Балаларға абай болайық

41

0

Жаздың ыстық күнінде көпшілік табиғатта, өзен, көл жағасында демалуды ұнатады. Әрине, таза ауада демалу денсаулыққа орасан зор пайдасын тигізеді. Бірақ су қауіпті болуы мүмкін. Балалар кейде қауіп-қатерді байқамай, ережелерді сақтамастан суға түсіп жатады. Сондықтан демалыс орнына бармас бұрын балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп және оларды қадағалау маңызды.

Мамандардың сөзінше, балалар мен ересек адамдар арнайы рұқсат етілген су айдындарында ғана шомылуға тиіс. Ал бақыланбаған, шомы­луға болмайтын жерлерде суға түсуге, сүңгуге болмайды.

– Қызылорда қаласы бойынша 16 қауіпті учаске бар. Сол  жерлерде суға түсуге болмайды. Ал шомылуға болатын екі жер бар. Олар – жағажайлар, яғни «Эделвейс» және «Сыр тол­қыны». Ал қалған каналдар мен көлдерге, су айдындарына түсуге болмайды. Себебі ол тұстар тексерілмеген, тереңдігі белгісіз, астындағы қауіпті заттар жайлы ақпарат жоқ, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Елдар Талғатұлы.

Оның айтуынша, балалар шомылу үшін тү­бі тексерілген, құтқарушы қызметкерлері бар, жаб­дықталған жағажайларды ғана таңдауы қа­жет. Сосын сапалы құтқару жилеттерін пай­да­лану керек.

Тексерілмеген жағажайларда түрлі инфек­циялар болуы мүмкін. Әрбір ата-ана бала өмі­­ріне жауапты болғандықтан, шомылу ере­же­лерін дұрыстап түсіндіру міндеттеледі.

– 18 жасқа толмаған балаға заңды өкілі ре­тінде ата-анасы жауап береді. Егер балалардың рұқсат етілмеген жерге суға түскені анықталса, заңды өкіліне әкімшілік шара көріледі. Қараусыз қалдырғаны, су айдындарында қауіпсіздік қа­ғидаларын бұзғаны немесе орындамағаны анық­талса, айыппұл салынады, – дейді Елдар Тал­ғат­ұлы.

Суға түсу маусымында қауіпсіздікке ерек­ше көңіл бөлген жөн. Балаларды қараусыз қал­дырмай, әрдайым бақылауда ұстауымыз керек. Ереже сақтамау қайғылы жағдайлар мен түрлі ауруларға шалдығуға әкеп соғатынын есте сақтаған дұрыс.

Дінмұхамед КӘКІМЖАНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті