Облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында 11 ит бар. Олар қылмысты анықтауға, із кесуге, есірткі мен жарылғыш заттарды іздестіруге, одорологиялық сәйкестендіруге қатысады. Барлығы күшік кезінен арнайы оқу-жаттығу курсынан өтіп, құқық бұзушыларды анықтауға бейімделген.
Төрт аяқты сақшылардың көмегімен жыл басынан бері 112 қылмыс әшкереленді. Олар – негізінен есірткімен байланысты, ұрлық және тағы басқа қылмыстар. Орталық қызметкерлері былтыр өздеріне бекітілген қызметтік іздестіру иттерімен ІІМ-нің Алматы қаласындағы кинологиялық оқу орталығында екі сала бойынша, яғни есірткі затын іздеу және адам иісі бойынша ізге түсу курсын аяқтады.
– Қызметтік иттер – адал серік қана емес, қылмысты ашу бағытында, жоғалған адамдарды іздеу және тыйым салынған заттарды анықтау сияқты маңызды міндеттерді атқаратын нағыз көмекшілер. Олар қылмысқа қарсы күресте сенімді және таптырмас көмекшіге айналды. Ең қиын жағдайда да тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қатаң жаттығулардан өтеді. Иттердің иісті ажырата білуі, жасырылған есірткіні, жарылғыш заттар мен қаруды анықтау, із кесу қабілеті қылмысты ашуда маңызды роль атқарады. Бүгінге дейін мыңнан астам жедел іс-шараға қатысып, таптырмас дос екенін дәлелдеді, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Тоқтыбаев.
«СБ» ақпарат