«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

5572

0

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бө­кейхан – сирек кездесетін  тарихи тұлға. Қайраткер туған халқына адал, шын мағынадағы кіршіксіз қызмет етуімен ерекшеленді. Бұл жалаң сөз емес. Ол 1866 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақстанның қоғам қайрат­кері, ғалым, публицист. Алаш көсемі, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның басты аманат-мұрасы – тәуелсіз Қазақ елін құру, өркениетке ұмтылу, әлемдік қауымдастықта өзіндік ойып алар орны бар ұлттық мемлекет жасақтау болды.

1913 жылы Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін шығаруды ұйым­дас­тырып, қазақ халқының саяси сана-сезімін оятуға, олардың арасында оқу-ағарту ісін насихаттауға белсене атсалысты. 

1917 жылы ұлттық университет және дін саясатына байланысты программалық бағытымен келісе алмайтындығы себепті партияның құрамынан шығатынын мәлімдеп, басқа серіктерімен бірге «Алаш» партиясын құрды. Осы жерде біздің тарихшыларымыз байқамай жүрген бір тарихи оқиғаға назар аудара кетпекпін. Құрылтай жиналысы сайлауында 6 миллионға жеткен қазақ халқы «Алаш» идея­сы мен үндеуін жаппай қолдап, өзінің классикалық сипаттағы ұлт болып қалыптасқанын, ұлт болып пісіп-жетілгенін байқатты. Бұл тарихымызға алтын әріптермен жазылатын шын мәніндегі тарихи сәт болатын. «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда ғана орындалады» деген Әлиханның өзі. 

1917 жылдың 13 желтоқ­санында Алаш автономиясын жа­рия­лап, ұлт­тық мемлекет шаңы­рағын қайта көтер­генде оны төр­ағасы етіп сайлап, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы жырмен сәлем берді:

– Aссалаумағалейкүм, данышпаным,

Қамын жеп мұсылманның алысқаным!

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің есен-аман, арыстаным!

Алаш қозғалысы – қазақтың сан ғасырлық тарихындағы ең жарқын, ең айбынды оқиға. ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлерінің Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бас­таған ұлы тобы Қазақ елін дербес мемлекет ретінде өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық етуге батыл кірісті. Сол тұстағы алмағайып мақсат – тәуелсіз ел болу идеясы жолында олар қаламмен де, қарумен де жан аямай күресті.

Петерборға 20 жасында келген Әлиханның студенттік кезе­ңінде күнделікті сабақтарына қоса, студенттердің саяси, әдеби, эко­номикалық және т.б. үйірмелер жұмысына қызу араласып, тол­­қу­ларға қатысады.  Осы  жылдары  саяси  көзқарасы қалып­таса бастайды. Екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған ескі феодалдық қарым-қатынастардан әлі арыла қоймаған, рулық, феодалдық тартыстан көзін аша алмаған туған халқының тағдыры оны қатты ойландырады.

Қараңғылық пен надандық шырмауынан құтыла алмай отыр­ған халқына, ең алдымен, білім мен мәдениет керек екенін анық ұғады. Халқын Еуропаның мәде­ниеті жоғары елдерінің санатына қосуды арман қылып, елдің тұр­мысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат қылып қояды. Құжатханалардан табылған материалдарға қарағанда, жандармерия басқармасының назарына алғашқы рет осы жылдары-ақ ілігіп,  «саяси сенімсіздердің қара тізіміне» алынады. Әлихан бұл тізімнен патша үкіметі күйреп, Кеңес үкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қыркүйегінде «халық жауы» болып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ.

«Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын Боргенсон мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, мал өсіретін, егін салатын кәпиратип керек» дейді Ә.Бөкейхан.  Қысқасын айтқанда, Жапония, Германия, АҚШ, Англия, Дания, тіпті  Аустралия елдерінің ең озық тәжірибесін басшылыққа ала отырып, Алаш – Қазақ елін 20-25 жылда әлемнің төріне жеткізуді жоспарлады.

Алаш арыстарының азаттық ұраны бүгінгі егемен елде жаңаша жаң­ғырып, «Мәңгілік ел» идеясының өзегіне айналды. «Патшалық дә­уірде болсын, «буржуазиялық ұлтшыл» ретінде елінен қасақана алыстатылған большевиктік үс­тем­дік жылдарында болсын, туып-өскен кең-байтақ даласының қай түкпіріне барса да, халқы «данышпан көсеміміз», «ұлттық серкеміз» деп зор құрметпен, шын қошеметпен қарсы алатын.

