Ұлы ғибадаттың шапағатты шағы

472

0

Мұқым  мұсылманның қасиетті мерекесі Құрбан айт та келіп жетті. Айт күндері құрбан шалу ұлық ғибадат. Құрбан шалудағы ең маңызды жайт – оны Алла атымен арнап сою.

Әбу-Ханифа құрбандық етін жеуге де, таратуға да болады дейді, алайда ол уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіпті талап етпейді. «Пақырды тойдырыңдар» деген бұйрық байларға берілмесін деген мағынаны білдірмейді. Өйткені сахабалар құрбанның етін бай, кедей көрші-қолаң мен туыс­тарына да беретін. Осы тұрғыдан қарағанда құрбан айт күндері шалынған миллиондаған құрбанның еті – бай-кедей, жетім-жесір, кедей-кепшік, жас-кәрі, әйел-еркегімен бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақсылықты нәсіп еткен Раззақ жаратушыны естен шығармай, мерекенің кең көлемде аталып өтілуі тиіс.

Сахабалар Пайғамбарымыз саллаллаху әлейки саламның құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойғанын айтып кеткен.

Ендеше, жағдайы бар мүміндердің ардақты Пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіргені абзал һәм мол сауап емес пе?

Мүміндер амалымен жете алмайтын сауапқа ниетімен де жете алады дейді қасиетті кітаптарымыз. Мұсылманға «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» деген хадистер жеткен. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқтар: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» деген таза ниетте болса, Алла оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады екен.

«Құрбан айт күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды» деген Пайғамбарымыз саллалаху әлейки салам. Сол кезде бір кісі: «Уа, Алла елшісі, менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ. Сол малдан құрбандық шалсам бола ма?» деген. Пайғамбарымыз оған шашыңды, тырнағыңды қысқартып, су тимейтін жерлеріңді де жуып, тазалануың Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең деген жауап айтқан.

Демек, біз бұл күні таза болып, ниетімізді түзеп, бір-бірімізге қол ұшымызды созып, мүмкіндік болса, құрбандық шалудың рәсімдерін орындап, жарқын жүз, жылы жүрекпен ел ішінде болуымыз керек.

Себебі құрбан айт дүниеқұмарлықтан, сараңдықтан алыстатып, Алланы еске алып, шүкір етуімізді сұрайды. Шексіз жомарт Алла бізге бәрін берді, құлдары да  Ұлы Иеге қайтарым жасауға тиіс.

Расында, біздің бір-бірімізді сыйлап, жақсы көруіміз Алла ризашылығына бөлейді.

Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<