Астаналардың тарихи миссиясы

1211

0

Астана – әлемнің екінші ұстазы, данышпан әл Фарабидің пайымы бойынша «қайырымды қала». Ол «Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен жоғары дәрежелі дамыған қоғамның қайырымды қаласы – астанасы жетеді» деп санаған.


Қайырымды қала – мін-ақауы аз, тұрғындары заңға ден қойған, адамдарының пендешіліктерінен гөрі рухани сипаты басым, әділеттілік пен парасаттылық жайлаған бейбіт қала.
Қазақтың ордасын Сарыарқаның төріне орнықтыру идеясы Алаш зиялыларының арманы болатын. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын бұл идеяны алғаш Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген арман-тілегін келтіреді. Өкінішке қарай, сол кезде қалыптасқан саяси ахуал қазақтың туын Қараөткелге (қазіргі аудан орталығы – Ақмол ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 18 шақырымдай жерде) тігуге мүмкіндік бермеді. Бұл Әлихан Бөкейханның сөзімен айтқанда «Мемлекеті жоқ халық – жетім халық» күйін кешкен уақыт болатын.


Алаш зиялылары жүзеге асыра алмаған мүмкіндік, ХХ ғасыр­дың 90-шы жылдарындағы азаттықпен бірге келді. Сан ғасыр­лық ұрпақ армандаған тәуел­сіздікке қол жеткіздік. Сары­арқаның төріне көшірілген Ел­­ор­даға жаңа Қазақстанды қалып­тастыру миссиясы бұйырды. Бұл жетістіктердің барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерік-жігері мен алысты болжағыш саяси қайраткерлігімен тікелей байланысты.


Еліміздің ХХ ғасырдағы аста­наларының тарихына көз жүгіртсек, әрбір қала өзіндік миссияны орындап шыққанын байқаймыз. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» Декрет қабылданып, 1920-25 жылдары Орынбор қаласы Қырғыз (Қазақ) авто­номиялы социалистік кеңес респуб­ликасының астанасы болды. Патшалық отарлық кезеңнен кейінгі мемлекеттік дәстүрлердің қайта жаң­ғыруының, ұлттық әкімшілік эли­таның қалыптасу бастауында тұрды.


1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария мен Жетісу облыстары Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрамына енуімен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылды. Сол жылдың 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкіл­қазақстандық V съезінде мем­лекетіміздің «Қырғыз» атауы «Қазақ» деп өзгертіліп, халқымыздың тарихи атауы қайтарылды. Ақмешіт қаласының атауы Қызылорда деп өзгертілді.
1929 жылы ел астанасы Сыр өңірінен Жетісуға ауысты. Бұл шешімнің қабылдануына Түркістан-Сібір темір жолының іске қосылуы да өз әсерін тигізді. Ауа райы қолайлы, табиғаты көркем ірі әкімшілік шаһар – Алматы қаласы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналып, 1936 жылы одақтас республика болдық.


Алматы қаласы жетпіс жылға жуық республиканың бас қаласы миссиясын атқарды. Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Декларацияға қол қойылып, бабалар аманаты орындалды. Тәуелсіздіктің нышан­дары қабылданды. Бұл қалалар өз тарихи миссияларын орындады.


1997 жылдың желтоқсанында ұлы көш Жетісудан Сарыарқаға бет түзеді. Елбасымыз Н.Назарбаев Елорданы Нұр-Сұлтанға көшіру бастамасымен тәуелсіз еліміздің дамуына жаңа серпін беріп, бүгінде Есіл өзенінің бойында орналасқан бұл қала озық идеялар мен нақты істердің ұйытқысына айналып отыр.


Елорданы ауыстыру идеясы турасында Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді» деген болатын. Ел дамуының жаңа кезеңіндегі Нұр-Сұлтан қазақстандықтарды бірік­тіретін еліміздің бас қаласы ғана болып қалмауы керек, сонымен қатар қарқыны қауырт экономикалық белсенділікті қамтамасыз ететін ел экономикасының локомотивіне айналуы тиіс-тін.


Елбасы астананы ауыстырудың негізгі себептерін былайша түйген еді:

Біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттілігінен туындады. Сондықтан елдің бас қаласының орнын анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Нұр-Сұлтан – өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық.


Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де ескерілді. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекаралардан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс.


Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның эконо­микасын сауықтыру қажеттілігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Өңірлердің дамуына серпін беріп, экономиканың, құрылыс ма­­териалдары өндірісі, жол төсе­ніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары аяғынан тұр­ды. Тұрғын үй құрылысы дамыды.


