Мәртебелі мамандық иесі

776

0

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында адам өміріне қолайлы жағдай туғызып, халықтың талап-тілегінің жүзеге асуын, әл-ауқатының жақсаруын алтын қолдарымен іске асырып келе жатқан қоғамның әлеуетті жұмыс күші – құрылысшылар екені белгілі.

Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мәртебелі мамандық. Бұлай деуімізге әлемнің қай түкпіріне барсақ та құрылыс жұмыстарының бір сәтке бәсеңдемейтіні, зәулім ғимараттардың бой көтеріп, адамзат игілігіне айналып жатқаны толықтай дәлел бола алады. Осындай жауапкершілігі зор мамандықты меңгеріп, кәсіби тәжірибесін кейінгі буынға үйретуден жалықпаған құрылысшылардың бірі – Базарбек Тайманов.

Кейіпкеріміз саналы ғұмырының 38 жылын құрылыс саласына арнап, еңбектің ыстық-суығына төзіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Азаматтың асыл мұраты – халық қамын ойлап, елге қызмет ету дейтін болсақ, Базарбек Тайманов – қаланың көркеюіне, аудандардағы құрылыс саласының дамуына көп еңбек сіңірген азамат. Қолынан іс келетін шебер құрылысшы іскерлігі мен біліктілігінің арқасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жемісті еңбек етіп, қызметтің барлық сатысынан өтті. Облыс, аудан әкімдерінің тапсырмасын, халықтың талап-тілегін уақытылы, сапалы орындай білген ол алдыңғы буынға жақсы іні, кейінгі толқынға ақылшы ұстаз.

Базарбек Дүйсетұлы 2012 жылы «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталған. Осы кезге дейін «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Қазалы, Жосалы, Шиелі, Тереңөзек аудандары мен «Қызылжарма» ауылындағы 1200 орындық мектеп, 180 орындық балабақша мен 200 орындық емхана және т.б ғимараттардың салынуына үлес қосты. Еңбек жолын құрылыс шеберінен бастап, облыстық құрылыс басқармасы және сәулет-құрылыс бақылау басқармасында бөлім басшысы болды. Қазіргі таңда «Қаймар Инжиниринг» ЖШС-ның техникалық бақылау қызметінде жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін бірнеше рет облыс және қала әкімінің Алғыс хатына, Қызылорда қаласының 190 жылдығына арналған құрмет медаліне, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Құрмет грамотасына» ие болды.

«Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте» дейді халық даналығы. Кейіпкеріміз Базарбек Тайманов – адамгершілігі мол, отбасында асыл жар, абзал әке, қамқор ата. Бүгінде өмірлік жары Жанар Әмзеқызымен бірге 4 ұл-қыз өсіріп, оларға өнегелі тәрбие беріп, жоғары білім алуына мүмкіндік жасап отыр. Ұл-қыздары да әке үмітін ақтап, абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп келеді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<