Қанат Ислам жарақат алды: Жекпе-жек өтпейтін болды

233

0

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам кезекті айқасына дайындық кезінде аяғынан жарақат алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы боксшы ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында мәлім етті.

«АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиындары кезінде аяғымнан жарақат алып қалдым. Негізі, кезекті кездесуім 23 маусым күні өтуі тиіс еді. Қарсыласым да белгілі болған. Өкінішке қарай бұл жекпе-жекті жанкүйерлерім көре алмайтын болды. Енді, толық жарақатымнан айығып алғаннан кейін рингке қайта ораламын. Бұйырса, екі ай көлемінде сауығып кетермін. Жанашыр жанкүйерлерім менің жекпе-жегімді асыға күтіп жүргенін жақсы білемін», – деді Қанат Ислам.
Естеріңізге сала кетейік, 23 маусым күні Қанат Ислам 27 жастағы мексикалық Фернандо Каркамомен (23-8, 18 КО) шаршы алаңға шығуы тиіс болатын. Жекпе-жек Лос-Анджелестегі (АҚШ, Калифорния штаты) Belasco Theatre ойын-сауық кешенінде өтеді және ол он раундқа созылады деп жоспарланған.
Енді Қанат Исламның жарақат алуына байланысты бұл жекпе-жек өтпейтін болды.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<