Адам – бір көшкен керуен

743

0

Мемлекет қайраткері Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде СОКП ОК саяси бюросының мүшесі, Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа (партбилетті ауыстыру кезінде №00000011) яғни, он бірінші билетті тапсыру салтанатында Қазақ телевизиясының арнаулы тілшісі ретінде сұхбат алған едім.

Бұл – 1973 жылғы қоғам өміріндегі тарихи оқиға. Сол сәтте бірінші хатшы Кеңес Мұстаханұлы қатты толқып тұрды. Д.Қонаевтың сенімді серіктесі әрі лайықты ізбасары бола білді. Кейіннен Алматы қаласының мэрі-төрағасы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Алматы қаласы және облыстың іргелі істерінің басы-қасында жүрді.

Д.Қонаевтың тікелей басшылығымен Алматы қаласындағы бірнеше сәулет ғимараттары «Медеу», «Қазақстан» қонақүйі, Пионерлер сарайы, Қапшағай қаласы, Қапшағай теңізі, «Үлкен Алматы» каналы, «Бартоғай» су қоймасы салынды. Сол игі істердің басында қайраткер Кеңес Аухадиев болды. Өмірінің соңғы жылдары Д.Қонаевтың есімін мәңгі сақтауға арналған іс-шаралардың ортасында (Қонаев қорының)  жүрді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың арнайы шақыруымен облысқа тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьері Ұзақбай Қараманов, мемлекет қайраткері Кеңес Аухадиев, академик-дәрігер Камал Ормантаевты әуежайдан күтіп алу, бірге жүру, кездесу ұйымдастыру маған тапсырылған еді. «Сыр – Алаштың анасы» деп аталған өңірде киелі орындарда, Қорқыт баба кесенесінде, әйгілі шайыр Тұрмағамбет ауылында, Марал баба кесенесінде, Байқоңыр қалашығында, одан әрі Арал ауданында кіші Арал, «Аманөткел» су тоспасында болды, халықпен кездесті. Сыр өңірінің киелі топырағында Қазақ хандығының төрт астанасы болған тарихи орындар, ұлы тұлғалар Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов туралы мағыналы әнгімелер айтқан еді кездесулерде.

Елі үшін қажымас еңбектің үлгісін көрсеткен, халықтың құрметіне бөленген Дінмұхамед Қонаев та, Ұзақбай Қараманов та, міне Кеңес Аухадиев те келмес сапарға аттанды. Бұл – тағдыр. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы.

Ержан Уәйіс,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<