Ұлттық кескіндеменің реформаторы

1841

0

Қазақстанда кескіндеме өнері ХХ ғасырда дами бастады. Оның негізін қалаушы Әбілхан Қастеев, кейінгі буынның өкілдері Молдахмет Кенбаев, Қанафия Тельжанов болды. Қазақстанның алғашқы әйел суретшісі Айша Ғалымбаева және  Гүлфайрус Исмаилованың картиналары классикаға айналды.

ХХ ғасырдың екінші жартысының басы жаңа идеяларды іздеу мен ұлттық мінезді айқындау уақыты болды. Алпысыншы жылдар, бұл жылымық деп аталатын уақыт, шығармашылық адамдар еркін тыныстады. Нәтижесінде Қазақстанда талантты жаңашыл өнер адамдарының толқыны пайда болды. Қазақ поэзиясына бәрін таңғалдырып, найзағай соққысы секілді ақиық ақын Мұқағали Мақатаев енді. Замандастары «Мұзжарғыш» деп атаған Ілияс Есенберлин Қазақстан тарихында төңкеріс жасаған «Көшпенділерді» жазды. Ол жылдар қазақ кескіндемесі үшін бірегей ұлттық стильді іздеу жылдары болды. 1960 жылдары құрамына С.Айтбаев, М.Кисамединов, Ш.Сариев, Т.Тоғысбаев, Б.Табиев, А.Сидиханов, Е.Мергенов, Т.Досмағамбетов, И.Исабаев кірген жас суретшілер тобы Қазақстан бейнелеу өнерінің белгіленген өлшемдеріне қарсы шықты. Олар социалистік реалист суретшілердің ресми стилін және олардың айналасындағы өмірді бейнелеудің жасандылық тәсілдерін қабылдаудан бас тартты. Шығармаларында ұлттық өнер стилінің қағидаларын орната отырып, бұл суретшілер дәстүрлі көшпелі мәдениеттің мұраларына сүйенді. Бұл халықтық өнер мен дәстүрлі шығыс миниатюраларын қалпына келтіруге және қайта қарауға, сонымен қатар декоративті колоритті, екі өлшемді кеңістікті, монументалды формалар мен эпикалық бейнелерді қолдануға әкелді. Суретшілердің, графиктердің және мүсіншілердің осы буынының ерекше стилі мен айрықша ерекшеліктері бірнеше ондаған жылдар ішінде қалыптасқанымен, олар қазақ көркемдік стилінің негізін қалады. Бұл авангардты ұрпақтың басында ұлттық кескіндеменің реформаторы Салихитдин Айтбаев тұрды.

С.Айтбаев 1938 жылы Қызылордада туып, кейіннен Алматыға көшіп келіп, А.Гоголь атындағы өнер мектебіне оқуға түседі. Үкі Әжібаев және Молдахмет Кенбаевтан білім алған. 1966 жылы Мәскеу қаласында Бүкілодақтық жас суретшілер көрмесі ашылды, оған қазақстандық суретшілер де қатысты. Көрменің ең үлкен жаңалықтарының бірі – қазақстандық суретші Салихитдин Айтбаевтың «Бақыт» картинасы болды. «Бақыт» картинасы қазақ кескіндемесінің дамуындағы жаңа белесті бастайтын алғашқы туынды болды деп саналады. Дегенмен «Бақыт»  картинасын қабылдауда қарама-қарсы бағытталған сын-пікірлер орын алды. Базбіреулер, әсіресе отандық сыншылар Айтбаевты плакатшы деп айыптады. Сыншылардың пікірінше, картинаның тым жалпыланған мәні болды, ал социалистік реализм сюжет пен драманы талап етті. Алайда, сын суретшінің өзіндік стилін одан әрі дамытуына кедергі бола алмады.

Тас ғасырдағы аулаған бұғы немесе бұқа суретін үңгір қабырғасына салған аңшы алғашқы жаңашыл суретші болды ма? Әрине. Өйткені ол оған дейін ешкім жасамаған мүлдем жаңа нәрсе жасады. Мұны істеу үшін батылдық, шығармашылық ынта және өз ой қорытындысы мен шығармашылық шешімін басқалармен бөлісуге деген ұмтылыс болуы керек. Өнер тарихында бұл жиі болды.

