Велосипедтің тіркеу нөмірі не үшін керек?

537

0

Желі қолданушылары Астанада болған бір жағдайды қызу талқылауда. Полиция қызметкері саябаққа келген велосипедшіні тоқтатып, велосипед рамасының астындағы тіркеу нөмірін жазып алды. Аталған нөмірдің велосипедтің кітапшасында да көрсетілетінін түсіндірген. Алайда видеоға пікір қалдырғандардың көбісі велосипедті сатып алғанда ондай кітапшаны мүлдем алмағанын жеткізді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ақпараты бойынша велосипедтер мемлекеттік тіркеуге алынбайды. Алайда өндірушілер өз тауарының қаңқасына сериялық нөмірді ойып шығарады. Ол арқылы жоғалған велосипедті тауып алуға мүмкіндік бар. Аталған ақпаратты велосипед сататын дүкендердің сатушылары да растап отыр. «Иә, ондай кітапшаларды біз де береміз. Бірақ кейбір велосипедтердің қаңқалары карбоннан жасалады. Оған сериялық нөмірді ойып шығару қиын. Алюминий болса, оңай. Ал карбонның үстіне жазу қиын. Ондайда тұтынушыға CD-диск беріледі. Оны компьютерге салып, өндірушінің ресми сайтында тіркелу керек. Сонда ол сіздің атыңызға жазылады. Кішкентай велосипедтерде де солай. Біз де кешегі видеоны көрдік. Меніңше, полиция қызметкері бәрін дұрыс істеді. Оған ұрланған велосипед туралы ақпарат түскен болуы керек. Содан ол ұқсас велосипедті тоқтатып, қаңқасындағы тіркеу нөмірін тексерді. Өйткені арыз түсірген адам өз велосипедінің тіркеу нөмірін біледі. Сол бойынша шағым берген болуы керек», – дейді Астанадағы бір дүкеннің сатушысы Явит Сұлтанов.

Оның айтуынша, базарда сатылатын велосипедтерде де сериялық нөмір мен арнайы кітапшалар болады. Алайда оны құрастыратын адамдар көп жағдайда оған мән бермейді де, кітапшаны лақтыра салады.

Айта кетейік, кеше Аманжол Мұхамедьяров деген желі қолданушысы Астанадағы ботаникалық саябақта болған оқиғаның видеосын жариялады. Полиция қызметкері оны тоқтатып, велосипедтің тіркеу нөмірін жазып алды. Ұрлыққа қатысты нұсқаудың түскенін де түсіндірді. Алайда велосипедтің иесі наразылық білдіріп, бәрін видеоға түсіріп алды. Желіде осы оқиғаға қатысты пікір екіге бөлінді. Біреулер велосипедшіні қолдаса, енді біреулер полицияны жақтап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<