Қарымды қайраткер

743

0

1992 жылдың тамыз айында Өзбекстанның Хорезм уәләятында Қызылорда облысының мәдениеті күндері өтті. Оған қатысатын облыс, аудандар және басқармалар басшыларынан құралған делегация құрамында журналист ретінде біз де Үргеніш шаһарына ұшып бардық. Барған бойда байқалғаны: 1989-1991 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып, сол жылы ғана басқарудың тағы бір жаңа жүйесі – әкімдіктің тізгінін қолға ұстаған Сейілбек Шаухаманов ағамыздың сонау жанубий-түстіктегі көне Хиуа жерінде солтұста хоким болып мезіретті қызметін бастаған әріптесі әрі құрдасы есепті Маркс Жұманиязов акамен қай жерде, қай уақытта танысып, дос болып, күндер өткізуге келісіп үлгергенін қайдам, әйтеуір бір-бірін көптен бері көрмеген кәнігі кірешілердей қуана қауышты.

Ақиқатын айтқанда, өзағаңдардың ұшырасуға жан-жақты даярланғаны қадам басқан сайын көрініп тұрды. Мұның үстіне, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ұсынатын ұсынақты нәрселері көп болып шықты. Біздің делегация құрамындағылардың әрбірі бұларды өзінше, өз көзқарасы мен таным-түсінігінің деңгейінде қабылдап жатты. Соның ішінде қай жерде үлгі боларлық үздік тірлік көрсе, соған елден ерек ықылас танытып, кейде қосымша сұрақтар қойып, жете білуге ынтасы ауып жүрген Жаңақорған ауданының әкімі Ибрагим Әбибуллаев бірден көзге жылы ұшырап, жағымды әсер қалдырды. 

Сайын сапарымыздың сұлбасы уәләяттың батысындағы Шават ауданынан салауат алды. Шават деген жарманың жағалауына жайғасқан, жасыл желек жамылған, он мыңдай тұрғыны бар қышлақтың кенересінде бірқатар ауылшаруашылық техникаларын, соның ішінде сеялка шығаратын шағын зауыт бар екен. Ондағы өнімдер түрлерімен танысып болғаннан кейін аудан ауқымындағы «Қазақстан» деген колхозға бардық. Номықазақ елінің елесін мәшһүр еткенімен, тұрғындары түгел өзбектер көрінеді. Шаруашылықтың негізгі ерекшелігі – басты дақылы ретінде күріш өсірумен шұғылданады. Бірақ жыл сайын оның әр гектарынан алынып жататын орташа өнімінің түсімі бөлек, біздің тіпті түсімізге де кірмеген көрсеткіш – 70 центнер. Сөйтсек, ондағы диқандар дақылдың әр түбірін көшеттеп егеді екен. Танаптарында бір түйір де арам шөп жоқ. Гербицид себу деген амал әсте әлеует етілмейді. Қодырен өсімдіктер мен бұталар жолдардың жіңішке жиектерінде ғана. Қалған жерлердің бәрі – жайқалған егін, жап-жасыл жазира. Алқаптарға апаратын тараптар түгел асфальттанған. Егісті тамшылатып суару тәсілін де бірінші рет осы жерден көрдік. Бұдан бөлек, егістіктің телегей теңізі төрінде колхоздың керемет демалыс жайы орналасыпты. Ол қолдан жасалған кішігірім көлдің ортасына қоныс теуіпті, ал айдын жүзінде аққулар жүзіп жүр.

– Серік, байыптадың ба, жер жағдайының Сырдың бойынан ешбір айырмашылығы жоқ. Кебірге ғана шығатын біздегі ақбас, біздегі жантақ, біздегідей қарасора, керек десең, қарабарқын мұнда да өсіп тұр, – деді кейін кері қайтарда автобуста кездейсоқ қатар отырып қалған Ибекең күні бойы көргендерін ойына сыйдыра алмағанын аңғартып. – Жолдың азын аулақ ернеулері де біздегі секілді сортаң тартып жатыр. Күннің аптап ыстықтығы біздегіден артық болмаса кем емес. Алайда, айналаны қалай жайнатып қойған! Осының бәрі таза еселі еңбекпен, берекелі бейнетпен келеді. Бәрі адамның өзіне байланысты ғой.

