Айналайын, абайла!

470

0

Сурет ашық дереккөзден

Жаз мезгілінде суға түсу маусымы басталады. Осы орайда каникул уақытында балалардың суға түсу қауіпсіздігін сақтау мақсатында облыстық білім басқармасы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе мектептерде түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізуде.

Ж.Махамбетов ауылдық округінің №143 орта мектебі мен Наурыз мөлтек ауданындағы №268 мектеп-лицейінде өткен шарада облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқушыларға суға түсу ережелерін түсіндірді. Сырдария өзені бойында, каналдарда суға түсудің қауіпті екенін ескерткен мамандар балаларға белгіленбеген жерде суға түсуге болмайтынын баса айтты. Жыл басынан бері 11 адам суға кеткен, оның 4-і-жасөспірім.

Сала мамандары жазғы маусымда бассейндер мен қалалық “Сыр самалы” жағажайында ғана суға түсуге болатынын алға тартты. Себебі, онда құтқарушылар, медбикелер алғашқы көмек көрсетуге әзір.

Басқосуда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері құтқару күртешесін кию, құтқару шеңберін қолдану ережелерімен таныстырып, суға түсу қауіпсіздігі туралы бейнеролик көрсетті.

Бала қауіпсіздігі – басты назарда. Сондықтан су айдындарында абай болыңыздар!

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<