Құрылтай

Алаңдағы ақпараттық семинар

4

0

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы «Ақ барыс» шаруа қожалығының базасында «Аймақта ірі қара малын қарқынды бордақылау негізінде сиыр етін өндіру технологиялары» тақырыбында ақпараттық оқыту семинары өтті. Оған аймағымыздағы мал шаруашылығымен айналысатын тауарөндірушілер мен сала мамандары қатысты.

Тәжірибе алаңы ретінде аталған шаруашылық базасының таңдалуы кездейсоқтық емес. «Ақ барыс» бүгінде қарапайым мал бордақылау орнынан заманауи ет өндіру кешеніне айналған. Мұнда 7 мал бордақылау алаңы, заманауи мал сою және етті алғашқы өңдеу цехтары бар. Семинар кезінде кәсіпорын жетекшісі Ерболат Рсалиев қатысушыларға 18 жыл бұрын нарыққа қосылған шаруашылықтың жұмыс барысын таныстырды.

– Малды бордақылап сатамыз. Оған шамамен 3 ай уақыт керек. Ал жетпеген жағдайда халықтан қабылдаймыз. 20 гектар жерге жоңышқа еккенбіз, бірақ ол жетпейді. Сондықтан малдың жем-шөбін сатып алуға тура келеді. Күніне 3-4 тонна ет өнімін саудаға шығарамыз. Одан бөлек, мекемелердің тапсырысын орындаймыз. Ұжымда 50-ге жуық адам еңбек етіп жүр. Кәсіп аясын кеңейту жоспарымызда бар, – деді ол.

3,5 гектар аумақта мың бас мал бордақы­ланады, күніне 200 бас мал сою мүмкіндігі бар.

Жиында қатысушылар өндірістік жағдайда малды сою технологиясы, етті алғашқы өңдеу және жіліктеу тәртібі, еттің сапалық көр­сет­кіштерін анықтау, ішкі ағзаларды бөлу және өңдеу, ішек-қарынды тазалау және дайындау кезеңдері, мал өнімдерін санитарлық талаптарға сәйкес пайдалану тәсілімен танысты. Ал ветери­нария ғылымдарының кандидаты Серік Кенжебаев малды тиімді бордақылау, сапа­лы ет өндіру, азықтандыру жүйесін дұрыс ұйым­дастыру және ет бағытындағы мал шаруа­шылығын дамытуға қатысты ғылыми-практикалық ұсыныстарын бөлісті. Одан бөлек тұтынушыларға ет таңдау жөнінде кеңес берді.

– Сояр алдында малды бір күн ашықтырады, тек су береді. Содан кейін ветеринар дене қызуын өлшейді. Сау малдың қалыпты температурасы – 38 градус. Өкпе-бауыр, ішек-қарын, бүйрек, талақты малдың айнасы деуге болады. Малдың денсаулық жағдайын осыларға қарап біле аламыз. Мысалы, дені сау малдың талағынан ешқандай қан, сұйықтық бөлінбеуі керек. Өйткені оның қызметі – ішкі органдарды тазалау. Ауру немесе арам өлген малдың қолқасы бітеліп қалады я болмаса былжырап тұрады, – деді ғалым.

Мамандар малдың түріне, жас ерекшелігіне және қоңдылық деңгейіне қарай арнайы рацион қалыптастыру, азықтық өлшем тепе-теңдігін сақтау және жем-шөптің тиімділігін арттыру жолдарын түсіндірді.

– Ветеринарлық тексерудің алғашқы сатысында органолептика жүргіземіз. Бұл – өнімнің сапасын адамның сезім мүшелері, яғни көру, иіскеу, дәм сезу, сипап сезу, есту арқылы анықтау әдісі. Етті базарға немесе комбинатқа өткізер алдында зертхана мамандары оны ең бірінші осы әдіспен тексереді. Алдымен еттің кесіндісін сынамадан өткізу мақсатында қайнатамыз. Оның иісін сезіп, сорпасының дәмін татып көреміз. Ешқандай кемшілік анықталмаса, жарамды деген белгі қойылады. Ал қандай да бір күмән туындағанда аурудың бар-жоғын анықтау үшін биохимиялық анализ жүргіземіз, – дейді «Ақ барыс» шаруа қожалығының ветеринарлық сараптау зертханасының меңгерушісі Сәрсенкүл Аманова.

Мамандардың айтуынша, ғылыми негізделген азықтандыру жүйесі малдың тәуліктік салмақ қосу көрсеткішін арттырып, ет сапасын жақ­сартуға және өндірістің экономикалық тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Семинар соңында қатысушылар өндірістік тәжірибемен танысып, ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту, бордақылау тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»