Ибрагим аға бұдан кейін Пинтекте болғанымызда ондағы шетелдік машиналарды құрастыру зауытының, Хазараспқа аялдағанда қазіргі заманғы жинақы жабық базардың, Әмудің арнасы аумағындағы «Түйемойын» плотинасына ат басын іріккенімізде оның іргесіндегі су қоймасының тиімді жұмыстарына айрықша қызығушылық білдірді. Ал ашық аспан астындағы музей іспеттес ескі Хиуаға келгенде, екеуміз оның тарихи қорғандары мен ескерткіштері аумағын бірге аралап, Ичан-кале махалласындағы сақ дәуірінен бері бар, Нұқ пайғамбардың ұлы Симнің пәрменімен қазылған әйгілі Хейвак құдығын тамашаладық. Бір кездері Хиуаның ханы болған ғұлама Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» диуанының өзбек тіліндегі нұсқасын да осы кентте бірге сатып алдық. Үргеніштің үлесінде ертедегі патшалардың ғазнауи сарайларын аралағанда да ғиджактың ғажайып үнін естіп тұрғандай ерекше әсерге бөленіп жүрді. Осылар арқылы ол өзінің жаңалыққа жаны құштар заманауи білікті басшы болумен бірге, жаһани-жәдігерлік ділгер дүниелерді де жоғары бағалайтын зиялы қауымның өзгеше өкілі екенін байқатты.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін Ибекеңмен екеуміз бір-бірімізбен таныс болғанмен, етене араласып көрмеген едік. Бірақ 1991 жылдың көктемінде ғана Жаңақорғанға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып барған оның қылышынан қан тамған кеңестік коммунистік кезеңнің қаһарынан қаймықпай, өскелең өңірдегі Әбді Жәлел баб, Хорасан баба, Хисамеддин (Сунақ) ата, Айқожа ишан кесенелері мен «Ақтас» мешітіне баратын жолдарды жөнге келтіріп, бастарына үй салып, электр жарығын апарып, өздерін жөндеуден өткізген тірнекті тірліктерінен хабарымыз бар-тын. Ал Хорезмнен келгеннен кейін сол жолы ізденгіштік ілгегі бар ширақ шенеунік ретінде көңілдің көгінде қонақтап қалған атпал азаматтың аудандағы елді елең еткізетін ерен еңбектеріне дәйімі ұдайы құлақ түріп жүретін болдық.

Обалы не керек, айдыны озық Ибекең көп күттірмеді, сол жылдың күзінде дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, республикада бірінші болып Израильдің «Айзенберг» фирмасының тамшылатып суару технологиясын өндіріске енгізді. Осылайша «Юбилейный» совхозында 370 гектар жүзімдікті суғарудың, тыңайтқыш пен гербицид берудің автоматты қондырғысы орнатылды. Сөйтіп, Хорезмнен түйіп қайтқан түйткілін тез арада шешіп тастады. Нәтижесінде келесі жылы шаруашылықта жылына 870 тоннаға дейін өнім шығара алатын шарап зауыты іске қосылды. Осының арқасында совхоз тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жақсара түсті. Бұған қоса, «Түгіскен», «Талап», «Бірлік» және «Жайылма» ауылдарында бау-бақша, жеміс-жидек, көкөніс өсіру жұмыстары жоғары агротехникалық талаптарға сай жүргізіліп, облыс диқандарының өзіндік тәжірибе мектебін түзді. Бұл кісінің бұдан кейінгі айрықша атап өтуге тұрарлық айбынды шараларының бірі сол кездегі қаржы-шаруашылық жағдайының ауыр екеніне қарамай, кепелерді жайлаған малшылар қауымын екі жылдың ішінде жайлы үйлерге көшіріп шығуы болды. Мұның меселінде 152 шопан мен бақташы отбасын жаңадан салынған 149 баспанаға орналастырды.

