Аралда мектеп базасы жаңғыртылды

722

0

Жыл бастауы қарсаңында Аралдағы білім саласы қуанышты жаңалықпен басталды. Арал ауданындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейі «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры арқылы 250 млн. теңге қаржы бөлініп, білім ұясының базасы толықтай жаңғыртылды.

Атап айтар болсақ, мектептегі 33 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары, STEM-лабораториялар, арт-студия мен интеллектум-кабинет ашылып, акт залы мен кітапхана заманауи техникамен жарықтандырылды. Бұдан бөлек аудандағы осы лицейде мектеп телестудиясы да жасақталады. Бұл келешекте мектеп тәжірибесін аудандағы шағын комплектілі мектептерге көрсету мүмкіндігін береді.

Айта кетейік, мұндай бағдарлама жеңімпазы атанған әр облыстан бір мектептен болса, оның бірі алғаш болып Арал ауданында жүзеге асуда.

Кездесуде аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудандағы білім беру сапасының жылдан жылға артып келе жатқандығын айтып, оқушылар жан-жақты білім алу үшін материалдық-техникалық базаларды нығайту бойынша қажетті шаралар жасалынып жатқандығын жеткізді.

Арал ауданындағы білім саласы деңгейі артып келеді. Мәселен, былтыр аудандағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 532 оқушының 410-ы жоғарғы оқу орнының, 6-ы облыс әкімінің грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылғымен салыстырғанда 8 пайызға артып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<