеткен сандарға мән бере бермейміз. Деседе кей адамдар олардың сиқырына үңілсе, тіпті біреулері тағдырымен байланыстырып  жатады. Мәселен, кешегі өткен күнді 02.02.2020 көп адамдар жақсылықтың нышанындай қабылдап, сәттілік әкелетін үйлесімді сандар екенін айтып жатты. Бір-біріне жылы тілектер тілеп, ыстық ықыластарын да білдіргендер бар. Жүз жылда бір рет қайталанатын күнде шаңырақ көтеретін жастарымыз да жоқ емес. Жарқын болашаққа сенгендіктен болу керек, олар үйлену үшін осындай үйлесімді сандарға құрылған күнді күтіп жүреді.  

«Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді», – деп ойшыл Гете айтқандай, сандар төңірегінде үлкен сыр бар екені рас. Әр санның астарында белгілі бір ойдың барына шүбә келтіре қоймаспыз. Дегенмен, сандардың құпиясын ашуға ұмтылып, тек сол сырдың жетегінде жүру жөн бола қоймас.

Жалпы сандар сиқыры көне антикалық дәуірден бері адам өмірінде маңызға ие болып келеді. Ежелгі ғалымдар сандардың ерекше әрі таңғажайып қасиетке ие екенін зерттеген. Бұл үрдіс діни нанымдарда да көрініс тапты. Киелі жазбаларда болашақта болатын оқиғалар мен қилы тағдырлар жайы сандар құпиясымен жеткізілген. Алғаш рет сандардың сиқырлы қасиетінзерттеген ежелгі мысырлықтар, үндістер екен. Олар өздерінің жаңалықтарының бәрін көзайым ете бермеген. Антикалық иудейлердің «Жаратылыстың бастауы» кітабындағы бейнелеулерге құлақ ассақ сандар мен әріптер арқылы әлем жаратылған.

Математика тарихында сиқырлы сан шаршы кестелері көп көрінеді. Сандардан құралған адам денесінің эволюциясы мен түзету жасауына бағытталған шаршы авторы емші, дәрігер Парацельс. Бұл сандар құдіреті науқастың жастығының астында болған кезде күшіне еніп, саулық береді екен.

Бұдан өзге таңғажайып сандар құрамынан құрылған Юпитер шаршысы бар. Мұны тағы даңқ пен биліктің шаршысы деп атайды. Бұл сандар тізімін қызыл жібекке жазып алып бөлмеңіздің оңтүстік бұрышына қойсаңыз болғаны дәулетіңіз арта түседі екен. Қай жағынан санасаңыз да 34 санына тең келетін шаршы алдыңғы шаршылардан мәртебелі саналады. Себебі, нәтижесі 7 санына тең келгендіктен, ол рухани күшке ие.

Әр ұлт халқы сандарды тек сандық ұғымда қолданбай, оларға өзінше киелі мән берген. Сандық нышандар сырын тек сандық тұрғыдан емес, сол халықтың жаратылыс болмысына, өмірге деген пәлсапалық көзқарастарына, діни наным-сенімдеріне және олардың мәдениетіне терең үңілгенде ғана ашуға болады. Қазақ халқында үш, жеті, тоғыз, қырық сандары қасиетті, киелі сандар деп есептелген. Ал, 7 қазақ халқының ұғымында қалыптасқан киелі сан. Ұлттық рең алған көне мәдениет құбылысы. Бұл құбылыстың басқа халықтарда да кездесуін олардың бір-біріне тигізген әсерінен гөрі әр қайсысының өзіндік дүние танымынан туындаған ортақ құбылыс деп қараған жөн.

 

Дайындаған

 Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<