Байқап тұрсам, жалпы, Ибекең ешқашан қызметтің соңынан өзі жүгіріп жүрмеген екен. Керісінше, көп реттерде оны сол мансаптың өзі індете іздеп келіп тұрғанға ұқсайды. Бұған да мысал көп. 1965 жылы Сырдария ауданына қарасты өзі туып-өскен «Қоғалыкөл» ауылындағы №44 орта мектепті үздік бітіргесін, Алматыдағы Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне түсіп, оны 1970 жылы тәмамдады. Елге келгесін, еңбек жолын туған жері – Жамбыл атындағы совхозда механик қызметінен бастады. Кейін машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, инженер болып сатылап көтерілді. Оны қоғамның өзі керек етуі осы кезден-ақ белең берді. Өзінің міндетін ешбір мекерсіз атқаратын жауапкершілігі мол жас маманның хабары жоғары жаққа жетсе керек, совхозда жұмыс істеп жатқанына бес жыл толған тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Еламан Жүнісбаев оны нұсқаушылық қызметке шақырды. Бірақ бұл кезде жастары ұлғайған әке-шешесін қалдырып кеткісі келмеген ол бұдан бас тартты. Арада аз уақыт өткеннен кейін райкомнан екінші мәрте шұғыл шақыру жетті. Бәлкім, балаңдық не алаңдық болар, Ибрагим бұл жолы да дәсәуілгі желеуінің желісінен жаңылмады. Содан күндердің күнінде ауылдық кеңестің төрағасы Жұмабай Сүлейменов деген ағайын ағасы Сражаддин ақсақалға арнайы келіп жолығып: «Көке, райкомның бірінші хатшысы балаңды үшінші рет қызметке шақырып жатыр. Енді төртіншісі деген болмайды. Сондықтан жолын байлай бермей жібер, ұзап кетпейді ғой», – дейді шегелеп тұрып.

Осылайша 1975 жылы Сырдария аудандық партия комитетіне қызметке ауысқан жас жампоз Еламан Жүнісбаевтың қарамағында алты жылдай уақыт ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Нұсқаушы кезінде жыл сайын жылдық еңбек демалысын қыркүйек айына туралап алып, өз ауылында комбайн штурвалына отырып жүрді. Ал 1981 жылы Ибрагимнің тағы да өзінің еркінен тыс мансап өзгертуіне тура келді. Сол уақытта Жамбыл атындағы совхозда 1000 бас ірі қара есептен кем шығып, соңы үлкен айқайға ұласты. Осының дабыры салдарынан совхоздың директоры мен партия ұйымы хатшысының мәселесі облыстық партия комитетінің бюросында қаралды, нәтижесінде екеуі де орындарынан алынып, партия қатарынан шығарылды. Бұлардан бөлек, елуге жуық бас маман мен бақташы істі болып, әртүрлі қылмыстық жазаларға тартылды. Бірақ бұдан кейін бұл шаруашылыққа директор болып баруға ықыласты адам табыла қоймады. Осылайша бұл орын екі ай бос тұрды. Дегенмен, тозғын хәліндегі совхозды бұдан артық басшысыз ұстай беруге болмайтын еді.

Сол күндердің бірінде Ибрагимді бірінші хатшы шақырып алып, оңаша сөйлесті.

– Шырағым, саған өзің туып-өскен, еңбек жолыңды бастаған ауылға директор болып бар деген қолқа салғым кеп отыр, – деді Еламан Жүнісбаев мұның жүзіне барлай қарап отырып. – Жас емессің. Біраз тәжірибе жинадың. Аудандық партия комитетінің мектебінен өттің. Өз ауылыңда да біраз жұмыстар жасадың. Совхоздың жайын да, ондағы елдің уайымын да бес саусағыңдай білесің. Өз ауылың болғасын жаның ашып жұмыс істейсің. Кемшіліктің бәрін жоюға бар ынтаңды саласың. Сондықтан қазір бұл орынға сенен артық кандидат көріп тұрған жоқпын.