Төртіншіден, астананы Солтүстік аймаққа қарай көшіре отырып, онда титулды ұлт өкілдері санының артуына оң ықпалын тигізді. Бұл этносаралық қарым-қатынастың дамуына септігін тигізіп, қоғамдық келісімнің дамуына жағдай жасады.


Әрине, астананы әсем Алматыдан Ақмолаға ауыстыру шешіміне бару Елбасы үшін қиынға соқты. Оны қолдаған, түсінген әріптестері де аз болған. 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес сессиясының пле­нарлық мәжілісінде астананы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыс­тыру туралы идеясын ұсынады. Ұзаққа созылған пікірталастан соң, ұсы­ныс басым дауыспен қолдауға ие болады.


Бұл сәттер туралы Елбасы: «Елорданы ауыстыру туралы менің идеямды психологиялық жағынан қолдағандар көп болған жоқ. Тіпті менің жанұямның өзінде де мұны барлықтары «иә» дей қойған жоқ. Сөйтіп, бар­лығын іс жү­зінде, таза ақ парақтың бет­терінен бастауға тиіс болдық» дей келіп, «Оған Алма­тының несі ұна­май қалыпты? Одан да жалақы мен зейнетақыны уақы­тында берсін де!» деген шымшыма сөздерді жиі естідім» деп еске алады.
Насихаттық жұ­мыс­тың кеңінен жүр­гізілгеніне қарамастан, халықтың басым бөлігіне астананы ауыстырудың себебі жұмбақ күйінде қалды. Көптеген басы­лымдарда ресми себеп­тер қабылданған ше­шімді түсіндіруге жет­кі­ліксіз болды. Ірге­лес мемлекеттердің көз­қа­растары да белгілі болып қалды. Мәселен, «Коммерсантъ» газетіндегі «Персональная столица Президента Назарбаева» деген мақалада «демо­кратия болмаған жағдайда, ешкімге түсініксіз, дәуір­лік жобалар пайда болуы мүмкін. Ешқандай да стратегиялық ойлау, орасан зор қаржыны еңбекақы мен зейнет­ақыны төлеуден, ел азаматтарының басқа да проблемаларын ше­шуден бұрып әкетуді ақтай алмайды» де­лінген.

Сондай-ақ, егер бұл көшу ауыл­дан келетін қазақ мигранттарын адас­ты­ратын, олардың көңілдерін Алматыдан басқа жаққа аударуға және оң­түс­­­тіктің ке­дей хал­қы­ның тас­қынын сол­түс­тікке қарай бұ­ратын аса зор ал­даусырату бол­маса, бұл әрекет қа­зіргі саяси режимнің жойылуының басы болады деген болжамдар мен түрлі алып-қашпа әңгімелер де таралды.


Бүгінгі уақыт биігінен бағамдасақ, Елбасының астананы көшіру идеясы дұрыс әрі дер кезінде жүзеге асырылған шешім болғанын байқаймыз. Қазіргі таңда қала халқының 80%-ке жуығы титулды этнос өкілдері, Солтүстік өңірлерде қазақ халқының үлесі 50%-н асты. Нұр-Сұлтан ЮНЕСКО-ның арнайы бейбітсүйгіш қала деген бағасына ие болды. Қазіргі таңда әлемдік диалог алаңы ретінде қалыптасты. 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, 2011 жылы Қысқы Азия ойындары, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өткізілді. Дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өткізіліп, Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік алаң ретінде қызмет етті.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» мақа­ласында «Елбасының елорданы Есілдің жаға­сынан салу жөніндегі бастамасы еліміздің гео­саяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты және біртұтас ел ретіндегі дамуымызды айқындай түсіп, елді біріктіруші факторға айналды» деді. Сонымен қатар, «Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ. Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді» деп өте орынды атап өтті.


Нұр-Сұлтан қаласы – әрбір қазақстандықтың арман-тілегінің нақты жүзеге асуының белгісіндей. Бұл – Ұлы Дала Елі көгінде жүздеген жылдар бойы бостандық пен тәуел­сіздік идеясы қалықтап жүрген ата-бабаларымыздың асыл мұратының орындалғаны. Бүгінде мыңдаған жыл­дар бойы уақыт керуенімен бір­ге тыныстаған Қазақстанның ұлан-ғайыр даласында мемлекеттік ше­шімдер мен әлемдік бейбітшілік бастамалары қабылданып, жүзеге асырылуда.

Уалихан ИБРАЕВ,

облыстық «Рухани жаңғыру»

орталығының директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<