Жақсылық жасаудың құны

773

0

Біз қызықпыз. Бір жақсылық жасасақ, жар саламыз келіп.
Қай жылғы бір оқиға есіме түседі. Жұмыс кабинетіме бір жас жігіт келіп, айт күндері өз мекемесінің он адамға бес мың теңгеден ақша бергенін, соны газетте көрсету үшін бастығы жібергенін айтты.
– Сонда оның сауабы қайда қалды? – дедім мен. Әлгі жігіт ә дегенде менің не айтқанымды түсінбей қалды.
– Қанша төлеуім керек? – деді сосын.
– Садақа Алла разылығы үшін жасалуы керек. Ал, мақтан үшін болса, онда ол қабыл емес. Бастығыңа сәлем айт, егер газетке жазса, онда берген қайырымдылығы қайтпай қалады екен де.
Мен жігітке өз әлімше садақаның береке кілті екенін айтып, түсіндіргендей болдым.
– Өзім де ұялып келе жатыр едім, – деді ол. Содан кейін хабарласқан жоқ.
… Ертеде Абдулла бин Мубарак деген кісінің елінде қуаңшылық болыпты. Жерге дән өспейді, шөп шықпайды. Адамдар қанша құлшылық қылса да бір тамшы жаңбыр жаумайды.
Әхиббә деген бір құл бар еді. Абдулла сол құлдың бір үңгірге кіргенін көріп, бұл не істегелі жүр деп артынан барады. Барса, былай деп дұға қылып жатыр екен.
– Ғиззатыңа ант етемін, егер бізге жаңбыр жібермесең, басымды жерден ешқашан көтермеймін!
Құл сөйтіп сәждедегі басын көтермей қояды. Бірақ сәлден кейін-ақ жауын құйып береді. Абдулла Әхиббәны танымайтын. Сосын оның кім екенін білмек болып артынан ілесіп жүріпті. Ол шаһардағы құл сатушының ауласына кіреді, құл екені белгілі болады.
– Мен бір құл алғым келеді, – дейді Абдулла құл қожайынына жолығып. Ол осы елдің бай кісісін тани кетеді.
– Сізге мен ең жақсы құлымды берейін, – деп сосын құлдарын біртіндеп көрсете бастайды. Бірақ Абдулла олардың ешқайсысын алғысы келмейді. Соңында қожайын өзінің ең жаман деп есептейтін құлын алып шығады. Бұл бағанағы Әхиббә еді.
– Мен осы құлды алайын, – дейді Абдулла қуанып.
– Бұл ең нашар құлым еді. Аспаннан киіз жауса да ұлтараққа жарымайтын жалқау. Мұны ­жиырма динарға алғанмын, сіз он динарға ала беріңіз, – деп қожайын құлын арзанға сата салады. Абдулла Әхиббәны сатып алған соң бас бостандығын беріп, еркіне жібереді.
Дәл осы оқиғаға байланысты тілегін Алла қабыл етіп тұрса да, өзін құлдықтан құтқаруды сұрамаған, өте кішіпейіл құлды азат еткені үшін Абдулла бин Мубарактың дәрежесі биіктеп, Алланың сүйікті құлдарының қатарына қосылғаны жайлы хадистерде баян етілген.
Шын ниетпен адамдарға жасаған кішкентай жақсылығының сауабы құлды азат еткендей дейді діни ғұламалар.
Керемет емес пе? Біздің бейбіт­шіл дініміздің шын ниетпен жасалған кішкентай ғана жақсылығымызға қандай үлкен сауапты пара-пар қылып қойғанын қараңызшы!
Жақсылық жасауға асығайық, ағайын.
Әсіресе, ел көңілі алаңдаған осы бір шақтағы жылы сөз, жақсы тілек те бір-бірімізге жасаған жақсы­лы­ғымыздан кем түспесе керек. Мұны да дініміз айтқан.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<