Қызылорда облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында Сыр өңірінен Маңғыстауға жаңа әуе бағыты ашылды.
Қорқыт ата атындағы халықаралық Қызылорда әуежайынан хабарлағандай, SCAT әуе компаниясы 20 маусымнан бастап Ақтау – Қызылорда – Ақтау бағыты бойынша тұрақты әуе рейсін іске қосады.
Рейсті Boeing әуе кемесі орындайды. Ұшақ аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері қатынайды. Кестеге сәйкес ұшақ Қызылорда әуежайына сағат 16:00-де қонып, 17:00-де Ақтауға қайтадан аттанады, – делінген хабарламада.
Әуе байланысы екі облыстың арасындағы жолды қысқартуға, туристік және іскерлік қарым-қатынасты жандандыруға бағытталған.
Ал ертең, яғни 12 маусымнан бастап Астана — Қызылорда — Астана және Астана — Шымкент — Астана бағыттары бойынша әуе рейстері белгіленген кестеге сәйкес жұмысын қайта бастайды.






