Жарқын дәуірдің жаршысымын

1788

0

Тарих алдында бәріміз де шәкірт кейпіндеміз. Бабалар өсиеті мен батырлар жорығы, даналар билігі мен хандар кесімі еріксіз тосылтып, өткенді ардақтау, бүгінді бағалау ой таразысына әрқайсымыздың нендей үлес қосқанымызды өткірлей түсетіндей.

Отыз жылдан бері мем­лекетіміздің атауынан тәуелсіздік айбаты  кеудемізде жүрек алфави­тінің таңбасындай жарқырайды. Өшпес рух алауымен жатты да жақынға айналдырып жіберді. Әлі күнге тіл ұшынан түспей келе жатқан жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын өзгермейтін мәліметті жаңа да жоталы жетістіктермен баянды ету үміті наз тастайды.

Дербестік делбесін қаққан бойда ядролық қаруды сынаудан бас тартуды алғаш ұрандатқан Қазақстан болғандығы ешқашан балама іздетпейді. Алғашқы мәртебеміз осындай болуы тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл байламынан туындағаны – тарихта қалатын тапқырлық. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының мінбесінде қазақ тілінің сұңқар суылындай қанат қағуы бабалар аманатының ақталғаны емей немене? Жүзден астам ұлыстардың ынтымағын болаттай құймаға айналдырған Қазақстан Халықтары Ассамблея­сы сияқты пәтуалы бірегей ұйым құрғанымыз достықтың алтын арқауына айналды.

Қазақстан картасындағы ертеректен әлемге аян Байқоңыр қаласы – космонавтика дәуірінің ордасы іспеттес. Осында тұңғыш космонавт Юрий Гагарин зеңгір көкті қақ жарып ғарыш кеңістігінде адамзат қоңырауын қақты. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, іле-шала Талғат Мұсабаев, кейінірек Айдын Айымбетов аспанның арғы жағына ел сәлемін жеткізді. Ғарышта қазақ әні де әуелете шырқалды.

Қасиетті Қорқыт баба мәңгі тыныстаған өлкемізде тарихи жәдігерлерді ұлықтау жолға қойылған. Ежелгі қалалар орны археологиялық қазбалармен дәйектеліп, жаңа жәдігерлер жинақталуда. Түркі әлемі тік тұратын осынау ұлы бабамыздың ғұмырнамалық құпиялары тылсыммен тілдескен болашақты болжаған көрегендігі жайлы тарихи жазбалар мен кино тіліндегі баянаттар көрермен назарына ұсынылмақшы. Сыр өңіріне ат басын тіреген мейман, делегация атаулы Қармақшыдағы Қорқыт баба кесенесіне зиярат етіп қасиетті тұлғаға тағзым жасайды.     

Ордалы отыз жыл белесіне нық қадам басқан отанымыздың тарихи әпсанасын түйдек-түйдек мәліметтермен шұбырта беру қажет емес. Интернетті ашып қалсаң, том-том жазбалардан көз сүрінер еді.  Сәл төмендеп, облыс жетістіктерін тізбелесек еріксіз әлгідей қайталаулар қабаттаса кетеді. Сол себепті екінің біріне аян, бағасы кемімейтін қадау-қадау деректермен тіл тұшынсақ та жеткілікті болар. Атақты диқан Ыбырай Жақаевтың есімімен тығыз байланысты күрішіміз әлі де отан қамбасына құйылуда.Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері алтын жұлдызы әзірге облысымызда Абзал Ералиевтей күріш алқабына жаңаша нәр жүгірткен несібелі азаматқа бұйырғаны кеудемізде мақтаныш алауын маздатады.

Қазақстан ғылымының практикалығы басым, Қызылордадағы күріш ғылыми-зерттеу инс­титутының заманауи технология тамырын дөп басуы көңіл көншітеді. Нарық нөпірінде Жайылманың қарбызы талайдың таңда­йын қақтырады. Әлемдік маңызға ие мұнай өндіру жөнінен Құм көліміз бет қызартпас. Шалқия­дағы уран өндірудің беталысы халықаралық ма­ңызға ие десек те болады.

