Төрт жасында танылған Моцарт

565

0

 Вольфганг Амадей Моцарт 1756 жылдың 27 қаңтарында Австрияның Зальцбург қаласында дүниеге келді. Шіркеу қызметкерлерінің оған қойған аты Иоганн Хризостом Вольфганг Теофил еді. Болашақ композитор туғаннан-ақ, музыкаға деген бейімін айқын көрсетті. Керек десеңіз, 4 жасқа келгенде, клавесинге арнап алғашқы концертін де жазып шықты. Бұл 1760 жылдар еді. Ерекше дарынының себебінен болса керек, музыкант әкесі оны гастрольдерге өзімен бірге ертіп шығатын. Жас Моцарттың алғаш көпшіліктің алдына шығып өнер көрсетуі 1762 жылдардың шамасына сәйкес келеді. 6 жасар бала Мюнхенде, Венада өнер көрсетіп, көпшілікті зеректігімен тәнті етті.
Жас дарын бұнымен әрине, тоқтаған жоқ. 1764 жылы оның скрипка мен клавесинге арнап жазған 4 сонатасы жарияланды. Дәл осы жылы Лондонға сапары кезінде 8 жасар композитор тағы да 6 соната жазып шықты. Бұлар да скрипка мен клавесинге арналды. 1769 жылы оның «Жалған қарапайымдылық» атты алғашқы пьесасы қойылды. Моцарт құдды аспаннан түскен періште секілді еді. Жастайынан-ақ белгілі болған дарыны оны халық арасында кеңінен танымал қылды. Осылайша 1770 жылы Италияда өнер көрсетті. Бұл жолы да өнерімен халықты сүйсіндіре алды. Бірақ оның дулы өмірі бұлай жалғаса берген жоқ. 17 жасқа келгенде жергілікті архиепископтың бұйрығымен оған туған қаласы Зальцбургтен шығуға тиым салынды. Бұдан былай ол тек шіркеуге арналған музыка жазуға міндеттелді.  Дегенмен, 1781 жылы оған Мюнхенге барып-келуге рұқсат берілді. Моцарт сол жақта «Идоменей, Критский патша» операсын қоюға міндетті болды. Операның премьерасы 1781 жылдың 29 қаңтарында болды. Сәтті қойылымнан соң, композитор Вена қаласына жол тартып, Вебер ханымның үйіне қонақ болады. Ақыры не керек, Вебердің қызы Констанцияны өзіне жар қылып тынады.  Венада өткізген күндері Моцарт үшін қарымды жылдар болды. Неге десеңіздер, дәл осы кезеңдерде ол операдан бөлек симфония, квартет, инструменталдық концерт, хор жанрларында қабілетін сынап көрді.  1782 жылдың 16 шілдесінде оның «Сералден алып қашу» атты операсы көпшілікке жол тартты. Бұл оның неміс тілінде жазған алғашқы операсы еді.
«Серальден алып қашу». Увертюра 1786 жылдың 1 мамырында «Фигароның үйлену тойы» операсының премьерасы болды. Бұл жолғы операның сәтті болғаны соншалық, ол халық арасына кеңінен тарап, түптің түбінде халықтық опера атанды. Композитор 1787 жылы Прагадағы опера театрына арнап «Дон Жуан» операсын жазып шықты.  Моцарттың еңбектері халыққа кеңінен тарап, көпшіліктің мойындауына ие болса да, материалдық тұрғыда жағдайын жөндей алмай-ақ қойды. Соның себебінен қосымша сабақ беріп, түрлі гастрольдерге шығып, жан бағуға тура келді. 1791 жылдың 30 қыркүйегінде оның «Сиқырлы флейта» операсының премьерасы өтті. Осыдан соң, Моцарттың денсаулығы сыр беріп, төсек тартып қалды. Осы күйінде әлемге танымал хорға арналған «Реквиемін» жазуға әлі жетті.
Ұлы композитор 1791 жылдың 5 желтоқсанында 35 жасында дүние салды. Қазір оның жатқан жері халыққа белгісіз болса да, артына қалдырған музыкалары мәңгілік ел жүрегін шаттыққа бөлейтіні сөзсіз.

Дайындаған Ы.Тәжіұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<