Алматы облысында қайырымды жандар Екібастұзға 500 жылытқыш құрал жеткізді

146

0

Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен Екібастұзға гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкер және меценат Зия Талғатов қиын жағдайда қалған екібастұздықтарға қолдан келгенше көмек көрсетуге үлес қосатынын, шетте қалмайтынын атап өтті.

«Қазір 500 дана жылытқыш құрал тиелген жүк көлігі жолға шықты. Біздің компания қайырымдылық жұмыстарымен белсенді түрде жиі айналысады. Жыл сайын бюджетке халықты әлеуметтік қолдау үшін, оның ішінде мектеп, үй, мешіт салуға және елдің шалғай өңірлеріндегі балаларға сыйлық тарату мақсатында шамамен 30 миллион теңге бөлінеді. Ең қиын сағатта адамдардың бір-бірін қолдап, бір мүдде аясында біріге алуы тұтас елдің бірлігін арттырып, елдің ішкі рухының мықты болуына септігін тигізеді», – дейді Зия Талғатов.

Сондай-ақ, бизнесмен логистика және коммуникация мәселесінде Алматы облысының әкімдігі қолдау көрсеткенін атап өтті.

Бүгінде жылыту құралдары Екібастұз тұрғындарының өтініміне сәйкес таратылды.

Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мариям Маликова атап өткендей, аталған жылыту құралдары Бауыржан Момышұлы мен Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғындарына үлестірілген.