Бір кездері баспасөз беттерінде Сыр өңірінің ауқымын «Қаратаудан Аралға дейін» дейтін қанатты тіркес жарнамалайтын. Ал мұның өзі тұтастай еліміз туралы «Атыраудан Алтайға дейін» деп жарияға жар салатын ұранды сөзіміздің үйреншікті баламасы сияқты ғой. Сөйтпекші «Кіндігім бірге Аралмен» деп қаһарман қаламгер Зейнолла Шүкіров жырлағандай, ықылас арнасын Тәңір қолдаған Аралыма неге бұрмасқа?! Аралдың тұз өндіру жөнінен атағы баяғыдан алысқа кеткен. Нарық дүрбелеңі тұсында осынау берекетті кеніш ырыс қойнауын жаңа өндірістік өрлеу беталысымен қайта қанаттанды. Бүгіндері қалталанған Арал тұзы әлемдік рыноктың тұрақты сұраныс көзіне айналды. Бертінде Шөміштің шеге құмы шыны өндірісіне таптырмайтын ба­заға айналды. Әттеген-ай осы бағалы шикізатқа бірден бір ие болатын отандық іргелі өндіріс орны әлі күнге еншісін алмағаны.

Арал теңізінің үмітсіз тартылуы бүкіл әлемді абыржытты. Заманымыздың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романы қозғаған теңізбен тағдырлас адамдардың рухани арпалысын жүректі шым еткізе суреттеуі биік мінбелерге дейін жетті. Табиғат тілеу­лестері композитор Мұрат Сыдықовтың «Аралмен мұң­дасу» атты экология­лық тол­ғауы мен ақын Мешітбай Құттықовтың «Дерт-дастан» поэмасы дүниені күңірент­кендей жан пида тәуекелге бел буғызды.

Тәуелсіз жас мемлекеттің мұң пердесін ысырған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан ­Назар­баевтың наркескен байламын Бүкіләлемдік Банк қосымша қаржы қуаттаумен тарихи тәуекелге бел бу­ғызды. Осындай қолдау мен батылдықтың арқасында Сыр мен Әму арасындағы теңіз қамалына ұқсаған «Көкарал» бөгеті қажыған айдынға айбат берді. Өмірге «Кіші Арал» деген атпен еркелей толқыған қарт теңізге дүниежүзі елжірей көз тікті. Сөйтіп Аралдың бағы ашылып, ежелгі балықтары ерке толқынға ере келді.

Дана халқымыздың «қос тойың қабат келсін» дейтін батагөй тілегі және бір жарқын жаңалықтың шашуына ұласты. Теңіздің тартылуымен бірге кенезесі кепкен Сырдария суын көне құбыр арқылы қала халқына жеткізу сергелдеңіне нүкте қойылды. Ауызсуды әзер талмап отыр­ған шақта, Үкімет пәрменімен Құланды қойнауындағы Сарыбұлақ қайнарынан Арал қаласына төтелей жаңа технологияға негізделген су желісі тартылды. Тағы да Аралға деген әлемдік ықылас пұшайман жұртшылықтың жүзіне нұр жүгіртті.

Сарыбұлақтың балдай суы экология зардабы күр­сінт­кен қайсар халықтың таңдайын жібітті. Бұл арада қайта құру қарбаласы кезінде батыл шешім қабылдаған сол тұстағы облыс әкімі Еркін Әуелбековтің көреген қамқорлығы бүгіндері жанарға жас үйі­реді. Осы ерекше ұмтылыста Қазақстан Үкіметін Кувейт қоры мейлінше қолдады.

Осы өшпес тарихи қос бетбұрысқа орай Елбасының Арал халқымен елжірей қауышуы нағыз тәуелсіздік сүйіншісіне ұқсады. Бүгінде Аралдың байыр­ғы балықтары экспорт сөресіне нық жайғасты. Жағалау жайсаңдары ежелгі кәсібіне оралып, әл-ауқаты қалалықтармен теңесетіндей дәрежеге жетті. Айтыскер ақын Әбілхан Махановтың «Аралым – айдын шалқарым» атты асқақ пафосты арнауы қайта шырқалды. Тағы бір талантымыз Бекұзақ Тәңірбергеновтың «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ!» дейтін астарлы шалқу жыры шағаладай шарқ ұрды.

Ал сарқылмайтын қайнар тәрізді тәңір сыйлаған Сары­бұлақ суы бүгіндері Қазалы ауданының мейірін қандырған дәруден бетер сыбағалы сыйға айналды. Кейінгі кездері транс­шека­ралық су ағынын сақтау режи­міндегі дәлелді бөге­сіндерге орай «Кіші Аралдың» қабағына кірбің ұялай баста­ғанын мемлекетаралық ке­лісімдердің оң шешімімен баян­ды болатынына жал­тақ­таусыз үміт артқымыз келеді.

