Ата-аналар конференциясы: ұрпақ тәрбиесінің үздік моделі таратылды

648

0

Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектебінде өткен «Ата-ана және ұрпақ тәрбиесі» атты алғашқы тәжірибе алмасу конференциясында ата-аналар ұрпақ тәрбиесіндегі тың идеялармен қаруланды.

– Зерттеулерге сүйенсек, әлемде жоғары оқу орындарына түскен 10 студенттің тек 6-ы ғана университетті бітіреді, тек үшеуі мамандық бойынша жұмыс істейді екен. Бұл статистика көп үміткерлердің мамандық таңдауда қателескендігін көрсетеді. Ата-аналар балаларға мамандық таңдауға көмектесу, оған бағыт-бағдар беріп, арманына қанат бітіруі міндетті. Баланың өзі қызығатын салаға баруға мүмкіндік беруі қажет, – деп санайды спикер Мұрат Айтимов.

Бұдан бөлек конференцияда ата-аналар «Отбасы – адамгершілік құндылықтар ұғымының құрылымы», «Балам ақылды болсын десеңіз…», «Біздің отбасымыздың құндылықтары», «Адамның бақыты – балада» тақырыбында өз таныстырылымдарын жасады. Зияткерлік мектепте үш баласы бірдей білім алып жатқан Ембергеновтар әулеті өз отбасының лайфхактарымен бөлісіп, баланы тәрбиелеудегі қиындықтар мен оны шешу жолдарын ұсынды. Ал мектептің педагог-психологі Талғат Айтбай тәрбие берудің стилі мен оның әсер ету тұстары бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынып, эмоционалды интеллектіні дамытудың маңыздылығына тоқталса, дәрігер Жанат Наренова отбасында салауатты әдеттер қалыптастыру бағытында кеңестер берді.

– Мектеп-оқушы және ата-ана арасындағы байланысты нығайтуда ауқымды жоспарымыз бар. Соның бірі ата-аналар ассоциациясының онлайн платформасын құру. Бұл алаңда ата-аналар тәрбие берудің үздік тәжірибелерімен бөлісіп, құзыреттіліктерін арттыра алады. Конференция жұмысының нәтижесі де сол платформаға орналастырылып, көпшілік үшін пайдалануға мүмкіндік болады, – дейді мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<