Ал Әлиханның аса маңызды саяси әрекеттеріне келер болсам, 1896-1903 жылдары Қазақ даласын зерттеген Щербина энциклопедия­сына белсене қатысты. Сол тарихи кезеңде қазақ халқы үшін ең өзекті мәселе – жер қатынастарын зерделеді. Әлихан Бөкейхан үшін өмірінің соңына дейін ең негізгі мәселенің бірі – жер болды. Ол бұл ретте досы да, жауы да мойындаған білікті маман еді. Өкінішке қарай, жер мәселесін шешуге байланыс­ты дәлелді ұсыныстары ескерусіз қалды.

Осы айтылғандар неше жыл өтсе де, әлі өзінің өзектілігін жоғалтпай отырғанын бүгін байқап отырмыз. Атам заманнан бері қазақ өз жері үшін жанын салып күреске түсіп келгені тарихтан белгілі. Әлиханның өзі де «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деді. Біліп-ақ айтқан екен-ау деймін, асылдың тұқымы…

Қазақ топырағындағы фи­ло­со­фиялық толғамдар да осы төңіректе өрбісе керек. Әлихан Нұрмұхамедұлының көз­­қарас­­ын­дағы мәселенің фило­со­фия­­лық аспектісі де осы жерден келіп шығады. «Қазақтың ба­­йырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игер­мейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі тиіс.» деді ол.

Сонымен қатар Әлихан Қазақ­станға жаңа тол­қынмен ағыл­мақшы болған қо­ныс ау­дару­шы­ларға берілетін басы артық жер­­дің жоқтығын, тіпті жетіс­пей­тін­дігін дәлелдеп шықты. Жаңа мемлекеттік аппа­ратты құруда да шамамен осы сипаттағы прин­цип­терді бас­шы­лыққа алуды ұсынды. «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды. Олай болса, көп ретте Ресейді бір орыстың билеймін дегенінде мағына жоқ. Ресей тілі өзге, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беруі керек» деді.

Алып Ресей империясымен алысып, байырғы тәуелсіздікті қарулы көтеріліспен қалпына келтіру мүмкін емес деп тұжырымдаған Әлихан Бөкейхан «бұл жолды халықтың жаппай қолдауы да неғайбыл, Кенесары көтерілісінің жеңіліске ұшырауы – соның бір көрінісі» деп есептеді.

«Алаш­орда» үкіметінің басшысы кең дүние­танымдық көзқарасқа ие болған. Оның сая­си көзқарасы социал-демо­крат­тардың да, тіпті кадеттердің де шектеулі ұста­ным­дарының, пар­тиялық көз­қарас­та­рының тар шең­берінен асып түсіп, өзіне тән ерекшеліктеріне ие екенін көре­міз. Оның саяси көзқарасы мен бағдарламасы қазақ халқының ұлттық мүдделерін терең көрсетті, шын мәнінде халықтың қалың топтарының көсемі, шынайы демократ бола білді. Туған халқының ұлы перзенті, оның арман еткен көкейкесті мәселелері үшін жан аямай күрескен көшбасшы еді.

Ә.Бөкейхан – мемлекет, құқық, партия, дін, т.б. мәселелер жөнінде де көп келелі ой-пікір, кеңес, ұсыныс берген оқымысты. Мысалы, «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында оның себебін терең ашып баяндайды: біріншіден, Кадет партиясы жерді бөлу және сатуға, екіншіден, ұлттық автономияға қарсы, үшіншіден, діннің мемлекеттен бөлінуіне қарсы». Оның пікірі бойынша, жер сатылатын болса, бірнеше жылдан кейін қазақтар жерсіз қалады, ал, орыстар қысқа мерзімнің ішінде барлық жерді сатып алады; Ұлтқа автономия бермесе, теңсіздік болады; Мемлекет пен дінді айырмаса, дін мемлекеттің қолжаулығы болып кетеді.

Мұндай ал­дыңғы қатарлы, әлеуметтік-ғылыми жаңа көз­қарас­­тары, ой-пікірлері қазақ қоға­мының қазіргі өмір жағ­дайына сәйкес келіп, іске асырылды.

Лаура АХМЕТОВА,

М.Мәметова атындағы

Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің

тарих және құқық пәнінің оқытушысы, педагогика

ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<