Барша еліміздегідей Сыр өңірінің жастары да білімпаздық белесінде бәйге дүбіріне елеңдеулі. «Қазақ-түрік лицейі» көп тіл білу ұмтылысына жол ашты. ­Назарбаев интеллектуалдық мек­тебі дарынды шәкірттердің қанатын қомдауына серпін қосты. Ғылым мен өнердегі жас­тар қолтаңбасы да айшық­тала түсуде. Түрлі байқауларда топжарған үкілі үміттеріміз жетерлік.

Жаңа толқынның елік­теу мектебі де осал емес. «Та­машаның тарланы» Құдай­берген Сұлтан­баев, жыраулық әлемінің топ­жарғандары Алмас Алматов пен Рысбек Әшімов, айтыста көрерменнің айызын қандырған Елена Әбдіхалықова мен Мұхтар Ния­зов, дүлдүл термешілер Набат Ойнарова мен Елмұра Жаңабергенова, композиторлар Бексұлтан Байкенжеев пен Рамазан Тайманов, таланттарды талпындырған музыка сейісі Қарагөз Ақдәулет­ова баулыған Алмас Кішкен­баев пен Нәби Аймұрат­ов сынды шамшырақтар әлі де талай жаңа есімдермен толығары хақ. Үлкен сахналарда Сыр мәртебесін асқақтатқан эстрада жұлдыздары Мәдина Садуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Өмірқұл Айниязов тәрізді елді тамсандыратын таланттар жалғасын табарына бек сенімдіміз.   

Спорт жанкүйерлерін дүр сілкіндірген зілтемірші Илья Ильин, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев, мәнерлеп сыр­ғанаушы Элизабет Тұр­сын­баеваның есімін толық­тыратын чемпион­дардың жаңа легі жеңіс тұғырында жүздері жайраң қағатынына кәміл иланамыз.

Кәсіпкерлік көкжиегі аясын кеңейтті. Баяғы ала дорба арқалаған аналар мен коммерсант атауына мәз болғандар бүгіндері кәсіпкер, бизнесмен деген жаңа мәртебемен нарық көшінде алшаң басуда. Мемлекет тарапынан жұмыс көзін ашамын деушілерге кеңінен қолдау жасалуда. Несиеге қол созғандар қатары да молаюда. Сөз жоқ, халыққа қызмет көрсетуші кәсіпкерлік құрылымдар – сау­да сырын жетік меңгеріп алды. Тұтынушыға құстың сүтінен басқаның бәрі сөреде самсап тұр. Ендігі жерде әлемдік рынок талабына сәйкес өндіру мен жеткізу арасындағы бағаның жөнсіз алшақтығынан абай болу керек. Бұл жөнінде оңтайлы реттеуші тетік табылары хақ.

Тарих сыйға тартқан тәуел­сіздігімізді аялап ардақтау баршамыздың бұлжымас боры­шымыз. Мен де хал-қадірімше осы жасампаздық үрдісінде өз үлесімді қосып келемін. Аудандық «Толқын» газетіне 1990 жылдың ақпанында әдеби қызметке келген кезім. Газет атаулының жоғарғы жағында атойлап тұратын «Барлық елдің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұран сөз алынып тасталды. Газеттің маңдай тұсына жаңа жалынды сөйлем табу керек болды. Барлық қызметкерлер сияқты мен де «Арал тағдыры – адамзатқа аманат» деген дабылды сөз ұсындым. Бұл атау бәрінің көңіліне қона кетті. Егемен сөзі қолданыста жиіледі. Сол тұста «Социалистік Қазақстан» және «Ленин жолы», «Толқын» газеттерінің біріккен саны Аралда өтетін халықаралық симпозиумға арналды. Сол таралымда менің «Жабырқау жүз, шайлыққан жүрек» деген атпен проблемалық мақалам жарияланды. Тәуелсіздік тегеурінімен атақты жазушы Шерхан Мұртаза ағамыздың тегіндегі «ов» ты жұлып тастағаны секілді мен де ендігі жазбаларымның соңына Жаңабай Кемал деп қол қоятын болдым. Бұл, әрине көзсіз еліктеу емес, рухани сілкіністің әсерінен туған ұмтылыс еді.

