Аралдықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

655

0

Тарих тағылымы! Жүректен өшпейтін із!

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Солақай саясаттың сызын тартқан қаншама боздақ өмірімен қоштасты. Балалар жетім, әйелдер жесір қалды. Алаштың ардақтылары жазықсыз жапа шегіп, көршілес елге жер аударылды.

Бүгін Арал аудан орталығында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ашаршылықтың ащы шындығы» атты митинг өтті.

Қаралы жылдардың құрбандарын еске алу мемориалында өткен шараға аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов, аудан ардагерлері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және аудандық мекемелер мен ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Шара қазақ басына қасірет әкелген сонау нәубетті жылдардағы азапты бейнелейтін театрландырылған көрініспен бастау алды. Мұнан соң, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған, елі үшін өлімнен қорықпай білек сыбана еңбек еткен арыстарымыздың рухына арнап құран бағышталды.

Еске алу кешінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов: «Өздеріңізге мәлім, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. Біз өкінішпен еске алатын ата-бабаларымыз, халқына жанашыр болған азаматтар сол бір кезеңнің қатал тоталитарлық саяси режимінің құрбанына айналды. Кез келген ұлт өзінің тарихынан тағылым алып, өткенін ұмытпайтыны анық. Сол себепті ұлтымыздың қаралы да қасіретті тарихын ұрпақтарымызға жеткізу, мән-маңызын ұғындыру – біздің басты міндетіміздің бірі», – деп айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.

Сол бір зұлматты жылдарды ел жадында қайта жаңғыртқан шараға жиналғандар қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-тақтасына гүл шоқтарын қойып тарқасты.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<