Ибекең сонда өзі қатты құрмет тұтатын Еламан ағасының осы сөзінен асып түсе алмады. Сөйтіп, тәуекелге белін бекем буды. Рас, сол кезде жасы әлі 33-ке тола қоймаған маман үшін тұралап жатып қалған шаруашылықты тік тұрғызып әкету оңайға соқпады. Дегенмен, ауылдағы ақылман ақсақалдар мен ақеден ағаларының ақыл-кеңестеріне сүйене отырып, жұмысты біртіндеп жолға қоя бастады. Ең алдымен совхоздың ішкі-сыртқы бар мүмкіндігін саралап шығып, жақын арада атқарылатын тірліктердің жоспарын жасап алды. Содан кейін өзінің осы кезге дейінгі байланыстарын іске қосып, беделін пайдаланып, облыс пен қаладағы барлық жабдықтаушы мекемелермен, сауда орындарымен қарым-қатынасты түзеуге кірісті. Бұлармен бір мезгілде ауылдағы еңбек адамдарының жағдайларын жасауды да қолға алды. Осының бәрі шаруашылықтың жай-күйін ақырын жақсарта беруге септігін тигізді. Сол жылдары аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы лауазымында отырған Сейілбек Шаухамановтың демеуі мен көмегі де кем түспеді. Мұның бәрі қайырсыз кетпеді. Алты жыл ішінде ізденгіш те іскер директор совхозды облыстағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың шарқына жеткізіп, 100 мың центнер астық бере алатын ұжымдардың санатына қосты. Осы жылдар бедерінде екі еңбеккері Ленин орденімен марапатталса, үш үздік «Октябрь революциясы» және жеті жүйрік «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін алды. Тағы бір майталманы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен бірге, одақтық және республикалық Жоғарғы Кеңестерге бір-бір бейнеткеш депутат болып сайланды.

Тегінде, адал еңбек кім-кімді де жұлдызды жолдың бағытынан адастыра қоймаған ғой. Тарап кетуге күні қараған шаруашылықты қысқа мерзімнің ішінде озаттар ортасына апарып қосқан Ибрагим тағы да соның арқасында қызмет сатысымен жоғары көтерілуге қол жеткізді. Бұған қашаннан қатаң тәртіптің қайраткері саналып келген Еркін Әуелбеков сынды үлкен тұлғаның тікелей қатысы болды. Облыстық партия комитетіне 1985 жылғы қаңтардың 22-сінде бірінші хатшы болып келген Еркін Нұржанұлы көп ұзамай облыстың аудандарымен танысуды Сырдария ауданынан, соның ішінде Жамбыл атындағы совхоздан бастады. Ол келген бойда мұнда атқарылған жұмыстарға өте жоғары баға берді. Кетерінде аудан басшысына Ибрагим Әбибуллаев секілді кадрларды өсіру керек дегенді айтты.

Осылайша Ибекең сол жылғы шілдеде Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды. Тағы бір тоғыз айдан кейін аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып көтеріліп, ауданның екінші тұлғасына айналды. Ол ауданға келген мезеттен бастап Комсомол совхоз-техникумында 1,5 гектарлық саяжай салдыру мәселесімен айналысып, оның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қамтамасыз етті. Облыс аумағында бірінші болып салынған бұл саяжай кейін ауданның көкөніс өндіру жөніндегі жоспарын алғаш рет орындауына мүмкіндік берді. Мұның соңын ала ауданда балық өсіретін тоған шаруашылығын құру ісін басқарды. Жаңа құрылым іске қосылғаннан кейін күніне 3,5-4 тонна балық аулап, қала мен аудан орталығына ұдайы тірі су маржанын жеткізіп тұратын болды.

Облыста осы уақытқа дейін кезінде бірнеше ауданды басқарған кадрлар көп болған жоқ. Сол сиректің бірі біз сөз етіп отырған Ибрагим Әбибуллаев еді. Ол, жоғарыда атап өтілгендей, 1991 жылы Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етсе, 1992-1994 жылдары осы ауданның әкімі болды. 1994-1996 жылдары Шиелі, ал 2004-2008 жылдары Сырдария аудандарын абыроймен басқарды. Қайда да реформаторлық рәуішінен танбайтын ол осылардың барлығында да өзінің айшықты таңбасын, іргелі істерін қалдырды. Айталық, Шиелі ауданына келгенде, жағдайдың ауыр екеніне қарамастан, ең бірінші қолға алғаны аудандағы егіс көлемін сақтап қалу болды. Осы мақсатта қой мен сиырды айырбастау арқылы шаруашылықтарды «Құмкөл» мұнай компаниясынан егіске қажетті жанар-жағармай алуды ояға келтірді. Соның негізінде өңірде 12 мың гектар жерге егін егілді. Сол кездері келіп жеткен жекешелендіру кезеңінде колхоз-совхоздардың қырық бөлініп, талан-таражға түсіп кетпеу жағын айрықша қадағалады. Судың азайып кетуіне орай «Шиелі» каналының сағасындағы дария арнасына тосқауыл талдырғы салу арқылы бұл мәселені оңтайлы шешіп алды. Осы жылдарда Шиелі ауданының бәйге аттары облыс пен республикада дүркіреп танылып тұрды. 1995 жылы Семей өңірінде ұлы Абайдың 150 жылдығы тойындағы аламанда ауданның «Ызғар» атты тұлпары бірінші орын алып, бас бәйге – КамАЗ жүк көлігін ұтып алып қайтты. Сырдария ауданында әлеуметтік нысандарды түгел жөндеуден өткізіп, көшені көріктендіру басты қағидалардың біріне айналды. Осы санатта аудандағы мәдениет үйі, музей, мектептер жаңаша реңкке бөленді. Сонымен бірге егін шаруашылығында орын алып жатқан көптеген келеңсіздіктер мен дау-дамайларды реттеу келешектегі келелі істерге негіз қалап берді.