Журналистік жолымда үнемі жаңалық жаршысы, кемшіліктің жоқшысы болуға ұмтылдым. «Барсакелместің болашағы бұлыңғыр», «Кү­дік көлеңкесіндегі үміт», «Батыр­­лардың жұрнағы – балық­­шылар», «Тырнақ ұшын­­дағы тазалық», «Тұн­шыққан қайнар», «Эколо­гиялық парк қажет», «Сыйыну мәдениетіміз қандай», «Қоғам қалғып кетпесін», «45 минутқа қиянат», «Журналис­тика жолбике сала емес» деген тақырыптағы сын материалдарым оқырманды елең еткізіп, креслодағыларды бір сілкінтті.

Тәуелсіздік тегеуріні бас­пасөздің бұйрық тілемейтін шабандозына айналдырғаны өзімді іштей марқайтады. Еркіндік лебінің ескеніне он жыл толуына орай Арал аудандық «Толқын» газетінің 2001 жылғы он нөмірінде арнайы публицистикалық реңкпен мақалалар сериясын жарияладым.

Тәуелсіздік жаршысы ре­тінде ақ өлең үлгісінде жа­зыл­ған «Шамырқанған шындығымның қайнары», «Бере­кеңнен айырма», «Ға­сыр­дың соңғы Наурызы», «Ақжолтай күндер арманым», «Еркіндік символы», «Елін сүйген Елбасы», «Бақ құсы қалықтайды аспанымда» сынды публицис­тикаларым мерзімді баспасөзде атойлаған сәттері сірә да, естен кетер ме?!

Бұқаралық ақпарат құрал­дарында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатындағы «Тілде таса жоқ», «Талқы жоқ жерде – тіл керең», «Даналардан жеткен тіл дәуірлесін», «Оқырман сүйікті кейіпкерге зәру», «Қара сөзге қолдау қажет» атты талдамалы дүниелерім қоғамдық оң пікір қалыптастырды.

Арал өңірінің пайдалы қазбаларға бай екенін айғақтайтын жұмыс сапарым Құланды қойнауындағы тұңғыш мұнай бұрғылау сәтіне куәгер қылғаны әлі күнге жадымды жаңғырықтырады. Сол экспедицияның екі мың метр тереңдікке дейін бұрғы түсіргені, автоматика тетіктерінде «Мұнай көзі алыста жатқан жоқ» деп сүйінші сұрайтындай жымыңдағаны әлі күнге жүректі жылытады. Калмыкия делегация­сымен Аралға достық сапарында шығармашылық байланыс орнатқан журналистік тәжірибе алмасулар да қалам ұшын өткірлей түседі.

Мен Арал өңірінің ­қадау-қадау проблемаларына қатысты көкейтесті оптимизмге толы мақалаларым арқылы екі дүркін Орта Азия экологиялық журналистикасы фестивальдарының лауреаты атандым. Рес­публикалық деңгейде еріктілер қозғалысын насихаттағаным үшін арнайы жүлдені иелендім. «Аллажар» қолдау қоры ұйымдас­тырған экологиялық материалдар конкурсында «Арал өңіріндегі үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуы және даму мүмкіндіктері» деген сараптамалық материалым бірінші орынға лайық деп танылды.

Мен әу бастан негізгі қызметіммен қоса қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласатынмын. Мәдениет қыз­меткерлері қоғамдық уни­верситетінде лекциялар оқы­дым, облыстық халық соты­ның заседателі болдым. Аудандағы  «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің қол­дауымен ғаламдық эколо­гиялық қордың кіші гранттар бағдарламасы бойынша «Аманат» экологиялық жобасының үйлестірушісі қызметін атқардым. Екі жыл бойы он төрт елді мекенде экологиялық акциялар кешенін ұйымдастыр­дым. «Көкарал» бөгеті салынбай тұрып Қаратереңдегі Баян көлінде өткел салуға жұртшылықты жұмылдырғанымыз мақтаныш сезімін туғызады. Осы жоба аясында «Табиғатпен тілдесу» атты кітапша әзірлеп мазмұнды буклет ұсынғанымды әрдайым құрметпен еске аламын.

Дания-Арал балық­шыла­ры­ның кәсіби ынтымақ­тастығын арқау еткен «Каттигаттан Аралға аттандаған» атты очеркім шетелдік баспасөзде жылы қабылданғаны жадымды жаңғыртады.

