Батальондағы Индира: қырағы қызмет, қайсар мінез

7

0

Фото: Qyzylorda PD

Полиция қызмет инспекторы Индира Сейдахметова он екі жылдан бері Қызылорда қаласындағы қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін реттеуге өлшеусіз үлес қосып келеді.

Әдетте жол сақшысы жайлы сөз қозғағанда ер-азаматтарды ғана елестетеміз. Алайда қызылордалық тәртіп сақшысы, полиция капитаны Индира Жұмабайқызы бұл қасаң қағиданы бұзған жан. Ол жылдар бойы қарлы, желді, бұрқасынды ауа-райына, жұмыс режиміне және түрлі тосын жағдайларға қарамастан, өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Көктемнің шуақты мерекесінде дәл осы аяулы жанмен оқырманды таныстыруды жөн көрдік.

Индира Сейдахметова – Қызылорда қаласы полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімі Патрульдік полиция батальонының полиция қызмет инспекторы. Оның негізгі міндетіне автомобиль жолдарының жай-күйіне, бағдаршам, жол белгілерінің жарамдылығына, көлік ағынына бақылау жүргізу жатады. Сонымен бірге жол қозғалысы қауіпсіздігіне кедергі туғызатын жұмыстарды да назардан тыс қалдырмайды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзіне бекітілген және оларға іргелес аумақтағы жол қауіпсіздігіне әрдайым қырағылық танытады. Жұмысына жауапты жан сол маңдағы мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне де басымдық береді. Оқушылар сабақтан шығатын уақытта күн сайын түскі сағат 12:30-14:00, кешкі сағат 17:30 -19:00 аралығында жаяу жүргіншілер жолағының жанында тұрып, олардың жолдан аман-есен, кедергісіз өтуін қадағалайды. Одан қала берді, жолда түрлі жағдайға тап болып, көмек сұрағандарға да жәрдемдеседі.

– Қызылода қаласы Белкөл кенті тұсында автокөлікке бағыт-бағдар беріліп, әкімшілік хаттама жазу барысында өз қызметтік міндетімды атқарып тұрдым. Сол жолдың бойында қарама-қарсы бетте бір жеңіл автокөліктің тоқтап тұрғанын және көліктегі адамның қол бұлғап шақырып жатқанын байқадым. Жақындап барсам, жүргізуші азаматша ауырып келе жатқанын айтып, көмек сұрады. Бірден сол арада алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем автокөлігіне отырғызып жібердім. Өзі мініп келген автокөлігін жақын адамдарына тапсырдым. Азаматша өз-өзіне келген соң, маған хабарласып, алғысын білдірді, – дейді Индира Жұмабайқызы.

Индира бос уақытында спортпен айналысады. Жүзу спортына деген қызығушылығы жоғары. Апта сайын тұрақты түрде өз дағдысын жетілдіріп, ойын да, бойын да сергіткенді ұнатады.

Батальондағы жалғыз қыз бұл қызмет бағытындағы жұмысын 2013 жылдың мамыр айынан бастаған. Содан бері түрлі қызмет өткелдерінен өтіп, тәжірибе жинақтаған. Он жылдан аса уақыттағы еңбегі басшылық тарапынан да оң бағаланып, марапатқа да қол жеткізген. Атап айтсақ, Қызылорда облысы полиция департаменті, Қызылорда облысы әкімдігі және Қызылорда қаласы полиция басқармасының алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.

Көп ару жұмыстың ауырлығынан жүрексінетін бағытта қызмет ететін Индира – Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы ауылының тумасы. Жоғары білімді. «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған. Алғашқы мамандығы да бүгін өзі қызмет жұмыс істейтін саламен сабақтас.

Индира қызметтік міндетін атқару барысында үнемі сыртта жүргенімен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде демалады. Себебі батальондағы жігіттер ортадағы жалғыз қызға құрмет көрсетіп, оның мерекені ойдағыдай атап өтуіне жағдай жасайды. «Ерлермен иық тіресе жұмыс істейді» деген сөзді саладағы қыз-келіншектерге жиі қолданғанымызбен, олардың айналасында өздері секілді нәзік жандылар кездеседі. Ал Индира жігіттердің ортасында нағыз ерлерге тән қызметтің қиындығын еңсеріп жүрген батыл қыз. Оның шыдамдылығы, төзімділігі, шешім қабылдаудағы бірсөзділігі, іске тиянақтылығы қазақ қыздарының қай іске кіріссе де, сыр алдырмайтын сабаздығын көрсетеді.

Гауһарай ЕСІМОВА