Ибекең өзінің саналы өмір жолын әдетте екі үлкен келісті кезеңге бөліп қарастырады. Оның бірінші бөлігін кеңес төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы, әкім секілді аудандық ауқымдағы лауазымдар құраса, екінші бөлігін облыстың орман, аң, балық шаруашылығы, табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы секілді құрылымдарды басқаруы қамтиды. Осының ішінде ол екі кезеңнен тұратын қоршаған ортаны қорғау саласы өзі үшін өшпес өнеге, өзгеше өмір сыйлағанын асқан ризашылық және қанағаттанғандық сезімімен еске алады.

Ол бұл салада да өзінің орасан зор оралымды жобаларын таңбалап қалдырды. Мәселен, 1996 жылы мұнда алғаш келгенінде, оның етек-жеңі алқам-салқам болып жайрап жатыр еді. Басқасын айтпағанда, мекеменің жайғасып отырар дұрыс баспанасы да жоқ-тын, коммуналдық қызметтің барлық түріне шаш-етектен қарыз, қызметкерлер айлық жалақы алу дегеннің не екенін көптен бері ұмытқан. Бірақ шешінген судан тайынбастың тұрқын танытқан жаңа басшы ұшы-қиыры жоқ бұл жұмысқа бел шешіп, білек сыбана кірісіп кетті. Проблеманың денін республикалық дәргейде шешіп, біртіндеп ұжымды тұйықтан шығарды. Бұдан әрі Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егуді жалғастырып, барлық аудандар орталықтарынан көшет өсіретін питомниктер ашты. Қазір барлық аудандар соның игілігін көріп отыр. Сөйтіп, 2004 жылы бұл жерден басқа жұмысқа ауысқанында бұрынғы 230 адамдық штаттық кестені 400-ге дейін жеткізіп кетті. Ал 2008 жылы салаға қайта оралғанында коммуналдық жүйе меншігіне өтіп кеткен су шаруашылығының тағы да қиын жағдайда қалғанына көз жеткізіп, оны шешуге белсене кірісіп кетті. Нәтижесінде су жолдары мен коллекторларды жөндеуге қыруар қаржы алдыруға қол жеткізді, су шаруашылығының республикалық бюджетке қайта алынуына мұрындық болды. Облыстағы 147 ауылдық округтің 89-на су бармайтыны немесе нашар баратыны анықталып, оларға баратын каналдарды қайта қазуға және жөндеуден өткізуге қыруар қаржы бөлгіздірді. Аралдың табанында жұмыс жасау үшін Дүниежүзілік даму банкісі бөлген 1 миллиард 680 миллион теңге ақшаға түрлі техника сатып алынды.

Қайда жүрсе де, өзінің қарымды қайраткер екенін әмісе танытып отыратын Ибекең қазір де аттың үстінен түсіп тұрған жоқ. Олай дейтініміз, облыстағы әр алуан әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тиісті орындардың назарын аударып, оларды шешудің жолдарын қарастыру мақсатында құрылған «Ардагерлер даусы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылары қатарында бар бұл кісі сол ұйымның белді де белсенді мүшелерінің бірі болып келеді, төрағаның орынбасары қызметін атқарады.

Ұзақ жылдар бойы халық шаруашылығы саласында жемісті еңбек етуі арқасында Ибрагим Әбибуллаев өзінің маңдай тері сіңген Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атанған. Бұдан бөлек, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры. Кеңес кезеңінде «Құрмет белгісі», тәуелсіздік жылдарында «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Серік ПІРНАЗАР

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<