Алматыда артық майдан арылғысы келген 47 жастағы әйел отадан кейін көз жұмды

456

0

Фото: видео скриншот

Алматыда артық салмақтан арылу үшін липосакция жасатқан 47 жастағы әйел көз жұмды. Хирургиялық операциядан кейін Құралай Батырханованың жағдайы нашарлап, жекеменшік клиникада жан тапсырған. Марқұмның жақындары дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуынша, медициналық мекемедегілер отаның соңы өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертпеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

47 жастағы Құралай Батырханованың туыстарының айтуынша, марқұм әрдайым көңілді, ашық-жарқын мінезді болған. Ауру-сырқауды білмеген. Тек артық салмақтан арылып, салауатты өмір салтын ұстанғысы келіпті. Осылайша Алматыдағы атағы жер жаратын жекеменшік клиникаға жүгініп, ота арқылы денесіндегі майды алдыруды жөн санапты. Бұл үшін 2 миллион теңге де төлеп, 5 шілдеде ота жасатуға кеткен екен.

Әйел сол күні отадан кейін көз жұмған екен. 8 шілдеде туған күнін атап өткісі келген марқұм қуанышына бір тәулік жетпей жер қойнына тапсырылды. Артында 3 баласы қалды. 

Қара жамылған отбасы жекеменшік клиника ота жайында толық мәлімет бермеді, отадан кейін дұрыс күтім жасамады деп шағымдануда. Науқастың көз жұмғаны да бірден хабарланбады дейді.

Құралай Батырханның туыстары жекеменшік клиника қызметкерлерінің марқұмның денесін ескертусіз мәйітханаға салып жібергеніне наразы. Ал басы дауға қалған мекеменің бас дәрігері сүйекті мәйітханаға алып кеткенінен хабарсыз екенін айтты. Сондай-ақ өлімнің нақты себебі анықталмайынша оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартты.

«Моральдық жауапкершілік менің мойнымда. Өйткені отаны жасаған да, сенім ұялатқан да мен. Өкінішке қарай үмітті ақтамадым. Бұл жағдай маған да ауыр. Бұған дейін бізде адам өлімі болмаған. Науқасқа іш майын алып тастау отасы жасалған еді. Мен басымды алып қашпаймын. Өлімнің нақты себебі анықталсын. Әзірге бар айтарым осы», – деді «AMIRA» Пластикалық хирургия және косметология клиникасының бас дәрігері Данияр Урмузин.

Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Процессуалдық шешім өлімнің себеп-салдарын анықтау мақсатында тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққанда ғана белгілі болады. Марқұмның туыстары тергеудің әділ өтуін талап етіп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<