Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ел ағалары, Қазалы ауданының Құрметті азаматтары Дүйсен Малкайдар Дүйсенұлы мен Жалғасбай Жаппарберген Жақсығұлұлын 75 жасқа толу мерейтойларымен құттықтап, елге жасаған адал еңбекті бағалаудың маңызын атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын. Қазалы ауданында адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған, елдің қошеметіне бөленген азаматтарды ардақтауды дәстүрге айналдырдық.
Бүгінгі ресми жиынымыз өнегелі істердің ұйытқысы болған, жұртшылыққа етене таныс Малкайдар Дүйсенұлы мен Жаппарберген Жақсығұлұлы ағаларымыздың 75 жасқа толған мерейтойына арналады. Сіздердің жылдар бойы туған өлкенің игілігі жолында атқарған еңбектеріңіз, адал қызметтеріңіз шынайы құрметке лайық. Аудан жұртшылығы өңірдің дамуына зор үлес қосқан Өздеріңіздей жерлестерімен мақтанады. Тілеулес, ақадал ниетті азаматтардың атынан бүгінгі мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!», – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Жиында аудан әкімі мерейтой иелеріне облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Руслан Рүстемовтың және ел ағаларының «Құттықтауы», сонымен қатар, Қазалы ауданының ең жоғары марапаты – Қазалы ауданының «Құрмет» грамотасын табыстады. Ел ағалары мен бірге олардың жұбайлары Бақытжамал Ілиясқызы мен Кенжегүл Пірмағанбетқызына да арнайы сый-құрмет жасады.
Жиында Қызылорда облысының құрметті азаматы, І-ІІІ дәрежелі Барыс, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Нұрман Талқанбаев, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Асылбек Тоғызбаев, ел ағасы Махамбет Оңдасын сыоды азаматтар сөз сөйлеп, мерейтой иелеріне ізгі тілектерін білдірді.