Әрбір жаңашыл идея мен ағымның бастауында қоғамның ішкі қайшылықтарынан туған жаңа мәдени серпін берер тұлға болады. Мысалы, итальяндық суретші Джотто ди Бондоне бүкіл Еуропаның кескіндеме тарихында жаңа кезең ашты және Ренессанс өнерінің бастаушысы болды. Оның тарихтағы орны бейнелеу өнеріндегі ортағасырлық италья-византиялық дәстүрлерді жеңумен анықталады. Қайта өрлеу дәуірінде Леонардо да Винчи, Микеланджело Буоноротти, Рафаэль Санти және басқа көптеген суретшілер адамзаттың өлмес қазынасына айналған шығармаларын дүниеге келтірді. XIV ғасырда басталып, XVI ғасырдың аяғында аяқталған Қайта өрлеу дәуірі өзінің даму жолында бейнелеу өнерінде манеризм, барокко, рококо сынды тағы басқа ағымдарды туындатты.

С.Айтбаев туралы «Суретші сахналық сюжетке және натуралық ұсақтыққа түбегейлі жат, өзінің дәл және нақты бағытының формуласын тапты» деп жазады орыс өнерсыншысы және өнертанушы Вильям Мейланд. Сонымен қатар «Салихитдин Айтбаевтың шығармашылығы айтарлықтай дәйекті түрде дамыды. Оның алғашқы туындылары – 1962 жылғы «Бақташылардың демалысы» мен 1966 жылғы «Бақыт»  және 1969 жылғы «Қонақ келді» атты соңғы жылдардағы еңбектері арасында оның шығармашылық дамуының табиғи екендігін көрсететін мықты генетикалық байланыс бар. Оның басқа бір 1967 жылғы «Жас қазақтар» еңбегінде суретші үшін адам мен табиғаттың біртұтас бірігуінің поэтикасы айқын көрінеді» дейді В.Мейланд.

Оған өзінің ұлттық бағытын іздеу жолында постимпрессионистер Пабло Пикассо мен Поль Сезанның  ықпалы көп болды. Дегенмен оның стилінің қалыптасуына   мексикалық суретшілер Ривера мен Сикейростың шығармалары үлкен әсер етті. Олардың фрескаларының монументалдылығы Айтбаевты өзінің айқындығымен  және лаконизмімен қызықтырды. Олардың композициялық шешімдері қазақтың халық өнеріне жақын болып шықты.

Суретшінің сүйікті жанрлары портреттер, пейзаждар және ауыл өмірінің көріністерінің эскиздері болды. «Түйе мен бала», «Қойшымен кездесу», «Тың жер. Түскі ас кезінде», «Ана» атты шығармалары оның философиялық дүниетанымының ерекшеліктерін пластикалық түрде білдіруге деген ұмтылысының жарқын мысалы болды. Оның портреттері «Құрлан апаның портреті», «Қызыл киімді әйел», жазушы  Әнуар Әлімжановтың портреті реализм мен шынайылықпен ерекшеленді. Кескіндемеден басқа Айтбаев графикамен де айналысып, Олжас Сүлейменовтің «Балшық кітап», «Шуақты түндер», «Маймыл жылы» өлеңдер жинағын, «Қазақтың халық ертегілерінің» үш томдық басылымын және т.б. иллюстрациялады.

С.Айтбаев өмірден ерте озды, бірақ өнерде жарқын із қалдырды. Оның тұла бойы энергия мен экспериментке толы болды және ол нағыз философ еді. Еңбектері қазақ мәдениетінің сұлулығы мен ұлылығын бейнелейтін және ұлықтайтын ұлттық кескіндеме мектебінің бейнесі болды. Ол жасаған кескіндеме мектебі ұлттық бейнелеу өнерінде ерекше орынға ие. Шебердің көркем және графикалық туындылары Ә.Қастеев атындағы Қазақ Мемлекеттік өнер музейінде сақтаулы, Лувр, Эрмитаж, Третьяков галереясында қойылған.

2019 жылы Қызылорда қаласындағы облыстық көркемсурет галереясына қылқалам шеберлерінің халықаралық симпозиумының ашылу салтанатында Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Көне тарихи ғимаратта орналасқан галереяда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Салихитдин Әбдісадықұлы Айтбаевтың тұрақты көрме залы ұйымдастырылды. Суретшінің есімі оның шығармалары өлмейді, өйткені оның мұраға қалған шығармалары келесі ұрпақ үшін баға жетпес құндылық болып қалмақ.

Тұрсынбек ОМАРОВ,

Евразиялық дизайнер одағының мүшесі,

С.Айтбаев атындағы Қызылорда

көркемсурет галереясының өнертанушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<