Тәуелсіз елдің әрбір азаматында патриоттық ішкі дауыс үнемі дабыл қағып тұруы тиіс. Тоқмейілсу, келісімпаздық, жалтару сияқты ішкі рухани қуатты босаңсыту қай буынға да жараспайды. Шығармашылық аламанда шетқақпай болған кезім жоқ. Ауданның үздік журналисі, облыс­тағы аудандық газеттер арасындағы үздік мәртебелері мен үшін жай баспалдақ емес. Патриоттық тәрбие жайлы «Борыш тұғырындағы бақыт», ұстаздар туралы «Мәңгілік мақтаныш», «Жеңістің бір ұшқыны», «Оқ пен қоңырау» атты очерк­терім әртүрлі басылымда жүлдегер атандырды.

Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына байланыс­ты «Елім менің» атты облыстық шығармашылық байқауда «Шевченко шығар­маларындағы қазақ өмірі» деген әдеби эссем «Үздік әдебиет­танушы» деген номинацияны иеленгенін ілтипат сезімімен ойға оралтамын. Бірер сөз әдебиет әлеміне қатысты. Қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосқан халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде «Алғашқы асу» хикаятым мен «Шөлдеген шағала» атты әңгімем арнайы жүлдені еншіледі. «Менің жағалауым» атты хикаятым «Толқынның» тоқсан жылдығына арналған бәйгеге ұсынылды. Жүлдесі анықталмаса да, сүйікті оқырмандарыммен газеттің бірнеше санында шырайлана жүздескенім – өзінше бір мәртебе.

Тәуелсіздік тәлімі барша қазақстандықты парыз өтеуіне жүгіндіруі тиіс. Бұл ақжолтай дербес­тік бүгінгі ұрпаққа оңайлықпен жеткен жоқ. Кең байтақ даламыз секілді көңіл байлығымыз да шектеулі болмаса екен. Бабалар аманаттаған дербестік даңғылында жортуылдар дүбірін жасампаздық жаңғырығымен бедерлеуіміз қажет. Қазіргі мамыражай дәуірде жаппай білімпаздықпен бірге маңдай термен өлшенетін еңбекке деген құлшыныс арқамызды кеңге салдыр­мауы тиіс. Алғанымыз аз емес, береріміз де басымдау болғаны әділетті шығар. Бұл ретте ұлан байтақ жеріміз сияқты халқымыздың саны да әлденеше есе көбейгені басты кепілге айналуы тиіс. Миллиондаған тұрғын деген санақтағы тіркесті миллиондаған шаңырақ деген имани атауға алмас­тырсақ қанекей! Сау­да-саттыққа жаппай ұмтылысты тұрақты жұмыс көздерін молайтумен ғана ірке аламыз. Жаңа технология­лар мүмкіндігі жұмыссыздық тәрізді көңіл пәстігін сейілтсе екен. Бәріне шүкір дейміз. Тарих бізге талай ұлыларды сыйлады. Қазақи дархандығымыз имани төрелігіміздің өтеуін кейінгі буын хақ бұйрығындай қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Тәуелсіздігіміздің ғасырлық асқаралы асуында бұл назымыз архив жәдігеріне айналса арман не?!

Не айтары бар, тәуел­сіздіктің әр он жылдығы батыл бетбұрыс­тардың баспалда­ғын­дай келесі кезеңге алшаң бастырады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мем­лекет басқарудың жоғары буындарында әбден шыңдалып, халықаралық қатынастар шең­берінде сұңғыла шешен ретінде мойындалуы, ел бас­қарудың аса бір күрделі кезең­дерінде қайраткерлік қадам­дарымен құпталуы баршамызды сенім даңғылында сапқа тұрғыз­ғандай. Қоғам­дағы келеңсіздіктер мен кедергілерді терең талдау өткір талабымен ығыстырып, басқалай қайталаулар мүм­кін­дігіне біржолата тоқтам қоюда. Халықаралық тіл­дердің барлығында көсіле сөйлейтін эрудициясы қандай мінбелерден болмасын санаға сәуле сіңдіреді. Тәуелсіздіктің елу жылдығына қазіргіден әлдеқайда жинақталып даламыз қаламызға қыр көрсе­тетіндей даму дидарымен құлпыратынына имандай иланамыз. Осындай оптимизммен шалқу сезімімізге нүкте қоюдың өзі әсте асылыққа жатпас!

Жаңабай Кемал,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<