Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстандағы мектептерде ТЖБ мен БЖБ-ны алып тастау жоспарлары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, бастауыш сыныптарда жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау өткізуді тоқтату мәселесі қарастырылып жатыр.
«Қазір ТЖБ мен БЖБ тапсырмаларының сатылып жатқан фактілері анықталып жатыр. Мәселеге құқықтық баға берілуі тиіс. Сонымен қатар критериалды бағалау жүйесін енгізген көптеген дамыған елдерде бастауыш сыныптарда мұндай бағалаулар мүлде қолданылмаған. Сондықтан қазіргі кезеңде оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда критериалды бағалауды алып тастау мәселесін талқылап жатыр», – деді министр.
Министр Қазақстан мектептерінде критериалды бағалау жүйесін енгізудің тиімділігін тексеру министрліктің құзыретіне жатпайтынын айтты.
«Қазір біз 2016 жылдан бастап енгізілген стандарттар мен критериалды бағалау жүйесі өз мақсатына толық жете алмағанын көріп отырмыз. Ата-аналар мен мұғалімдер қауымдастығы тарапынан бұл бағалау жүйесін ұйымдастыру мен жүзеге асыруға қатысты көптеген теріс пікірлер бар», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, мәселе қазір жан-жақты талданып жатыр және түпкілікті шешім кейінірек жарияланады.
Сонымен бірге министр дәстүрлі бес балдық бағалау жүйесінің де ескіргенін атап өтті. Сондықтан алдағы уақытта оқушылардың білімін бағалаудың жаңа әрі тиімді тәсілдері қарастырылуы мүмкін.






