АҚЫН КЕШІ ӨТТІ

467

0

Бүгін Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында белгілі ақын, әріптесіміз, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ҚР ақпарат саласының үздігі Дүйсенбек Аяшұлының 60 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті. «Өлең жырдың жүйрігі» атты рухани кеште облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, ақынның мерейлі жасына лебізін білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқып, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Театрланған көріністен кейін кеш тізгінін қолына алған ақын Толқын Қабылша келген қонақтарға өз оқырманының жан дүниесін толқытқан ақынның әсерлі өлеңдері жайлы айта келіп, замандастарына сөз берді.
Театрға жиналған зиялы қауым арасынан Алматыдан арнайы келген жерлесіміз, жазушы-драматург Жолтай Әлмаш пен жырау, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов ақын жайлы естелік-тілегін жеткізсе, ақын, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлығының лауреаты Толыбай Абылаев өз ыстық ықыласын өлеңмен білдірді.
Шарада Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын белгілі ақын Қаршыға Есімсейітова табыс етсе, Қорқыт ата университетінің гуманитарлық-педагогикалық институт директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман ректордың құттықтау хатын оқып, университеттің Алтын төс белгісін кеудесіне тақты.
«Қызылорданың Қадыры» атанған Дүйсенбек Аяшұлының осы кеште «Жұлдызым жоғары» атты жап-жаңа кітабының тұсауы кесіліп, өлеңқұмар оқырманға жол тартты. Сондай-ақ сахнадағы экранда ақынның «Дарияның өткелінде» өлеңіне қойылған, балалық шағын бейнелейтін көрсетілім көрсетіліп, жас ақындар Дүйсенбек Аяшұлының өлеңдерін жарыса оқыды. Кешке арнайы Нұр-сұлтан қаласынан келген, Сырда туып, барша қазақтың мақтанышына айналған өнерлі қызы Елмұра Жаңабергенова ақын жайлы өткен естеліктерімен бөлісіп, ән шырқады. «Бір өлең жазғым келеді» атты өлеңіне жастар театры өнерпаздарының контрастивті қойылымы қойылып, сондай-ақ ақын сөзіне жазылған көптеген әндер сахнада орындалды.
Кеш соңында мерейтой иесі Дүйсенбек Аяшұлы сөз алып, келген қонақтар мен оқырмандарына шынайы алғысын білдірді.
Кеш соңы ақын сөзіне жазылған Алтын Бекенованың әні «Нұр-Астана» әнімен аяқталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<